Өндірісті цифрландыру – дамудың жолы

Геологиялық қызметті цифрландыру мақсатында «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатына «портативті спектрометр» сатып алынды. Жаңадан қолданысқа енген рентгенді-флуоресценттік спектроментр құрылғысы өндірістік талдауларды бір күнде анықтап бере алады. Мұндай жабдық Қазхромға алғаш рет жеткізіліп отыр. Цифрландыру жұмыстары бір ғана аспаппен шектелмей, тау-кен қазбаларының жағдайына мониторинг жүргізіп, дерекқор жасауға арналған дрон және лазерлі сканермен толықты. 

Кәсіпорында геологиялық қызмет құрылғалы бері жаңа көзқараспен цифрлық дәрежеге өту мақсатында «Grade control» жобасы қолға алынған болатын. Мұнда кен орындарында өнімнің сапасын экономикалық шығынсыз, аз уақыт ішінде жедел түрде анықтау міндеті тұрды. Мамандар ақылдаса келе, қазіргі таңда өзге компаниялардың зертханаларында қолданылып жүрген спектрометр аспабын сатып алуды ұсынды. Қазхром филиалының қызметінде шағын әрі тиімділігі жоғары құрылғы қолданысқа енді. Бұл аспап комбинатқа қарасты «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтаға арналып салып алынған. Алайда, мобильді болғандықтан, фабрикалар мен басқа да қажетті локацияларда қолданылып жүр.

Пайдалы қазбалардың 36 түрін және ғылыми-тәжірибелік зерттеу кезінде 23 элементті анықтай алатын рентгенді-флуоресценттік спектрометр геологиялық, тау-кен және металлургиялық үлгілердің химиялық құрамына жедел түрде талдау жасауға мүмкіндік береді. Ал осы уақытқа дейін кен өніміне талдау қалай жүретініне назар аударып көрсек, комбинаттың бас геологы Роллан Тлемісов былай дейді:

–  Шахталарда өндірілген кеннің сынамасын алу әрине ұзақ процес. Қазір бұл іс жаңа аспаптың көмегімен анағұрлым жеделдей түсті. Мысалы, бұрын кен өнімінің сынамасы алынып, оны аналитикалық жағдайға (кенді ұнтаққа айналдыру) жеткізіп алғаннан кейін химиялық зертханаға жіберілетін. Сынама анықталғанша, екі-үш күн сол жақта болады. Егер сынама көп болса, тіпті бір аптаға дейін созылады. Сол себепті талдауларды анықтап, кеншілерге тапсырманы беру ұзап кетіп жатады, – деді ол. – Ал енді қазір мүлдем бәрі басқаша. Айталық, геологтар таңертеңнен түске дейін жер астына түсіп, кенді алып шықса, түстен кейін сол алынған өнімді аналитикалық, яғни ұнтақ көшірмеге дейін дайындап алады. Сол ұнтақты спектрометр стендіне салып, аз уақыт ішінде нәтижеге қол жеткізеді. Нәтижесінде бүгін алынған сынаманың сапасын сол күні-ақ анықтап, келесі күні кеншілерге геологиялық тапсырмаларды жүктей аламыз.

Бас геологтың айтуынша, бұл құралдың тағы бір пайдалы тұсы – алдағы уақытта өнімнің барлық көшірмесін химиялық зертханаға жіберудің қажеті болмайды. Мысалы бұрын жылына мың сынама кетсе, енді тек жұмыс барысына сәйкес өнімнің 10%-ын, яғни 100 сынама  ғана жіберсе жеткілікті. Әртүрлі химиялық талдауларға сатып алынатын жеке реагент санын  азайтып,  қаржыны үнемдеуге және қол еңбегінің азаюына тигізер пайдасы көп. Бұл аспап әсіресе барлау кезінде таптырмас көмекші.

Салмағы үш келідей болатын аспап ұялы телефон секілді. Ұстап жүруге ыңғайлы, екі дана литий-ионды қуаттағышы және қорғаныш кейсі де бар. Қауіпсіздік жағынан да сынақтап өткен. Бар болғаны мұқият қолданған жөн.

Дөң тау-кен байыту комбинатында Бұл ерекше аспапты қолданатын тоғыз маман арнайы оқытудан өтіп, сертификаттарын қолдарына алған. Алдағы уақытта портативті скептрометрді Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасы мен ашық әдіспен кен өндіру алаңдарында қолдану үшін сатып алу жоспарда бар.

Арайлым ҒАНИ