Ақсу ферроқорытпа зауытында темір жол торабы кеңейтілді

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты жаңа темір жол желісін пайдалана бастады. Жаңа жол зауыт темір жолшыларының қозғалысына тың мүмкіндіктер берді. Металлургтердің инвестициялық жобасын жүзеге асыруға «ERG Service» ЖШС мамандары септескен.

Қара металлургияның көшбасшысы саналатын зауыттағы темір жол көлігі – барлық технологиялық процестің күретамыры. Ақсу ферроқорытпа зауыты аумағындағы темір жолдардың жалпы ұзындығы – 73 шақырымнан асады. Бұл тораппен күн сайын зауытқа түрлі жүктер мен дайын өнімдері бар 300-ден астам жылжымалы құрам келіп, кері жөнелтіледі. Ұзындығы 1,1 шақырымнан асатын жаңа жол Ақсу-1 станциясы мен өнімді тиеу тораптарының бірін жалғады. Осылайша, учаскенің жүк өткізу қабілетін арттыратын қосымша тармақ пайда болды.

– Қосымша жолдың құрылысы өндірістегі тоқтап қалуларды азайтып, жұмысты жеделдетуге мүмкіндік береді, — деді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев. – Сонымен қатар бұл – болашаққа салынған инвестиция. Бүгінде біз алдымызға өндіріс көлемін арттыру міндетін қойып отырмыз. Яғни, темір жол инфрақұрылымына да жүктеме артады деген сөз.

«ERG Service» ЖШС мамандары рельс-шпалды торларды төсеу, жол айрығы мен бағыттамалы бұрылысты реттеу жұмыстарының барлық циклін уақытылы іске асырды. Құрылыс жұмыстарын түгелімен, үш ай көлемінде кесте бойынша тиянақты орындап шықты.