Қазақтың классикалық музыкасында – ТҰҢҒЫШ КВИНТЕТ
«Музыка адам жанын жарқындатып, жалындатуы тиіс». Немістің ұлы композиторы Бетховен айтып кеткендей, шын мәнінде музыканың құдіреті шексіз бе? Шын мәнінде сөзсіз-ақ, іс-қимылсыз-ақ, жеті нотадан шыққан әуезбен жүректің кілтін табуға бола ма? Көңіл көгершінін еркін самғатуға бола ма? Болғанда қандай!
Ал ойыңызда сәл күмән болса, наурыздың 20-сы күні Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясын бетке алыңыз. Бұл күні сізді қазақ өнерінде ешқашан болмаған тың жаңалық күтіп тұр.
Филармония ішінен тұңғыш рет Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті құрылып, дәл осы күні беташар концерті өтеді. Концерттің аты да ерекше — «БасТау». Небір өткел бермес асау өзен, дария көлдер бұлақтан басталғаны іспетті, бұл өнер ұжымы да тұсаукесер концертін жақсы ниетпен ырымдап қойып отыр. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, демеуімен желкенін керіп, жолға шыққан квинтет қазақтың классикалық музыкасына жаңаша леп сыйламақ. Ұжым Бауыржан Жылқыбаев, Ақбар Қиарыстан, Ұланбек Ахметов, Асан Нарбота, Зәуре Нарбота сынды талантты гитаристерден құралған.
Өзін қоңыр даламен үндес деп білетін, қос ішекті домбырасын жанынан тастамайтын қазақтың классикалық музыкадан үлесі жоқ емес. Оған кешегі ғасырдың майталманы саналатын М.Төлебаев бастаған композиторлардың еңбегін айтсақ жеткілікті. Классиканың тұғырына ту тігіп, тығырықтан шығарған Төлебаевтан кейін өзіндік соқпағын тауып, бүгінде даңғыл жолға айналған қазақ классикасы жылдан-жылға бас-аяғын жинап, шынайы өрісін тауып келеді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде сахнасында халық музыкасынан бастап үлкен симфониялық формаларға дейін әр түрлі жанрдың басын қосып, классикалық өнердің інжу-маржанын жасақтап келе жатқан филармония еңбегін айтуымызға болады. Келер жылы құрылғанына 90 жыл толатын қара шаңырақ репертуарын жаңартып, толықтырып, артистерінің кәсіби шеберліктерін шыңдауда үлкен жұмыстар атқарып, еліміздің музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді және бұл еңбек жалғаса да бермек. Ұдайы өсу мен өркендеу жолында келе жатқан өнер ұясы заманның талабы мен талғамын да ескеріп отырады. Жаңашылдықтан қорықпай, кәсіби гитаристер квинтетімен толығып жатқаны – филармонияның жаңа деңгейге көтерілгені екені ақиқат. «Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет. Сондықтан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі — мәдениет қызметкерлерін қолдау»,- деген ел Президенті Қ.Кемелұлы айтқандай, бұл тарихи іс-шара ел руханиятының жаңа деңгейге көтерілуіне зор серпін берері анық.
Қазір ескінің тозып, жаңаның өніп келе жатқанын бейнелейтін заман болып барады. Яғни әлемдегі жаһандану мәселесі қазақты да айналып өтпейді. Барлық ғылым саласын бір шарпып өтетін бұл ұғым мәдениеттің де дамуына әсер етіп жатыр. Бұл кезеңдегі мәдени қозғалыстың ерекшелігі – осы салаға деген қызыушылығы бар шығармашыл жастардың белсенділігінің артуы дер едім. Жаңа буын өмірді боямалап, бір жақты көрсетуден бас тартып, заманның ағымына сай әуендермен танытуға тырысуда. Сондықтан түрлі бағыттардың басталуына және дамуына үрке қараудың, байбалам салудың қажеті жоқ. Бұл квинтеттің өмірге келуі де осы мүддеден дер едім, — дейді квинтеттің көркемдік жетекшісі Бауыржан Жылқыбаев.
Қазақ әуезінің гармониясы домбыра-қобыз бұрауынан шығатындықтан алты ішекті шертпелі музыкалық аспап — гитара үнінің қазақы мақамға иілгені ХХ ғасырдың ортан белінен дейді білетіндер. Оны алғашқылардың бірі болып қазақы мәнерде құйқылжытқан Қорабай Есенов «қазақ гитарасының атасы» деп танылатыны тағы бар. Қалай десек те испанның темір ішекті аспабының осыдан былай қазақ өнерінде қалғаны қалған. Тақ-тұқ еткен жаттанды дыңғыр емес, кәсіби мамандардан құралған квинтет сол сазды қайтара түлетпек.
«Асаудай толқыған жүректеріңіз» жанына жақын әуеннен сая тапсын десеңіз, ғажап та тылсым кештен құр қалмаңыз. Сіз келіңіз, гитара сөйлесін.
Меруерт Мәулетқызы