Алматылық күшік Берлиннен өз отбасын тапты

Бір репост – жаңа үй: қамқор жандар алматылық күшіктерге шетелден отбасы табуға қалай көмектеседі?
Берлиндік отбасы алматылық COMES баспанасындағы күшікке бір ғана суретіне қарап ат қойып, онымен қауышатын күнді бірнеше ай бойы күтті. Енді Шиса өз үйінде. Алматы мен Берлиннің арасы – шамамен 4 700 шақырым. 15 қарашада ол жолаушы Наталья және оның ұлдарымен бірге «Аэрофлот» рейсімен Мәскеуге ұшып жетті.
17 шілдеде Шисаны көшеден тауып алған. COMES баспанасының жетекшісі Юлия Снегирева күшікті «Доктор Вет» клиникасына жеткізіп, Шиса онда бір айға жуық емделді. Жазылып шыққан соң ол баспанаға ауыстырылды,ал еріктілер оған ие іздеп, суреттерін желіге сала бастады.
Суреттердің бірін COMES оқырманы Евгений Рублев көріп, Берлиндегі достарына жолдады. Олар күшікті асырап алуға бел буып, бірден Шиса деген есім қойды. Отбасының айтуынша, бұл есім «үйге береке мен сәттілік әкелетін шаңырақ қорғаушысы» дегенді білдіреді. Евгенийдің мұндай игі іске бірінші рет атсалысуы емес.
«Шисаның тағдыры жалғыз суреттен басталды. Кейде жай ғана фотомен бөлісудің өзі – зор көмек. Күшікпен барлық рәсімдерден өту барысында көрсеткен қолдауы мен жайлы жағдайы үшін Алматы халықаралық әуежайына ерекше алғыс білдіреміз. Көрсеткен көмектеріңізге мың алғыс!» – дейді COMES негізін қалаушылардың бірі Юлия Снегирева.
Көшуге дайындық бірнеше айға созылды. Шисаға екпе салынды, ал құжаттарды рәсімдеуге және сапарды ұйымдастыруға The Insider PR және жарнама агенттігінен ағайынды Михаил мен Никита Коваль көмектесті. Олардың компаниясы баспана жануарларына бірнеше жылдан бері көмектесіп келеді.
15 қарашада волонтерлер Шисаны Алматы халықаралық әуежайына алып келді, ол сол жерден Наталья мен оның ұлдарының көмегімен Мәскеуге ұшты.
Наталья Шисаны Мәскеуге дейін жеткізіп, келесі көмекшілерге тапсыруға келісті.
«Мен үшін бұл жай ғана кезекті рейс еді, ал ол үшін – жаңа мекенге бастайтын үлкен жолдың алғашқы қадамы. Өзімнің де екі итім бар, соның бірін мен де кезінде баспанадан асырап алғанмын», – деп бөлісті Наталья.

Мәскеуден әрі қарай Шиса Берлинге аттанып, ол жақта өзін тағатсыздана күткен жаңа отбасымен қауышты.
«Шисаға есімді фотосурет бойынша-ақ таңдап қойған едік, бұл кездесуді қатты күттік. Ақыры оны үйге алып келгенімізге өте бақыттымыз», – деді Шисаның Берлиндегі жанұясы.
Шиса – COMES баспанасы осы күзде шетелдегі отбасына аттандырған екінші ит. Бұған дейін, 24 қазанда, Алматыдан Мәскеуге баспананың тағы бір күшігі ұшып кеткен еді. Оны алты бауырымен бірге Боралдай кентіндегі қоқыс алаңынан тауып алған – сол кезде күшіктің аяғы жарақаттанған болатын. Ветеринарлық клиникада екі ай бойы емделіп, күш жинаған соң, 3 қазанда Pro Plan Dog Run жарысына қатысты. Осы сәт туралы «Первый канал „Евразия“» телеарнасынан көрсетілген сюжетті оның болашақ иелері байқап қалған. Сапар барысында күшікке қызымен бірге Мәскеуге ұшқан Ольга қамқорлық танытты. Жаңа отбасы оған Скай деген есім берді – «аспан» деген мағынаны білдіретін бұл ат оның өз шаңырағына көк жүзімен жеткеніне орай таңдалған. «Күшік келгелі өміріміз мүлде өзгерді. Қазір жиі серуендейміз, өзге ит асыраушылармен де жақын таныстық», – дейді жаңа иесі Сергей.
Осыған ұқсас оқиға баспананың тағы бір иті – Овсянкамен де болды. Евгений Рублев үй іздеп жүрген баспана тәрбиеленушілері туралы COMES жазбаларымен жиі бөліседі. Оның бір репостының арқасында Түркияда тұратын достары көздері әр түрлі, жирен түсті кішкентай күшіктің суретін көрді. Ол COMES командасы аулау пунктінен алып шыққан төрт күшіктің бірі еді. Күшік отбасына қатты ұнағаны сонша, оны өздеріне алуға шешті. Күшікке Овсянка деп ат қойды, ал жаңа иелері Ыстамбұлға көшудің барлық шығынын өз мойнына алды.
Қазір COMES баспанасында өз үйі мен мейірімді иесін күтіп жүрген күшіктер көп. Егер үйіңізге адал дос алуға дайын болсаңыз, COMES парақшасына өтіңіз. Баспана ұжымы Никита мен Михаил Ковальге және олардың The Insider-дегі әріптестеріне құжат рәсімдеу мен жолға дайындауға қолғабыс еткені үшін, ал Евгенийге достарын баспана тәрбиеленушілерімен таныстырып, оларға жаңа отбасын табуға жәрдемдесіп жүргені үшін шынайы алғыс білдіреді.
The Insider COMES баспанасын тұрақты қолдап келеді: команда омыртқасы ауыр жарақаттанған иттерге ота жасатуға ақы төлейді, ал қазір көлік қағып кеткен итті қамқорлығына алды.


