Театр – мәдениет ордасы
«Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады»-демекші Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргендігі біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының Тұрақты даму мақсаттарының 11-мақсаты «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», университеттің «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында білім алушылармен мәдени орталарға баруды жөн санадық. Бірінші кезекте, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен «Құлагер» қойылымын көрдік. Туынды өзінің сырға толы лирикалық әндерімен халқының жүрегінен орын алған композитор Ақан Қорамсаұлының өмір-тағдыры да «Сүйегі жануардың жылқыдан жат…» — деп суреттелген Құлагерімен байланысты. Сюжеттік құрылымы мен баяндау мәнері, Ақан трагедиясының бейнелену шеберлігі жөнінде орны бөлек І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы желісінде болды. Көріністе «басқан жері ойылып, шұңқыр болып қалатын» Құлагердің ерекше шабысы көрерменнің рухын оятып, тұлпарлар тұяғының дүбірі І.Жансүгіров мәтінінің сахналық жанды үлгісін көрсетті.Білім алушыларға халқымыздың отаншылдық рух, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны таразылайтын адам бойындағы өлшем, әділдікті ту еткен халық тағдырының шынайы бейнесі анық байқалды. «Театр – ең бекзат өнер» деген ұлылар сөзінің дәлеліндей мәдениет мекенінің тіршілігі заманмен бірге дамып келе жатқаны қуантты.
Жоғарыда аталып өткен жоба негізінде, Алматы қаласында орналасқан Орталық музейге баруды ұйғардық. Тарихсыз болашақ жоқ Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы Қазақстанның тарихқа дейінгі дәуірінен бүгінге дейінгі тарихын қамтиды. Мамонт қаңқалары, ұлттық киімдер мен ат ер-тұрмандары, Екінші Дүниежүзілік соғыстан қалған зеңбіректер — мұражайдағы экспонаттардың әрбірінің өзіндік тарихы бар. Тәжірибелі экскурсия жетекшілері қызыққан тыңдаушыға олар туралы жалықпай әңгімелейді. Қор коллекциясынан 300 мыңнан астам элементті көруге болады. Мәдени және тарихи мұра – бұл әлемнің әр халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес және орны толмас байлығы. Білім алушылар рухани ошақтарға бару арқылы халқымыздың тарихы бай екенін түсінді. Ұлттық құндылықтарды қастерлеп,қадірлеуді түсінді деп ойлаймыз.
Сулейменова С.Ж
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
заң факультеті азаматтық құқық және
азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы
кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д, профессор