Қазақстан отандық азық-түлік өндірісін қолдау үшін заңнамалық шешімдер іздеп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес, елімізде отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау мәселелерімен айналысатын жаңа жұмыс тобы құрылды. Бұл топқа ҚР-ның тамақ өнеркәсібі саласындағы салалық қауымдастықтар мен уәкілетті мемлекеттік органдар кірді.
Жұмыс тобының негізгі міндеттері – қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, заңдарға қажетті өзгерістер енгізу, сондай-ақ халықаралық бәсеке күшейіп, ішкі нарықтағы протекционизм шараларын енгізу қажеттілігі бар кезде ұлттық өндірушілердің мүддесін қорғайтын теңгерімді шешімдер әзірлеу. Сонымен қатар, қазақстандық өнімнің отандық сауда орындарында өтімді болуына кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді шешу.
Аталған топты Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы жанындағы аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Нұржан Әшімбетов басқарады. Қазіргі уақытта жұмыс тобы тамақ өнеркәсібінің салалық одақтарының ұсыныстарын талдап, заңнаманы, оған қатысты нормаларды және реттеуші құжаттарды жетілдіру жұмыстарын белсенді түрде атқарып жатыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазақстандық азық-түлік нарығында импорттың шектен тыс басым болуын ұят жағдай деп атады. Сондай-ақ депутаттарды отандық өндірушілерді қорғайтын заңдарды белсенді әзірлеуге шақырды», — деді ол.
«Ел басшылығының міндеті – отандық өндірісті дамытып, азық-түлік импортына тәуелділікті азайту. Осы мақсатта AMANAT партиясының АӨК жөніндегі кеңесі салалық одақтар мен тиісті мемлекеттік органдарды қамтыған жұмыс тобын құруды бастамалады. Бұл топ ішкі азық-түлік нарығын қорғау және қазақстандық өндірушілерді қолдау бойынша нақты шаралар әзірлеуі тиіс. Тамақ өнеркәсібінің салалық одақтары импорттың өсуі мен қазақстандық өнімнің сауда желілерінен ығыстырылуы мәселесін көптен бері көтеріп келеді. Сондай-ақ шекарадағы бақылаудың әлсіздігі салдарынан талапқа сай емес, сапасы төмен өнімдердің еліміздің нарығына кіріп кетуі де үлкен проблема болып отыр. Осы өзекті мәселелерді жаңа жұмыс тобы аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылауды жалғастырып жатырмыз. Отандық өндірушілерге нақты қолдау көрсетіп, ішкі азық-түлік нарығын қорғау бойынша стратегиялық шешімдер қабылдайтын уақыт келді деп есептеймін», — деді Нұржан Әшімбетов.
Жаңа жұмыс тобы отандық азық-түлік өндірісінің дамуын тежеп тұрған мәселелерді шешу жолдарын бірлесе іздеу үшін тамақ өнеркәсібінің салалық одақтарымен, Мәжіліс депутаттарымен және мемлекеттік ведомстволар өкілдерімен конструктивті жұмысты жалғастыратын болады.
Қазір назар аударуды қажет ететін бірқатар жүйелі проблема анықталды. Мысалы, еліміздегі ірі сауда желілеріне бүгінгі таңда импорттық тауарды сату әлдеқайда тиімді, сондықтан қазақстандық сөрелерді шетелдік өнім көбірек толтырып жатыр. Бұған бірнеше себеп бар. ЕАЭО-ға мүше Беларусь пен Ресей өз өндірушілеріне импортқа қарағанда басымдық беретін заңнамалық нормалармен қатар, өндіріс пен өткізу шығындарын азайтуға бағытталған экономикалық және салықтық қолдауды кеңінен көрсетеді. Мәселен, Ресейде үкімет өз өндірушілеріне тауарды сату нүктесіне дейін жеткізу шығындарын өтеп береді. Мұндай қолдаулар нәтижесінде импорттық өнімнің өзіндік құны қазақстандық өнімнен төмен болып шығады.
Жұмыс тобының талқылауындағы тағы бір көптен бері шешілмей келе жатқан мәселе – ретробонус дауы. Бұл тетік қазақстандық азық-түлік өндірушілерінің дамуына елеулі кедергі келтіріп отыр. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңында сауда желілерінің азық-түлік тауарларына 5% көлемінде «сыйақы» алуын шектейтін талап бар. Алайда заңдағы олқылықтардың кесірінен сауда желілері өндірушілерден рұқсат етілген 5%-ды ғана емес, сондай-ақ түрлі ойдан шығарылған немесе қажетсіз қосымша «қызметтерге» 40%-ға дейін ақы төлеуді талап етіп отыр. Бұл төлемдер тауардың өткізу бағасынан ұсталып қалатындықтан, отандық өндірушілер сауда желілері арқылы сатылған өнімнен түсуі тиіс табысының едәуір бөлігін жоғалтуда.
Сондай-ақ салалық одақтар еліміздің әр өңірінде өзіне ғана тиесілі «сауда монополиясы» бар екенін атап өтеді. Яғни нарықта бәсекелесі жоқ 1–2 ірі сауда желісі үстемдік етеді. Мұндай жағдай жергілікті өндірушілердің жағдайын тіпті қиындата түседі, себебі өнімін өткізуге балама желі жоқ, ал сауда желілері өз шарттарын қоя алады.
«Ел басшылығы экономиканы дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойып отыр. Алайда іс жүзінде отандық өндірушілер кешенді қиындықтарға тап болып жатыр. Сауда желілеріне көбінесе көбірек пайда әкелетін импорттық өнімдерді сату тиімдірек. Бұл жағдай, әсіресе Қазақстан ЕАЭО мен ДСҰ аясындағы халықаралық міндеттемелерді орындап отырғанын ескерсек, отандық азық-түлік өндірушілері үшін аса қолайсыз ахуал қалыптастырады. Сөре кеңістігіне қол жеткізу мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Біз отандық өндірушілер үшін сауда сөресінің кемінде 60 пайызын бекітіп беруді ұсынамыз. Немесе ЕАЭО аясындағы серіктестеріміз енгізіп отырған шектеулерге айна-қатесіз жауап беру. Мәселен, ашық деректерге сүйенсек, Беларусь Республикасының Сауда министрлігінің бұйрығына сәйкес, беларусь сауда кәсіпорындары сөрелерінің 85%-ын өздерінің ұлттық өндірушілерінің тауарларымен толтыруы тиіс. Бұл шараның нәтижесі бар екенін көріп отырмыз – ол беларусь сүт өнімдерінің дамуына, ішкі нарықты толықтыруына және Ресей, Қазақстан секілді елдерге белсенді экспорттауына мүмкіндік берді», – дейді «Қазақстанның сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.
Бұдан бөлек, Қазақстан шекарасы әлі де «сұр» схемалармен әкелінетін немесе біздің қауіпсіздік талаптарына және басқа да заңнамаға сай келмейтін азық-түлік өнімдерін толықтай тоқтата алмай отыр. Елге азық-түлік өткізуге жауапты мемлекеттік органдардың құзыреті мен міндеттері арасында сәйкессіздік бар. Соның нәтижесінде нарыққа сапасы белгісіз, мемлекеттік бақылаудан өтпеген өнім көптеп түседі. Мұндай тауарлар төмен бағамен сатылатындықтан, отандық өндірушілер үшін әділетсіз бәсеке туғызады. Ал оның арзан болуының басты себебі – импорттаушылар салық төлемейді, қымбат рефрижераторларды пайдаланбайды, қоймалары, қызметкерлері, әкелінген өнімнің қауіпсіздігіне жауап беретін заңды мекемелері жоқ және тағы басқа шығындарға бармайды. Салалық одақтардың алдын ала бағалауынша, кейбір азық-түлік санаттары бойынша «сұр» және бақылаусыз импорт нарықтың 40%-ына дейін жетуі мүмкін.
«Жақында ғана Ресей тарапынан Қазақстанмен шекарада күшейтілген кедендік бақылау жүргізілген. Мыңдаған жүк көлігінің жиналып қалуына себеп болған тағы бір мәселе – «сұр» импорттың қайта белең алуы. Тексерулер шекарадан құжаттары толық емес жүк көліктерінің өтіп жатқанын анықтады, осының салдарынан, оның ішінде азық-түлік тиелген фурлардың да жаппай кідірісі орын алды. Осыған ұқсас жағдай Ресейден Қазақстанға қарай бағытталған жүк тасымалында да бар, онда да ережеге сай емес жеткізу схемалары анықталуда. Алайда қазақстандық тарап мұндай бақылауды Ресей деңгейінде күшейтіп отырған жоқ. Нәтижесінде теңгерімсіздік пайда болады: Ресей шекарада тексерісті күшейтсе, Қазақстан жағынан шекара ашық күйінде қалып отыр. Бұл екі ел арасындағы саудада тең емес жағдай туғызу қаупін арттырады.
«Біз өзіміз әзірлеген заңнамалық ұсыныстарды мемлекет қолдайды деп үміттенеміз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана отандық өндірісті дамытуға бағытталған тиімді әрі ойластырылған мемлекеттік қолдау жүйесін құру мүмкін болады», – деп атап өтті Салалық одақтар альянсы.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда отандық азық-түлік өнімдерінің саудадағы жағдайы күрделене түсуде. Салалық одақтардың пікірінше, мемлекеттік органдар ұсынып отырған жағдайды жақсартуға бағытталған шаралары әзірге үстірт сипатқа ие және түбегейлі өзгеріс әкелуге қауқарсыз. Ішкі нарықты тұрақтандыру, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ұлттық өндірушіні әділетсіз бәсекеден қорғау үшін заңнама мен реттеуші құжаттарға түбегейлі реформа қажет. Құрылған жұмыс тобының міндеті – нарықтағы жағдайды жақсартуға және отандық өндірушілер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді заңнамалық ұсыныстар кешенін әзірлеу.