Алматыда Tañdauym стипендиялық бағдарламасының екінші маусымы басталды

Техникалық және өндірістік мамандықтарда білім алып жүрген 35 студент қыз кәсіби даму бағдарламасына қатысып, тәлімгерлік қолдау мен 250 мың теңгеге дейінгі білім грантын иелену мүмкіндігіне ие болады.

Алматыда техникалық және өндірістік мамандықтарды таңдаған студент қыздарға арналған Tañdauym стипендиялық бағдарламасының екінші маусымы басталды. Биыл жобаға қатысуға 257 өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде қаланың жеті жоғары оқу орнынан 35 студент қыз таңдалды.

2026 жылғы 23 қарашада өткен бағдарламаның ресми ашылу рәсімінде қатысушылар алдағы бірнеше айда өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, өнеркәсіп саласының жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алатыны айтылды.

Жаңа маусымға іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен ұйымдастырушылар жеті университетте ақпараттық кездесулер өткізіп, студенттерге бағдарламаның мақсаттары мен мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ олар Coca-Cola İçecek Kazakhstan (CCI) компаниясының өндірістік бөлімдерінде еңбек ететін әйел мамандардың кәсіби тәжірибесімен танысты. Алғашқы кезеңнен өткен 70 үміткер арнайы симуляциялық ойынға қатысып, оның қорытындысы бойынша 35 финалист анықталды.

Tañdauym бағдарламасы 2026 жылғы қарашадан 2027 жылғы мамырға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қатысушыларға CCI қызметкерлері тәлімгерлік етеді. Бұдан бөлек, кәсіби және икемді дағдыларды дамыту тренингтері, сала мамандары және HR өкілдерімен кездесулер, компанияның өндірістік нысандарына таныстыру сапарлары ұйымдастырылады.

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – білім алушылардың кәсіби дамуына қаржылай қолдау көрсету. Әр қатысушы өзінің мансаптық мақсатына сәйкес қосымша білім алу курстарына жұмсау үшін 250 мың теңгеге дейін білім грантын иелене алады. Сонымен қатар қыздар тағылымдамадан өтуге, жұмысқа орналасу сұхбаттарына және еңбек жолындағы алғашқы қадамдарына дайындалады.

Жобаның алғашқы маусымының нәтижелері де бұл бастаманың өзектілігін көрсетті. Былтыр бағдарламаға 30 студент қыз қатысып, оларға CCI компаниясының 16 қызметкері тәлімгер болды. Қатысушылар барлығы 40 білім беру курсын аяқтады. Қорытынды сауалнамаға сәйкес, қыздардың 97 пайызы таңдаған кәсіби саласында өзіне деген сенімі артқанын айтса, 84 пайызы нақты мансаптық мақсаттарын айқындай алған. Бағдарламаның үш түлегі CCI компаниясында тәжірибеден өтіп, тағы төртеуі өз университеттерінде жобаның амбассадоры атанды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Tañdauym-ның басты ерекшелігі – білім беру мен тәжірибені ұштастырып, студенттерді еңбек нарығына ертерек бейімдеу. Жоба аясында қатысушылар әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс орнатып қана қоймай, кәсіби ортаға араласып, болашақ әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

«Coca-Cola İçecek Kazakhstan үшін жас мамандардың өз әлеуетін ашуына және техникалық әрі өндірістік бағыттарда мансап құруына жағдай жасау маңызды. Tañdauym студент қыздарға нақты кәсіби перспективаларды көруге, тәжірибелі мамандардың қолдауына ие болуға және өнеркәсіп саласындағы алғашқы қадамдарын сенімдірек жасауға көмектеседі», – деді Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының корпоративтік және реттеуші органдармен байланыс жөніндегі директоры Дияс Джубандыков.

Орталық Азияның Еуразия қоры өкілдері де студент қыздардың білім алудан кәсіби қызметке өту кезеңінде қолдаудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Біз Tañdauym бағдарламасын қыздарға білім алудан кәсіби қызметке көшудің маңызды кезеңінде қолдау көрсету мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. Тәлімгерлік, оқыту және практикалық тәжірибенің үйлесімі арқасында қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, оны өз мансабын құруда қалай қолдану керектігін де түсінеді», – деді Орталық Азияның Еуразия қорының жобалар және коммуникациялар жөніндегі менеджері Данель Ходжаева.

Айта кетейік, Tañdauym – Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясы мен Орталық Азияның Еуразия қоры бірлесіп жүзеге асыратын бастама. Бағдарлама техникалық және өндірістік мамандықтарды таңдаған студент қыздардың кәсіби әлеуетін дамытуға, еңбек нарығына бейімделуіне және өнеркәсіп саласында мансап құруына қолдау көрсетуге бағытталған.

Ғазиза Ұзақ