Астана университеттерінде Еуропалық кино марафоны өтті
30 қазан мен 2 қараша аралығында Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің ұйымдастыруымен Астана қаласының ірі университеттерінде Еуропалық фильмдер фестивалі өтті. Фестиваль өзінің жаңа киномарафон форматында Назарбаев Университеті, Мақсұт Нәрікбаев Университеті және Астана Халықаралық Университетінде өтіп, 4 күн бойы ұйымдастырылған көрсетілімдерге 750-ден астам студенттер мен қонақтар жиналды.
Астана өміріндегі жоғары деңгейдегі қонақтардың келіп-кетіп жатқан ең серпінді апталарының бірінде Еуропалық фильмдер фестивалі аясында студенттерге жас ұрпақтың армандарына, қарым-қатынастары мен амбицияларына негізделген заманауи, қызықты фильмдері ұсынылды.
Фестивальдің ашылу салтанаты 2023 жылғы 30 қазанда Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақтың Елшісі Кестутис Янкаускас мырзаның және Қазақстан Республикасындағы Португалия Елшісі Мария де Фатима Мендес ханымның қатысуымен өтті. Киномарафонның бірінші күні атасының өткен қателіктерін түзеп, өз-өзімен іштей келісімге келу үшін туған жеріне қайтып келген заманауи қыздың өмірін баяндайтын португалиялық «My grandfather’s demons» анимациялық фильмі ұсынылды.
«2018 жылдан бастап біз жыл сайын көрермендерімізге еуропалық мәдениетке деген терезені кең ашатын, еуропалық кино мамандарының тәжірибесімен бөлісетін барлық жанрдағы ең үздік фильмдерді ұсынамыз. Осылайша олардың көзімен нағыз Еуропа түсінігін жеткізуге тырысамыз», — ЕО Елшісі фестиваль туралы айтты. «Біз қандай да сұрақпен айналыссақ та – көлік, маңызды шикізат, экономика, энергетика, жасыл келісім болсын, әлбетте бізді адамдар біріктіреді. Ал білім, мәдениет, әдебиет арқылы бір-бірімізді тану елдер арасында берік көпірлер құруға мүмкіндік береді. Кинематография — адамдарға, менің ойымша, біз өте жақын және ұқсас екенімізді ұғындыратын сала шығар. Фестивальдің фильмдері әртүрлі еуропалық елдердің мәдениетінің сан алуан қырларын көрсетеді», — деп атап өтті Елші Янкаускас мырза.
Фестивальдің екінші күні Астана Халықаралық Университетінде “The Naked Truth about the Zhiguli” комедиясы көрсетілді. Өзінің керемет диалогтары, күлкілі сәттері, жоғары деңгейдегі актерлік ойыны мен рок музыкасы арқасында фильм жас көрермендердің жүрегін жаулап алды. Фильмнің соңында Болгария Елшісі Боян Ходжиев мырза студенттерге Болгария және оның ерекшеліктері туралы сұрақ-жауап сайысын өткізді.
Мақсұт Нәрікбаев Университетінде «Ramona» фильмінің көрсетілімі попкорн алып, жылы достық атмосферасында өтіп, көрсетілімнен кейін Испания Елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро мырза мен студенттер арасында қызықты әңгіме болды. Испандық комедия жас махаббат және күрделі қарым-қатынас тақырыптарымен жас ұрпақты қызықтырса, классикалық кино стилімен егде жастағы аудиториясының назарын аудара алды.
Еуропалық фильм фестивалінің жабылу сәті аясында Қазақстандағы Латвия Елшілігімен бірлесіп, Tribeca халықаралық байқауының жеңімпазы «My love affair with marriage» туындысы кеңестік тоқырау дәуірі кезінде өсу әлемін ашқан әсерлі, зерделі, осал қыздың тұлға болып қалыптасуының тарихын баяндайтын оқиғамен қазақстандық студенттердің жүрегін елжіретті. Фильмнің сюжеті физиология және пародиялық моральдық ілімдер бойынша ғылыми-танымдық «шағын дәрістермен» сүйемелденді. Фильмнің режиссері Сигне Бауман ханымның және Назарбаев Университетінің студенттері арасындағы өткен қызықты пікірталас пен онлайн кездесу бұл кешті керемет сәттерге толтырды. Сигне ханым өзінің анимациялық фильмін түсірген студиясын көрсетіп, фильмнің сәтті шығуының құпияларымен бөлісті.