«Қазхром» ТҰК» АҚ хром кенін өндіруді ұлғайтуда
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты «Первомайское» кен орнында жаңа технологияны қолдана бастады. Бұл мұндағы өндірілетін шикізат көлемін 50%-ке, яғни жылына 300 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар игеріліп жатқан «Южный» карьерінің қосымша қорлары ашылып жатыр.
«Первомайское» — 2017 жылдан бері игеріліп жатқан кен орны. Жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна, ал кендегі хром оксидінің мөлшері – 40,3%. Бүгінгі күнге дейін мұндағы жұмысты мердігер ұйым жүргізген болатын. Алайда, комбинат кеншілері өнімді өз күштерімен өндіруге кірісті. Бұл шығындарды азайтып, Дөң тау-кен байыту комбинаты үшін жұмыс орындарының санын көбейтуге едәуір сеп. Тағы бір айта кетерлігі, енді бұл кен орнында жаңа технология – қапталдық шығарылым әдісі қолданылмақ.
– Қапталдық шығарылым нағыз біздің қызметке арналған әдіс, — деп атап өтті Дөң тау-кен байыту комбинаты техникалық бөлімінің басшысы Виталий Гусаров. – Кәсіпорын бұл тәжірибені бұған дейін «Дүбірсай» және «Геологическое-1» кен орындарын игеруде қолданып көрген. Бұрынғы жүйелерге қарағанда, аталған әдістің өнімділігі жоғары әрі механикаландырылған.
Кен орнына қызмет көрсететін учаске кеңейе түсті. Қазір мұндағы штат саны – 376 адам. Ал игеру жұмыстарына 12 жерасты жеткізу көлігі және алты жерасты самосвалы сатып алынды. «Первомайское» қорларына эксплуатациялық барлау жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыс нәтижесінде жаңа бағыттар әзірленбек.
Одан бөлек, «ҚазКСР 20 жылдығы» кен орнына қарасты кәсіпорынның «Южный» деп аталатын тағы бір карьерінің батыс бөлігіндегі қорлар да ашылып жатыр. Бұл оның жұмыс ауқымын кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруға ықпал етеді.
Биыл «Қазхром» кен өндіру көлемі жылына 7,5 миллион тоннаға дейін жететін жаңа шахтаны ашуды жоспарлап отыр.