Металлургтерг күніне орай қызметкерлерге пәтер кілттері табыс етілді

Металлургтер күні Eurasian Resources Group-тің төрт кәсіпорны  – «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ Краснооктябрь боксит кен басқармасы, «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкерлері баспаналы болды. Бұл тосын сый – ERG-дің тұрғын үй бағдарламасын сәтті іске асырудың жемісі.

Кәсіби мерекелерін атап өтер күні ERG-дің жалпы саны 56 қызметкері (оның 30-ы ҚЭЗ, 12-і ССКӨБ, 11-і Ақсу ферроқорытпа зауыты, 3-і КБКБ қызметкерлері) баспаналы болды. Олардың басым бөлігі – өндірісте жоғары нәтижелерге қол жеткізген еңбек озаттары, негізгі және жоғары сұранысқа ие мамандықты меңгергендер, жас мамандар (35-ке толмаған) мен көпбалалылар.

Павлодар, Рудный, Ақсу мен Лисаковск қалаларындағы бұл үйлер көлік тораптарына жақын орналасқан әрі олардың инфрақұрылымы дамыған. Жайлы өмірге қажеттің бәрі – мектеп, балабақша мен емхана, сауда орталықтарына жақын салынған.

Металлургтер күніне орайластырылған салтанатты шарада оларға пәтер кілттерін кәсіпорындардың бірінші басшылары мен Отбасы банкінің аймақтық филиалдарының жетекшілері табыс етті.

Бағлан Шабиденованың Қазақстан электролиз зауытында еңбек етіп жүргеніне 14 жылдан асты. Бастапқыда өндірістік жайларды тазалаушы болып жұмысқа тұрды. Кейін краншы, шаң мен газ қармаушы қондырғылардың операторы болып еңбек еткен. Қазір таразыда өлшеуші. Осынша жылдан соң барып, ол тұрғын үй бағдарламасына қатысып көруге бел байлапты. Енді, ертерек қатысуым керек еді деп отыр:

– Мен тиісті құжаттарды толық тапсырып, кейін оны ұмытып кетіппін. Бастығым «1 бөлмелі пәтер сатып аласың» дегенде көңілдегі толқынысты тоқтата алмадым. Бір жылап, бір күліп, қатты толқыдым. Өйткені, бүгінге дейін әпкемнің үйінде тұрдым. Оның да балалары ер жетіп қалды. Осылай қысылып жүргенде қуанышты хабар алып жатырмын. Оның үстіне пәтер қаланың ортасында, 4 қабатта. Құдай сәтін салды деген осы!

Асан Тұтқиев 2009 жылдан бері – алюминий өндірісіндегі автоматтандарылған процестің операторы. Басында жаңа кәсіпорын, жаңа жабдықтарды жолға қою оңай болмағанын айтты. Бәрін үйреніп, меңгеру оңай болмапты. Әріптестері қолдап, еңбек өтілімен бірге біліктілік санаты, соған сай еңбекақысы ұлғая берген. Еселі еңбегінің арқасында былтыр кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің алғыс грамотасын алды. Биыл 4 бөлмелі пәтердің кілті қолына тиді.

– Жалдамалы пәтерлерді жағалап жүргенімізге көп болды. Оңай емес. Зауыт басшылығы еңбегімді ескеріп, кең пәтердің кілтін тапсырды. Енді оны ERG-дің тұрғын үй бағдарламасымен сатып аламыз. Бұл біздің көп жылғы арманымыз еді. Енді қуана жүріп жөндеу жұмыстарын бастап, балалар өз бөлмелерін ыңғайлайды. Осындай тосын сый үшін басшылыққа шексіз алғыс айтамын,- деді Асан Тұтқиев.

«ССКӨБ» АҚ өнеркәсіп кешеніндегі шекемтастар өндіру цехының күйдіру учаскесіндегі жөндеуші-слесарь Арнұр Нұғман да енді қоныс тойына қамданатынын айтты:

– Бүгін бізде үлкен қуаныш. Біз Рудныйға кезінде Өзбекстаннан қоныс аударған болатынбыз. Бұған өкінген жеріміз жоқ. Жұмысым жақсы, еңбекақым тұрақты. Енді міне 3 бөлмелі пәтер алып жатырмыз. ССКӨБ-те еңбек етіп келе жатқаныма 11 жылдан асты. Бәріміз, әсіресе 6 жасар ұлымыз қоныс тойын қатты күтіп жүр. Ол биыл мектепке барады. 4 жасар қызыма да балалар бөлмесін жасап беріп, қуантамыз.

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының №6 балқыту цехындағы электромонтер Рамазан Макшаров та бүгін үйлі болды.

– Мен колледжді тәмамдай сала, 19 жасымда осы Ақсу ферроқорытпа зауытына жұмысқа тұрдым. Мұндағы тәжірибелі тәлімгерлерім мамандықты толық меңгеріп, осы ортағы сіңісіп кетуіме барынша септесті,- деді Рамазан. – Оның үстіне зауытта жастардың жұмысқа бейімделуіне барынша жағдай жасалған. Волонтерлер қатарына қосылып, спорт үйірмелерін барып, Жастар кеңесінің қатарына қабылдандым. «ERG-дің тұрғын үй бағдарламасы аясында сатып алатын үйдің кілтін тапсырады» дегенде алдымен таң қалдым. Сосын қатты қуандым. Ісіңе жауыпты, алдыңа қойған мақсаттарың бар болса, мұнда жас мамандарды бағалап, барынша қолдайды деп нық сеніммен айта аламын.

ERG-дің Отбасы банкімен бірлесіп іске асырып жатқан тұрғын үй бағдарламасы Топ кәсіпорындары қызметкерлерінің жалдамалы-жинақтау механизмі арқылы бастапқы жарнасыз үйлі болуына жол ашты. Оның үстіне Тұрғын үй бағдарламасы – компанияның әлеуметтік жобасы болғандықтан қызметкерлерге арналған пәтер құны нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Міне, осындай ерекше жағдай жасалып отыр.

Бүгін пәтер кілтін алған қызметкерлер алдағы 5-8 жыл пәтерді айына 1000 теңге жалдау ақысын төлеп, Отбасы банкіндегі өз депозиттерінде пәтер құнының 50%-н жинақтаулары керек. Осы шарт орындалған кезде Отбасы банк пәтер құнының қалған 50%-н жылына 5% үстемемен тұрғын үй займы ретінде береді. Кейін үстеме 3,5%-ға дейін төмендейді.

– Қызметкерлерге қамқорлық – біздің бизнесіміздің ажырамас бөлігі. Біз адамдардың әл-ауқатын, қауіпсіздігін артыра түсуге талпынамыз. Жайлы тұрғын үй кез келген адамның өмір сапасының маңызды факторы,- деді Еуразиялық Топтың Бас директоры Серік Шахажанов. – Сондықтан, ERG ұзақ жылдар бойы жеке тұрғын үй бағдарламасын іске асырып, үй салып, қызметкерлердің пәтер алуына тиімді шарттар ұсынып келеді. Біздің қызметкерлеріміз – біздің ең негізгі құндылығымыз. Қызметкерлеріміздің аман-сау, бақытты әрі ынталы, компанияның оларда ерекше бағалайтынын сезінгенін қалаймыз.

– Жұмыс беруші тарапынан біз көріп отырған осындай қолдау қызметкерлердің өз үйлеріне қол жеткізуіне барынша септеседі,- деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов. – Біз ERG кәсіпорындарымен серіктестікті қуана қабыл алып, қызметкерлерге үй алудың тиімді шарттарын ұсынып отырмыз. Осындай сенімді серіктестіктің нәтижесінде еуразиялықтар қатарынан 650 отбасы баспаналы болды. Отбасы банкі атынан ERG ұжымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, әр үйге бақ пен береке тілейміз!