Бейбітшілік – жалпыадамзаттық құндылық
Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары – елдің өркендеуіне бағытталған өршіл мақсаттардың жиынтығы болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстан дамуының негізгі міндеттеріне Тұрақты даму мақсаттары аясында жүргізілетін жұмыстар бірінші кезекте атқарылуы тиіс. Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ)» — бұл Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер 2030 жылдың соңына дейін қол жеткізуге бағытталған мақсаттарды қамтитын әмбебап әрекетке шақыру. Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін ең бастысы ел ішіндегі татулық маңызды.
Тұрақты даму мүддесіне орай бейбіт және ашық қоғам құруға жәрдемдесу, барлық адамдар үшін сот әділдігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету және барлық деңгейлерде тиімді, есеп беретін және оған негізделген мекемелер құру. Кез-келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бейбітшілікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Содан болар, халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосып отыр.
Соты әділ болған қоғамның болашағы зор. Сот төрелігі барысында заңды үкім, әділ шешім ең басты көрсеткіш. Сондықтан кәсіби біліктілігі жоғары судьялар корпусын қалыптастыру сот жүйесінің тиімділігін арттыратын ең басты алғышарт болып табылады. Бұл мәселе қашанда бірінші кезектегі маңызға ие . Осыған орай, реформа барысында судьялыққа кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу тәсілдері қатаңдатылғаны бәрімізге белгілі. Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, азаматтарымыздың қан мен терін аямай төгіп көтерілген биік белесі, халқымыздың мәңгілік құндылығы екенін шегелеп айтқан мемлекет басшысы сот жүйесінің де еркін жұмыс істеп, әділ үкім, тура шешім шығаруына толыққанды жағдай жасала беретінін атап өтті. Тәуелсіз елмен бірге жасасып, бірге қалыптасып, бірге түлеген сот жүйесі бүгінде материалдық-техникалық жақтан толық қамтамасыз етілген, рухани жақтан жан-жақты қолдау тапқан мықты құрылымға айналды. Ең бастысы, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін бекітті, келешегінің келбетті болатынын сендірді. Сот жүйесінің ескі қағидалармен өмір сүрмей, жаңаша тыныстауына мүмкіндік жасады. Әділ қазылық ету — әр судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа айта білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би, адал, әділ болып, іс бойынша шешім қабылдағанда жігерлікті, батылдықты, табандылықты көрсете білуі – заман талабы екендігін ұмытпауы қажет. Қазы-халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сол сәтте айыпкер, бұзақы, жауапкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді.
Біз Мәңгілік ел боламыз деп, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс немесе құрылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті өз тарапымыздан жоғары аталған мақсаттарға жету жолында үлесімізді қосудамыз. Оқытушылар құрамы студенттермен дөңгелек үстел, акциялар, пікірсайыс т.б өткізуде. Жалпы ұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ел болып бірлесіп, өмірдің бар қызығын бірге көріп, бейбіт еңбек етсек қана ертеңгі күннің жарқын болары сөзсіз.
Нурахметова Г.Г.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
заң факультеті азаматтық құқық және
азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы
кафедрасының доценті, з.ғ.к.