Қазақстанда суретші Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының LOOK Gallery атты онлайн-мұрағаты ашылды

Онлайн-мұрағат аясында көркем сурет, графикалық еңбек, этюд жұмыстары, суретшінің жеке фотосуреттері, видео-арт, сонымен қатар энвайронмент, инсталляция, перформанс фотосуреттері, іскери хаттар, Хальфиннің шығармашылығы туралы көпке белгісіз мақалалар мен оның осыған дейін жарияланбаған мәтіндері секілді 900ден астам жұмыс цифрландырылды. Мұрағат заманауи өнер саласындағы кәсіби мамандарға, сондай-ақ жас суретшілерге, осы бағытта білім алып жүрген студенттерге және жалпы оқырманға арналған. Онлайн-мұрағат – Рустам Хальфин шығармашылығы қорының мәліметтерді жинау, жүйелеу және цифрландыру бойынша екі жыл бойы жүргізген жұмысының нәтижесі. Мұрағат Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің қалыптасуына және дамуына қатысты процестерді ескере отырып, суретшінің мұрасын зерделеуге мүмкіндік береді. Материалдардың басым көпшілігі 80-жылдар мен 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жоба жұмысы ары қарай жалғаспақ: бұл ретте 3000 шамасындағы ақпарат жинақталады және кезең-кезеңімен цифрландырылады. Онлайн-мұрағат Рустам Хальфиннің LOOK Gallery атты галереясының құрметіне аталды. Бұл галереяны суретші 1999 ашқан болатын. Онда Хальфин инсталляцияларын, жобаларын, перформанстарын жүзеге асырды. Мұрағат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып отыр.

Рустам Хальфин (1949-2008) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің басты тұлғасы. Зерттеуші және суретші ретінде Рустам Хальфин Қазақстанның қазіргі арт-қауымдастығының қалыптасып, өркендеуіне үлкен ықпал етті, жекелей алғанда, суретшінің шығармашылығы туралы мақалалар жарияланды, каталогтар жарық көрді, оның жұмыстары отандық және халықаралық көрмелерде, мәселен, 2005 жылы 51-ші Венеция биенналесіндегі Орталық Азия павильонында ел назарына ұсынылды. Суретшінің еңбектері нонконформистік өнердің Зиммерли музейі (Нью-Брансуик, АҚШ), M HKA заманауи өнер музейі (Антверпен, Бельгия), Мемлекеттік Третьяков галереясы (Мәскеу, Ресей), Шығыстың Мемлекеттік музейі топтамасы (Мәскеу, Ресей), Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі (Алматы, Қазақстан), ҚР Ұлттық музейі (Астана, Қазақстан) секілді танымал орындарда, сонымен қатар жеке коллекцияларда сақталған.

Өз шығармашылығында суретші көшпенділерге тән қасиеттерді зерттеп, Қазақстанның мәдени өткеніне қатысты жеке пайымын қалыптастырды. Мамандығы сәулетші бола тұра ол өз бетінше көркем сурет техникасын игеріп, Владимир Стерлиговтың көркем сурет-пластика мектебінен өтті.

Казимир Малевичтің соңғы оқушысы саналатын суретші-философ Владимир Стерлигов тостаған-күмбез теориясын әзірлеген болатын. Бұл теория бойынша, Ғаламдағы барлық пішін тостаған мен күмбез сипатына ие болуға ұмтылады екен.

Хальфин Ленинградта Стерлиговтың оқушысы және мұрагері, суретші Геннадий Зубков ұйымдастырған пленэрлерде болған. Хальфин оған жазған хатында «Тірі жұмысқа қатысты бірқатар кеңес пен ескертпе алған айрықша маңызды. Ең үлкен тілегімнің бірі – пішінмен жұмыс істеу, сол үшін жолға шықтым» дейді. Рустам Хальфин «таза өнердің» қағидаттарын тануға, «табиғат геометриясын» білуге, «уақыт пен кеңістік шекарасынан» шығуға және «пішін қалыптастыратын өз элементін» табуға тырысты.

Өзінің қай жергілікті ортаға тән екенін анықтауға ұмтылған суретші көшпенділер архитектоникасы туралы, күмбезді киіз үй, тостағанды кесе дейтін Стерлигов теориясын зерттейді. Осы жолда Хальфин пікірлес адамдардың басын қосып, мектеп ұйымдастырады, пәтер көрмелерін өткізеді. Қайта құру жүріп, өнердің энвайронмент, видеоарт, фотосурет, инсталляция және перформанс секілді жаңа түрлері пайда болғанда, Хальфин оларды да пайдаланады. Іздеуін тоқтатпай, зат пен кеңістіктің бір-біріне байланысты және тәуелді, бір бүтін екенін, оларға ортақ мағына, ортақ геометрия тән екенін айғақтайтын Стерлигов теориясын растайды. 1991 жылы Хальфин пулота атты «қосымша элементті» ойлап табады. Бұл, Малевичтің теориясына сәйкес, жаңа өнердің жарық көруіне әкеледі. «Пулота» деген сөзді Хальфиннің өзі шығарған. Ол әлдебір орынның бір сәтте бос тұрғанын («пустота») әрі толы болғанын («полнота») білдіреді. Пішінді пішін тудырады, зат пен кеңістік бір-біріне ықпал етеді. Қолыңызға аздап саз балшық алып, уысыңызда қысып ұстадым деп елестетіңіз. Алақаныңызды ашқанда, саз балшықта саусақтың ізі қалады. Хальфин осыны «пулота» деп атаған. Суретшінің жұбайы Лидия Блинованың сипаттауынша, «пайда болған пулота қарапайым мүсінге айналады. Ал бос орын ретінде ол кәдімгі оптикалық құралдың, айналаны шолуға арналған аспаптың рөлін атқара алады».

Көшпенділер мәдениетінің тактилдігін зерттеген Рустам Хальфин пулотаны түркілердің дәстүрлі дүниетанымына сәйкес қарастырады. Жекелей алғанда, «Құт» түсінігіне тоқталып, оны жан, қуат шоғыры, Тәңірдің сыйы, береке, бақыт деп тәпсірлейді. Бұл ретте суретші авангардтық дәстүрді ұстанады, яғни өнер күнделікті тірліктен тыс, танып-білу мүмкін емес деңгейде болуы керек.

Табиғатынан көшбасшы, зиялы, шығармашылық тұрғыдан стратег болған Рустам Хальфин әрдайым алғашқы болуға ұмтылды: бірінші болып «жаңа өнер» түрлерін игерді, бірінші болып арт-қауымдастықты бірігуге шақырды, «үлкен өнер әлеміне кіру» керектігі және бұл жолда біреуге ұқсамай, керісінше, ерекшелеп тұратын дүниелерді пайдалану қажет екендігі жайлы бірінші болып айтты.

Рустам Хальфин және оның альтер эгосы Лидия Блинова жайлы былай деуге болады: «Рустам Майталман шебер, ал Лидия Маргарита болды. Рустам Шығармашылықты, Лидия Махаббатты бейнеледі. Шығармашылық пен махаббаттың тұтасуы – адамның ғалами болмысының көрініс табуының жарқын белгісі». Лидия Блинова 1996 жылы, Рустам Хальфин 2008 жылы қайтыс болды. Олар үшін өнер қандай да бір байлық-мансаптан артық тұрған еді.

«Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының мұндай ауқымды мұрағатын зерттеу және ғылыми тұрғыдан саралау суретшінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің көшбасшысы ретіндегі бейнесі жайлы сараптамалық пікірді аша түсуге мүмкіндік береді», – дейді мұрағат таныстырылымында Хальфин туралы ойын бөліскен Роза Абенова, куратор, галерист, Қазақстанның Ұлттық музейінің Заманауи өнер орталығының басшысы (2014–2019).

Онлайн-мұрағат болашақта толықтырылып отырады. Бұдан бөлек суретшінің шығармашылығын халықаралық өнер ортасында көпке таныстыру және насихаттау мақсатында бірқатар жоба ұйымдастырылмақшы. Қазіргі уақытта осы жылдың күзінде ашылады деп жоспарланып отырған Almaty Museum of Arts музейі суретші шығармашылығы туралы монографияны шығармақ. Оған танымал өнер теоретигі және халықаралық куратор Виктор Мизиано редактор болмақ. Almaty Museum of Arts Рустам Хальфиннің көрмесімен ашылады, оның еңбектері музейдің тұрақты экспозициясында ел назарына ұсынылады.

«Хальфин туындыларының цифрлық коллекциясының пайда болуы – суретшінің шығармашылық мұрасын сақтап, насихаттау жолындағы маңызды қадам. Бұдан бөлек, бұл ауқымды жария онлайн-мұрағат – Қазақстандағы қандай бір суретші жұмыстары туралы ең алғашқы осы тектес жоба болып отыр. Біздің тәжірибе басқа суретшілерге, олардың мұрагерлері мен өзгедей институцияларға пайдалы болса, тек қуанамыз. Тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз», – дейді Руслан Хальфин, Рустам Хальфин мұрасы қорының негізін қалаушы.

Рустам Хальфин мұрасы қоры – суретшінің шығармашылығын сақтау, насихаттау және халықаралық өнер ортасында танымал ету мақсатында құрылған жеке институция. Қор сайты: https://khalfin.foundation/

LOOK Gallery – суретші Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының онлайн-мұрағаты. Коммерциялық емес мақсатта қолдануға арналған. Мұрағат сайты: https://look-gallery.com