Қазақстанда Израильдің Халықаралық Онкология мектебі ашылады
Қазақстанда «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық қоры» үкіметтік емес ұйымының бастамасымен отандық дәрігерлерді әлемнің үздік тәжірибелерімен таныстырып, оқытуға бағытталған ауқымды жоба басталды. Отандық медициналық ЖОО-ның жиырма түлегі онкология және онкогематология бойынша постдипломды медициналық білімнің Халықаралық мектебінің (IPSM) резиденттері атанды. Оқу 1-қазанда басталды.
Қазақстандағы IPSM резиденттерінің бірінші толқыны — бұл Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Қарағандыдан келген жас дәрігер мамандар. Қабылдау комиссиясы келіп түскен 300-ден астам өтінімнен тек 20 студентті таңдады. Іріктеу төрт турдан тұрды. Үміткерлерге айырықша медициналық біліктілікпен қатар, soft skills мүмкіндіктерін, яғни адамдармен ортақ тіл табу, өзгерістерге тез бейімделу және түрлі жағдайларда шешім қабылдау қабілеттерін көрсету талаптары қойылды.
Әсел Сәдуақасова, хирург-онколог, IPSM резиденті
«IPSM іріктеу талаптары Гарвардтан кем болған жоқ. Мотивациялық хат та жаздық. Төрт кезеңнің нәтижесінде ынтасы мен дамуға деген құлшынысы мол дәрігерлер ғана қалды. Мектепте еліміздің барлық аумағынан келген әріптестер оқуда. Көбі мұнда білім алу үшін Астанаға отбасыларымен бірге көшіпті. Менің оқып жатқанына 11 жыл болды. Халықаралық мектепте білім алу біз үшін керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Отандық жоғары оқу орнындағы біліммен қатар, батыс тәжірибесімен де танысуға болады. Оның үстіне, тегін білім аламыз. Онкология – қазіргі кезде өте өзекті мәселе. Сондықтан, заманауи ғылымға, науқасты мейлінше қолдауға негізделген тәсілдерді меңгеру керек. Бізді халықаралық беделі бар кәсіби мамандар оқытады. АҚШ, Израиль және Ресейдің жетекші онкологтары онлайн дәріс береді. Ал Астанада басқа резиденттермен бірге Ұлттық онкология және ортопедия ғылыми орталығының аумағында тәжірибе жүргіземіз. Келесі жылы Израильге барып, тағылымдамадан өту жоспарлануда».
Екі жыл бойы Мектеп резиденттері медициналық әдебиетті критикалық оймен оқуды, дәлелді медицина тұжырымдарына негізделе отырып шешім қабылдауды, клиникалық зерттеулер жүргізуді, науқастар мен әріптестермен арада нәтижелі байланыс орнатуды үйренеді. Осының бәрі – заманауи онколог дәрігердің құзіретіне кіретін міндеттер. Мектепте білім беретін ұстаздар – Израиль, АҚШ пен Ресейдің халықаралық беделі бар мамандары.
Резидентура аясында Израиль емханаларында ұзақ мерзімді тәжірибеден өту қарастырылған. Оны бітіргеннен кейін, еуропалық кәсіби қауымдастықтардың тәуелсіз емтиханынан өту керек. Жоба ұйымдастырушылары Мектеп жұмысының арқасында Қазақстанда қауіпті дертке қатысты жағдайды өзгертуге көмектесе алатын білікті онколог-дәрігерлердің жаңа толқыны құрылады деген сенімде.
Илья Фоминцев, IHEA директорлар кеңесінің төрағасы (Израиль), жоба идеологы
«Біздің жобамыздың басты мақсаттарының бірі – науқастарды дұрыс емдеуді үйрету ғана емес, ойлау мәдениеті және сырқаттармен байланысты өзгертуді, басқа дәрігерлердің біліктілігін арттыруға үйрету. Біз 5 жылда жаңа Қазақстан үшін 100-ден астам жаңа онкологты оқытып шығамыз. Бұл елдегі барлық онкологтың 20% саналады. Әрбір түлегіміз өзінің айналасындағы ортаны өзгерте бастайды. Олар онкологияға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін бірлестік құрады».
IPSM Мектебі методологиясының авторы – Израильдің IHEA (International Healthcare Equity Agency) коммерциялық емес ұйымы. Түрлі елдің үздік дәрігерлері, зерттеушілері, заңгерлері, АТ мен қайырылымдылық саласындағы мамандарының басын қосқан халықаралық ұйымның міндеті – дәрігерлер мен науқастардың білімін арттыруға бағытталған халықаралық жобаларды жүзеге асыру. IPSM Мектебі Ресейде жұмыс істейтін онкология Жоғарғы мектебінің 9 жылдық тәжірибесін қолданады. Ресейлік жобаның негізін қалаушы Илья Фоминцев.
Қазақстанда IPSM жобасы «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық қоры»-ның бастамасымен жұзеге асуда. Аталған ұйымның мақсаты – отандық медицинадағы сапалы өзгерістерді қолдау және оны әлемдік деңгейге жеткізу. Қор құрылтайшылары мен қамқоршыларының арасында белгілі дәрігерлер мен қоғам қайраткерлері де бар.
Диляра Айдарбекова, «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық қоры» қамқоршы кеңесінің төрайымы
«Қазақстанның әрбір тұрғыны сапалы медицинаға лайық. Әрине көп нәрсені сынауға болады. Денсаулық сақтау саласының жағдайы мемлекеттің ғана емес, азаматтық қоғамның да қадағалауында болуы тиіс деп ойлаймын. Біз Қазақстанның білікті дәрігер мамандарымен бірлесе отырып қоғамдық қор құрдық. Оның басты міндеті – отандық медицинаға оң өзгерістер енгізу. IHEA әріптестерімен жұмыс істеудің арқасында бұған қол жеткізе аламыз деп сенемін».
Қазақстанда 2023-жылы ашылған IPSM Мектебі әзірге онкология мен онкогематология курстарын бастады. Келешекте дәрігерлік мамандықтарды кеңейту жоспарлануда. Қазақстандағы IPSM Мектебін жеке және корпоративті қайырылымдылық жасаушылар қаржыландыруда.