Алматы қаласы Мәслихатының депуттарымен кездесу өтті
Бүгін Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Мәслихат депуттары Өтемісов Мұрат, Салтанат Серікова, Тимур Елеусізов және т.б. Сейсмология институтына жұмыс сапарымен арнайы келді.
Кездесу барысында Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев депутаттарға Институтта жүзеге асырылып отырған ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол өз сөзінде еліміздегі сейсмологиялық жағдайды бағалау үшін әртүрлі өзектілік бойынша қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болжамдар жасалатыны туралы айтты. Айталық, орта мерзімді жоспар жылына екі рет – жылдың басында және ортасында, яғни 20 маусымнан кейін көрсеткіштерге байланысты өзгертулер енгізіледі.
«Өкінішке орай, ұзақ мерзімді болжам жасау үшін станциялар өте аз. Бұл құрылғыларды жөндеу үшін қосалқы бөлшектер еш жерде шығарылмайды. Осы жылы техникалық құрал-жабдықтар жаңартылады деп күтілуде. Осындай арнайы құрылғылардың көмегімен Алматы таулы аймақтарында ұзақ мерзімге болжам жасауға мүмкіндік аламыз», – деп атап өтті.
Мәслихат депутаттары Сейсмология институты қызметкерлерімен сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері туралы талқылады. Алматы қаласы апатты аумақта орналасқан себепті қалалық қызметтердің дайындығы, құрылыс нысандарының сейсмикалық төзімділігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды.
Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев сейсмологиялық қадағалау процесіне қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігін үкімет деңгейінде қарауды ұсынатынын жеткізді.
Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматы қаласы Мәслихатының депуттарына келгені үшін алғысын айтып, алдағы уақытта сейсмологиялық зерттеу және қадағалау жұмыстары нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.