Қазақстан Каспий теңізін сақтау үшін оған іргелес мемлекеттердің ғылыми күш-жігерін біріктіруге шақырды

Түркияның Анталья қаласында COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстан Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің ғылыми ынтымақтастығын нығайту, бірлескен экологиялық мониторинг жүргізу және деректер алмасуды дамыту бастамасын көтерді.

Бұл мәселелер Әзербайжан павильонында өткен «Каспий теңізі: қоршаған ортаны қорғау жолындағы ғылым және өңірлік ынтымақтастық» атты халықаралық пікірталас барысында талқыланды.

Іс-шараның ашылуына Әзербайжан Республикасының Климат мәселелері жөніндегі Президент өкілі Мұхтар Бабаев пен Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан өкілі Каспий өңірі тап болып отырған күрделі экологиялық сын-қатерлерге назар аударып, Каспий маңы мемлекеттерінің үйлестірілген іс-қимылдарының қажеттігін атап өтті.

Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Жағалау сызығының динамикасына жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес, соңғы 25 жылда Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі акваториясының ауданы 16 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарған.

Климаттың өзгеруі, теңіз ортасының ластануы және биоалуантүрліліктің азаюы бүкіл өңірдің теңіз және жағалау экожүйелеріне төнетін қауіп-қатерді күшейтіп отыр.

Мансұр Ошурбаев атап өткендей, болып жатқан өзгерістердің ауқымы нақты ғылыми деректер мен кешенді зерттеулерге негізделген бірлескен шешімдерді талап етеді. Осы тұрғыда бірлескен мониторингті дамыту, ғылыми ақпарат алмасу және Каспий маңы бес мемлекетінің ғылыми-зерттеу мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту ерекше маңызға ие.

Қазақстанның бұл бағыттағы маңызды үлесінің бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының құрылуы. Институттың қызметі теңіз ортасын кешенді зерттеуге және Каспий экожүйесін сақтау жөніндегі шараларды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан институттың әлеуетін арттыруға және оның өңірдегі бейінді ғылыми мекемелермен белсенді ынтымақтастығын дамытуға мүдделі.

Пікірталас барысында Каспий маңы бес мемлекетінің экологиялық ынтымақтастығына негіз болып келе жатқан Тегеран конвенциясы аясындағы өңірлік өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылды.

Қатысушылар теңіз ортасының ластануын болдырмау, биоалуантүрлілікті сақтау, экожүйелерді қалпына келтіру және қоршаған ортаны қорғаудың тиімді шешімдерін әзірлеу бағыттарындағы ғылыми зерттеулердің рөлін қарастырды.

Вице-министр атап өткендей, ғылыми зерттеулер мен сараптамалық бағалаулардың нәтижелері табиғатты қорғау саласындағы басым жобаларды айқындауға, оларды одан әрі әзірлеуге және халықаралық қолдау тартуға негіз болуы тиіс.

Қазақстан Каспий теңізін сақтау жөніндегі ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ортақ келісілген тәсілдерді әзірлеуге мүдделі екенін білдірді.

Бірлескен зерттеулерді, экологиялық мониторингті және практикалық табиғат қорғау бастамаларын дамыту өңірдің бірегей экожүйесін қорғау жолында Каспий маңы мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі