Алматыда Нұрғиса Тілендиев атындағы Республикалық дирижерлер конкурсы өтеді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2023 жылдың 20-22 қыркүйек аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Нұрғиса Тілендиев атындағы Республикалық дирижерлер конкурсы өтеді.
Конкурстың Ашылу салтанаты филармонияның Үлкен залында 20-қыркүйек күні сағат 10.00-де басталады.
2023 жылдың 22-ші қыркүйек күні сағат 19.00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының үлкен залында конкурс жеңімпаздарының қатысуымен Гала-концерттің өтуі жоспарланып отыр.
Конкурстың басты мақсаты:
1) Қазақстандық дирижерлік мектептің дәстүрлерін сақтау және одан әрі дамыту;
2) Жаңа есімдерді шығару және таныту, дирижерлік өнер саласында талантты жастардың кәсіби өсуіне жағдай жасау;
3) Дарынды және талантты музыканттарды анықтау және ынталандыру, Қазақстанның мәдени имиджін арттыру.
Конкурсқа Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер саласындағы 18 бен 35 жасқа дейінгі дирижерлері және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Аталмыш байқауға 25 қатысушыдан өтінім келіп түсті, белгілі себептермен конкурсқа 20 үміткер жолдама алды– Астанадан (4), Алматы (8), Шымкент (2), Петропавл (1), Павлодар (1), Орал (1), Қарағанды (1) және Талдықорған (2). Қатысушылар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындайды. Конкурс 2 кезеннен тұрады.
Конкурстың нәтижесін 22-ші қыркүйек күні құзіретті қазылар алқасы қорытындылайды.
Конкурс номинациялары бойынша — Гран-при, І орын, ІІ орын, ІІІ орын, диплом және«Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» дипломы белгіленді.
2025 жылы Н.Тілендиевтің Жүз жылдығы халықаралық және республикалық де4гейде кеңінен аталып өтеді деп күтілуде. 2023 жылғы бұл жас дирижерлер конкурсы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен осы айтулы іс-шараның қарсаңында өтеді. Конкурстың ашылу мен жабылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, БАҚ, зиялы қауым, айтулы мәдениет өнер қайраткерлері қатысады.