«Астана Опера» солистері беделді байқаудың жүлделі орындарына ие болды
«Астана Опера» опера труппасының жас солистері Грузияда беделді вокал байқауының марапаттарын иеленді. Дінмұхамед Көшкінбаев Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауында үшінші орын алды, сондай-ақ арнайы жүлде – Будапештегі концерт пен З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының қойылымына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Тағы бір арнайы сыйлық Әлихан Зейноллаға берілді.
Екі әнші де – ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының түлектері. Олар басты қазақстандық вокал додасының бірі Бибігүл Төлегенова байқауының жүлдегерлері болып табылады. Сондай-ақ Дінмұхамед Көшкінбаев Будапеште аңызға айналған Ева Мартон халықаралық вокалистер байқауының жүлделі екінші орын иегері атанған еді. Елордалық театр солисі «Культура» телеарнасындағы «Большая опера» телевизиялық жобасына ойдағыдай қатысуда.
– Мен Opera Crown байқауы жайлы бір ай бұрын естіп, өтінім жолдадым және өнер көрсетуімнен бейнежазба түсіріп алдым, – деді Дінмұхамед Көшкінбаев. – Репертуар таңдауға ұстазым Анатолий Гусев көмектесті. Байқау үш турдан тұрды. Біріншісінде мен Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсынан Родригоның ариясы мен П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегиннің ариясын орындадым. Екінші айналымға Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсынан Генрих Аштонның «Cruda funesta smania…» ариясы мен С.Рахманиновтың аттас операсынан Алеконың каватинасын дайындадым.
Финалда вокалист У.Джорданоның «Андре Шенье» операсынан Жерардың «Nemico della Patria» ариясы мен П.Чайковскийдің «Иоланта» операсынан Эбн-Хакиа ариясын орындап, байқауда жүлделі орынға қол жеткізді.
Д.Көшкінбаевтың айтуынша, оның қарсыластары нағыз кәсіпқойлар болған және жоғары вокалдық шеберлік деңгейін паш еткен.
– Осынау беделді байқаудың лауреаты атанғаныма өте қуаныштымын. Мұндай жарыстарға қатысу әрдайым тәжірибені толықтырып, жаңа шыңдарды бағындыруға шабытымды арттырады және кәсіби тұрғыда жетілуге ынталандырады, – деді солист. – Байқау кезінде менің шырқаған әнімді фортепианода сүйемелдеген концертмейстеріміз Зәру Жазықбаеваға ерекше алғысымды білдіргім келеді.
Тағы бір арнайы жүлде иегері, елордалық театр солисі Әлихан Зейнолла осы жылдың шілдесінде Италияның Пезаро қаласында өткен Россини опера фестиваліне қатысқан болатын. Айта кетейік, бұл ең беделді әлемдік алаңдардың бірі болып табылады және заманымыздың атақты әншілері онда өнер көрсетуді мәртебе санайды.
Вокалистің сөзіне қарағанда, Грузиядағы Opera Crown байқауының кезеңдері оңай болмаған, десе де отандасымыз одан тек жақсы әсер алған.
– Байқауға қатысуға Грузия, Оңтүстік Корея, Молдова, Германия, АҚШ, Иран тәрізді 20 мемлекеттен 43 жас әнші іріктеп алынды. Алғашқы екі айналымда біз рояльдің сүйемелдеуімен екі ариядан орындадық. Финалда қатысушылардың өнерін Тбилиси театрының оркестрі сүйемелдеді, – деді Әлихан Зейнолла. – Солистің әрбір жеңісінің артында концертмейстердің елеулі еңбегі жатыр. Байқаудың екі турында маған «Астана Опера» театры опера труппасының концертмейстері Зәру Жазықбаева қолдау білдірді. Вокал техникасын үйреткен ұстаздарым Қанат Омарбаев пен Анатолий Гусевке рақметімді айтқым келеді. Олар менімен жұмыс істеп, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуға көмектеседі.
Әлихан Зейноллаға тағайындалған арнайы жүлде З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» спектаклінде граф Альмавива партиясын орындауға жолдама іспетті. Бұл жас әртіс үшін үлкен жетістік.
Грузия вокалдық өнердің жоғары деңгейімен танымал, сондықтан қатысушыларға қойылған талап өте қатал болды. Ел астанасында өткен Opera Crown III халықаралық байқауы дүние жүзінен 40-тан астам вокалисті жинады. Қазылар алқасының құрамына әйгілі театр қайраткерлері, атап айтсақ Ковент-Гарден Корольдік опера театрының кастинг-директоры Питер Марио Катона, Вашингтон ұлттық операсының көркемдік жоспарлау жөніндегі директоры Сэмюэл Гелбер, Вена мемлекеттік операсының кастинг-директоры Роберт Кернер және тағы басқалары енді. Оның басты міндеті дарынды жас әншілердің алға басуына ықпал ету, үздік әлемдік театрлардың көркемдік жетекшілері мен кастинг бойынша директорлары тәрізді опера саласындағы жетекші кәсіби шеберлерге өздерін естіртуге мүмкіндік беру болып табылады.