Абай облысының 9-сынып түлектері 3D көзілдірік арқылы Құнанбай ауылына саяхат жасап жүр
Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 9-сынып оқушылары Арсен Қабдешев пен Айлат Дулатұлы заман талабына сай етіп, «Құнанбай ауылы» виртуалды жобасын жасап шығарды. Көне жәдігерімізді бүгінгі өскелең ұрпаққа және өзге ұлт өкілдеріне дәріптеу мақсатында жасалған виртуалды ауылға ену үшін арнайы виртуалды құрылғы — көзілдірік тағу керек.
Виртуалды ауылда Қарауыл төбе бейнеленген. 19 киіз үй тігілген. Киіз үй сыртында алтыбақан орнатылған. Көзілдірік арқылы киіз үй ішінен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін заттарды көруге болады. Төрге ілінген қара домбыра, қыздың жиған жүгіндей болған құрақ көрпелер, ұлттық оюмен өрнектелген сандықтарды көзілдірік арқылы жақыннан көріп, көзайым бола алады. Домбыра, қылыш, ыдыстарды қолмен ұстап көру мүмкіндігі бар.
Жоба арқылы оқушылар визуалды әлемдегі обьектілерді қолмен ұстап, орнынан қозғай алады.
Бұл виртуалды ауылды 9-сынып түлектері өздерінен кейінгі оқушыларға сабақтарда пайдалануға қалдырмақ. Қазір 3D модельдеу, тарих, әдебиет сабақтарында мұғалімдер мен оқушылар қолданып жүр. Сондай-ақ бұл жоба маусым айында Құнанбай Өскенбайұлының туғанына 220 жыл толуына орай өтетін іс-шараға арналып жасалған.
Жобаның 3д макеттері Blender программасында жасалып, Unity программасы арқылы ауыл ішінде және қазақ үйдің ішінде қозғалып жүру үшін телепорт қосылды. Үй ішіндегі заттарды қолмен ұстап көру үшін физика кіріктірілді.
Бұған дейін авторлар ҰОС қолданылған қару-жарақтар мен әскери техникалар макеттері орналасқан виртуалды мұражай жасаған, сондай-ақ «Жидебайға виртуалды саяхат», «Виртуалды қазақ үй» жобалары да бар.
Жетекшісі: Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының информатика пәні мұғалімі Бекзат Арашев Жеңісұлы.