Билік, бомба және болашақ

Бүгінде әлемдік саясаттағы ең өзекті тақырыптардың бірі АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс. Бұл тек екі мемлекеттің арасындағы қақтығыс емес, оның ықпалы бүкіл аймаққа, соның ішінде Қазақстан сияқты мемлекеттерге де әсер етуі мүмкін.

Егер Ирандағы билік жүйесінде түбегейлі өзгерістер болып, мемлекет зайырлы даму жолына түссе, бұл тек Таяу Шығыс үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды геосаяси өзгеріс болар еді. Санкциялардан арылып, халықаралық қауымдастықпен ашық қарым-қатынас орнатқан, Қытай мен Ресейдің ықпалынан тыс тәуелсіз саясат жүргізе алатын Иран экономикалық және саяси тұрғыдан жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұндай жағдайда Орталық Азия елдері үшін де жаңа экономикалық бағыттар пайда болуы ықтимал. Мәселен, Қазақстанның мұнай-газ ресурстарын әлемдік нарыққа, соның ішінде Еуропаға жеткізудің балама жолдары кеңейер еді.

Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер Иранның саяси жүйесіне сенімсіздікпен қарайды. Бұған себеп  халықаралық қауымдастықта жиі айтылатын айыптаулар, яғни Таяу Шығыстағы түрлі қарулы топтарды қолдау мәселесі және ішкі саяси репрессиялар туралы ақпараттар. Мұндай жағдайлар шетелдік инвесторлардың да сенімін төмендететіні белгілі.

Әлемдік ақпарат құралдарында Ирандағы азаматтық наразылықтар мен олардың күшпен басылғаны туралы деректер жиі айтылады. Мұндай хабарлар халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын туғызады. Әсіресе адам құқықтарының сақталуы, сөз бостандығы мен саяси еркіндік мәселелері көптеген талқылаулардың өзегіне айналып отыр.

Біздің қоғамда да бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікірлер бар. Кейбір адамдар Иранды мұсылман мемлекеті ретінде қолдайтынын айтып жатады. Алайда мемлекет пен халықтың тағдырын билік жүйесінен бөлек қарастыру маңызды. Кез келген елде қарапайым халық пен билік саясаты әрқашан бірдей бола бермейді.

Сонымен бірге, халықаралық саясаттағы тағы бір маңызды мәселе – ядролық қару қаупі. Иранның ядролық бағдарламасына байланысты алаңдаушылықтар бірнеше жылдан бері әлемдік саясаттың күн тәртібінен түспей келеді. Егер кез келген елде ядролық қаруға ие болу мүмкіндігі авторитарлық жүйемен қатар жүрсе, бұл бүкіл әлемдік қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін деген пікірлер де жиі айтылады.

Бұл жағдай бізге тағы бір маңызды мәселені еске салады: кез келген қоғам үшін ашықтық, заң үстемдігі және демократиялық институттардың болуы аса маңызды. Өйткені билік толықтай шектелмеген жағдайда, ол уақыт өте келе қоғам мүддесінен алыстап кетуі мүмкін.

Сондықтан бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер үшін негізгі қоғамдағы тұрақтылықты сақтай отырып, әділетті саяси жүйені дамыту. Ашық сайлау, жауапты билік және азаматтық қоғамның белсенділігі – тұрақты дамудың негізгі шарттарының бірі.

Қазақстан үшін де бұл мәселелердің маңызы зор. Біз зайырлы мемлекет ретінде қоғамдық келісімді сақтап, радикалды идеологиялардың таралуына жол бермеуіміз керек. Дін – қоғамның рухани құндылығы болғанымен, ол саяси билік құралына айналмауы тиіс.

Қоғамда сындарлы пікірталас болуы демократиялық дамудың белгісі. Алайда әрбір азамат ақпаратты саралап, түрлі көзқарастарды байыппен талдай білуі маңызды. Өйткені әлемдік саясаттағы өзгерістер бізден де саяси сауаттылық пен жауапкершілікті талап етеді.

Бүгінгі жаһандық өзгерістердің барлығы тұрақты және әділетті қоғам құру – кез келген мемлекеттің ең басты мақсаты екенін аңғартқандай. Өйткені бар түйінді бомбаға байлаған биліктің болашағы жарқын деп айту қиын.