Еркебұлан ҚАБДЫЛ: «ҚОЙЫЛЫМДАРЫМДЫ БІР-БІРІНЕ ҰҚСАТПАУҒА ТЫРЫСАМЫН…»

Бүгінде қазақ қуыршақ өнерінде өзіндік режиссерлік қолтаңбасы қалыптасқан, қазақ халық ертегілері мен ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау жолында аянбай еңбек етіп, ерекше қойылымдарымен, жаңаша шешімдерімен көрермендерін қуантудан жалықпайтын талантты режиссер Еркебұлан Қабдылмен өнер жолы, шығармашылығы мен болашаққа жоспары және Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында тұсауы кесілетін «Есте сақта, балақай!» ақпараттық-танымдық  қойылымы турасында сұхбаттасқан болатынбыз.

Қайырлы күн, Еркебұлан мырза! Көптің көңілінен шығып жүрген, өзіндік ерекше мәнге ие қойылымдарыңыз қазіргі таңда барша бүлдіршіндердің көзайымына айналуда. Осы ретте нәтижелі жұмыстарыңызға дейінгі кезеңге оралсақ. 2010-2015 жылдары Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясының «Драма театрының режиссері» мамандығы бойынша тәмамдаған екенсіз. Бірақ, қазіргі таңда қуыршақ театрларының сахнасында сіздің қойылымдарыңыздың саны күн санап артып келеді. Бұған себеп?..

Қайырлы күн! Бұған себеп бір ғана дүние, ол – қызығушылық. Мен студент кезден қуыршақ театрының кез-келген жаңалығына құштар болдым. Театр таланттарын айқындап, үздіктерді саралайтын фестивальдері, жаңа бейнелермен таныстыратын премьералар, театр тынысынан хабар беретін іс-шараларды келіп көруге тырысатынмын және қуыршақ өнері де маған өзінше қызық болатын. Сонау жас жеткіншек кезімнен қуыршақ театрында режиссер ретінде қойылым қойсам деген ойым, мақсатым болды. Содан оқуды тәмамдаған соң, 2016-2017 жылдары  Шымкент қаласы  Қ.Жандарбеков атындағы драма театрында, 2017-2018 жылдары  Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрында қоюшы-режиссер қызметін атқарып жүрдім, бірақ қуыршақ театрының шығармашылығы мені өзіне ерекше тартты. Содан кейін жұмысқа орналасып, қуыршақ әлемімен танысып, зерттеп, қуыршақ өнері жайлы кітаптар оқып, спектакльдер көріп бірте-бірте қызығушылық одан сайын арта берді. Қуыршақ театры – режиссердің фантазиясын жүз пайызға қолдансаң ғана жақсы қойылым шығатын мекен. Қолға алған іске толыққанды ойланып қойылымға ізденіспен қарамасаң, қуыршақты тірілту және балаларға қуыршақпен қойылым ұсыну, оларды сендіру ең ауыр дүние болып есептеледі. Әрине ең біріншіден қызығушылық болмаса, театрға жайдан-жай режиссерлер келе қоймайды. Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрына келгенде тәжірибем аз болса да, араға жылдар салып тәжірибе жинап қойылымдар санын арттырып жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта да тоқтамай, көрерменді жаңа қойылымдармен үздіксіз қуантуға барымды саламын.

– Ең алғаш қойылым сахналағанда жүрексінген боларсыз, әлде жастық жігер басым түсті ме?

Ең алғашқы қойылым турасына келсек, жоғарыда айтқанымдай мен алғаш драма театрларында жұмыс жасадым. Ол кезде әрине жастық болды, бірақ ұстазым марқұм Жанат Хаджиев: «Қоя бер, қоя бер, қоя бер. Қойған сайын үйренесің, қойған сайын тәжірибе жинайсың және әрбір қойған қойылымың бір-бірінен өзгеше болсын» деп айтатын. Ал енді қуыршақ театрын айтатын болсақ, бұл театрдағы менің ең алғашқы қойылымым татар жазушысы Туфан Минуллиннің «Ауыл иті Ақбай» ертегісі болды. Сол ертегіні алып, театрда артистермен келісіп, өзіндік жұмыс ретінде бастап көрген болатынмын. Содан жұмыстан тыс уақытында кешке қалып, оқылым өткізіп, басқа қойылымдарда көп ойналмайтын қуыршақтарды іздестіріп, қарастырып сол кейіпкерлерге келетін қуыршақтарды алып өзімше бір жұмыс бастап көрдім. Дайындық аяқталып, өзіндік жұмысымыз көркемдік кеңес мүшелеріне тапсырылды, көңілден шықты. Сонымен осы қойылымға арнайы қуыршақтар жасалды, декорация құрылды, осылайша қуыршақ театрындағы ең алғашқы туындым жарыққа шықты.

Алматы қуыршақ театрының ақпан айының репертуарынан байқағанымыздай жақын арада бүлдіршіндерге жаңа бағыттағы қойылым ұсынбақ екенсіз. Бұл жаңалығыңыздың басты ерекшелігімен бөліссеңіз…

Иә, бұл қойылым «Есте сақта, балақай!» деп аталады. Жалпы әрбір режиссер жаңа қойылым бастардың алдында театр репертуарын бір шолып сүзгіден өткізеді деп ойлаймын. Сол секілді бұл қойылым жоспарланар алдында менде балалардың мәдени ошағына не қажет деген ой болды. Байқасаңыз қоғамдағы күнделікті жаңалықтарды қарап отырсақ та, әлеуметтік желілерде де балалардың қауіпсіздік шараларын білмегеннен неше түрлі қиын жағдайлар болып жатады. Міне, осыдан қорыта келе ең бірінші балаларды жол жүру ережесіне, сонымен қатар өрт қауіпсіздік негіздерімен және қазіргі балалардың тазалық сақтау ережелері, соған қоса жаңа технологиялармен яғни теледидар, смартфондар негізінде бір қойылым жасау ойға келді. Сонымен бұл ұсынысымды көркемдік кеңес қолдап, мен театртанушы, сыншы Назерке Рамазанқызымен кездесіп ойымды айтып, ол кісі аталмыш тақырып бойынша пьеса жазып шықты. Бұл қойылымның басты ерекшелігі – үш кезеңге бөлінген және басқа қойылымдар секілді ертегі емес, ақпараттық-танымдық қойылым болмақ. Қазір балалар өте ақылды, смартфонды бізден жақсы түсінеді. Өрт бола қалған жағдайда, ауырып қалған кезде қандай номерге хабарласу керек, не істеу керек, денсаулықты қалай күту керек екендігі туралы ақпараттарды жинап бір оқиғаға салып, кейіпкерлер бүлдіршіндермен бөлісетін болады. Осы ойды көркемдік кеңеске ұсынғанда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың бас режиссері Оразәлі ағамыздың: «Қойылымды қанша бала келіп көрері белгісіз, бірақ соның біреуі болсын осы қойылымнан өзіне бір нәрсе түйіп, ол жолда жүру ережесін біліп, бір баланың болсын өмірін сақтап қалсақ осының өзі біздің театрымыздың үлкен бір жетістігі емес пе!» деген керемет сөз айтып еді. Мендегі мақсатпен дәлме-дәл келген бұл ой мені бұрынғыдан бетер қанаттандырды. Бұйырса алдағы уақытта жоғары деңгейдегі, танымдық  туынды шығады деген сенімдеміз.

– Бәрімізге белгілі қазіргі таңда қуыршақ театры сахнасында тек балаларға  ғана емес ересектерге де арналған қойылымдар сахналанып, тіпті шетел асып жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр. Алдағы уақытта ересектерге арналған қойылым ұсыну ойыңызда бар ма?

Иә, біздің қуыршақ театрының ересектерге арналған қойылымдары қазір көптің назарында десек болады. Мен қойылымды тек ересектер деп қана емес, жасөспірімдерге және ересектерге деп қамтығым келіп отыр. Бұйырса осы «Есте сақта, балақай!» қойылымы жарыққа шықса, аталған аудиторияны қамтитын жаңа қойылымға дайындықты бастау жоспарда тұр. Мен негізі жоспарларым туралы көп айта бермеймін, сондықтан ол ой толық тиянақталып іске асқан соң ғана бөлісе аламын.

– Әр режиссердің қойылым қою барысындағы өзіндік ерекшеленіп тұратын тәсілдері болады, ал сіз белгілі бір бағытты ұстанасыз ба?

Жоқ, мен белгілі бір бағытты ұстанбаймын. Мысалы жақында тұсауы кесілген қазақы ұлттық салт-дәстүрмен өрнектелген «Ұр, тоқпақ!»  қойылымын, достық пен адалдықты суреттейтін «Ауыл иті Ақбай» қойылымын тағы сол секілді басқа қойылымдарымды көрсеңіз, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сол секілді бұл жаңа қойылымда осы ақпарттық түрде өзінше ерекшеленеді және басқа қойылымдарға ұқсатпауға барынша тырысамын. Мен қазір ізденіс үстінде жүргендіктен әлі жан-жақты бағытты қамтығым келеді. Сондықтан алда талай қызықты, мүмкін өзім күтпеген жанрда жұмыс жасауым да ғажап емес.

Келелі сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая БАУЫРЖАНҚЫЗЫ