Кинотуризм: Қазақстанның әлемге танылуына мүмкіндік мол

Үндістанда өткен 57-ші халықаралық кинофестиваль мен WAVES Film Bazaar XX мерейтойлық киножәрмеңкесі Қазақстанның туристік және кинематографиялық әлеуетін әлемге танытуға мүмкіндік берді. Аталған шараларға кинотуризм елшісі Надира Ахонова Үндістанның Ұлттық киноөндірісті дамыту корпорациясының (NFDC) ресми шақыруымен қатысып, шетелдік продюсерлер мен кинематографистерге еліміздің табиғаты, түсірілімге қолайлы көрікті жерлері мен шығармашылық мүмкіндіктері туралы таныстырды.

57-ші Үндістан халықаралық кинофестивалі (IFFI) – Азия құрлығындағы ең ірі әрі беделді кинофорумдардың бірі. Фестивальмен қатар ұйымдастырылатын WAVES Film Bazaar киножәрмеңкесі де халықаралық киноиндустрия өкілдері үшін маңызды басқосу алаңы саналады. Мұнда әлемнің әр түкпірінен келген продюсерлер, режиссерлер мен дистрибьюторлар бас қосып, жаңа жобаларды талқылайды, қаржыландыру көздерін іздейді, өзара әріптестік орнатып, фильм түсіруге қолайлы орындармен танысады.

Киножәрмеңке аясында Надира Ахонова үндістандық және өзге де елдердің кино мамандарымен бірқатар кездесу өткізіп, Қазақстанның түсірілімге қолайлы табиғи аймақтары мен туристік мүмкіндіктерін таныстырды.

«Үндістандық продюсерлер үнемі жаңа түсірілім орындарын іздейді. Ал Қазақстанда соның бәрі бар: Тянь-Шань таулары, шатқалдар, көлдер, ұлан-ғайыр далалар, шөлейтті аймақтар мен заманауи қалалар. Олар үшін Қазақстан – әлі толық ашылмаған ел. Сондықтан көптеген кино мамандары біздің елге келіп, фильм түсіруге қызығушылық танытып отыр», – дейді Надира Ахонова.

Оның Үндістан киноиндустриясымен ынтымақтастығы 2019 жылдан басталған. Ал 2026 жылы Global South Film Festival (GSFF) халықаралық кинофестивалінің ресми өкілі әрі қазылар алқасының мүшесі атанды. IFFI фестивалі кезінде Үндістанның ұлттық телеарнасы Doordarshan арнасына сұхбат беріп, кинофестивальдің маңызы мен Орталық Азияның халықаралық кино кеңістігіндегі орны туралы ой бөлісті.

Надира Ахонованың айтуынша, ол GSFF командасымен Мумбайда өткен BRICS WAVES Bazaar шарасында танысқан. Сол кезде кино саласындағы әйелдердің рөліне арналған пікірталас алаңында баяндама жасаған. Оның пікірінше, Global South Film Festival – әлемде көп жағдайда назардан тыс қалып қоятын Азия, Африка және Латын Америкасы халықтарының тарихы мен тағдырын өз дауыстарымен жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды шығармашылық алаң.

«Орталық Азия ғасырлар бойы мәдениеттер мен тарихтардың тоғысқан мекені болды. Бір кездері Ұлы Жібек жолы біздің жерімізді өзара байланыстырса, бүгінгі таңда кино – жаңа Жібек жолымыз. GSFF арқылы Орталық Азия, Үндістан және тұтас Жаһандық Оңтүстік елдері арасындағы шығармашылық байланыстардың нығая түскенін көріп отырмыз», – дейді ол.

Надира Ахонова Үндістан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың да терең екенін атап өтті. Оның сөзінше, үнді киносы қазақ көрерменіне таңсық емес. Көптеген отандасымыз үнді фильмдері мен әуендерін тыңдап, соларды тамашалап өсті. Бұл екі елдің кино саласындағы ынтымақтастығын дамытуға берік негіз бола алады.

WAVES Film Bazaar аясында Надира Ахонова «Trance Opera: Genesis» фильмінің көрсетіліміне де қатысты. Музыка, кино және цифрлық өнерді тоғыстырған ауқымды туындыда ғаламның, тіршілік пен табиғаттың тарихы баяндалады. Жобаға төрт октавалық дауыс диапазонымен танымал әлемдік деңгейдегі вокалист Mystic Papizh қатысқан. Фильмнің режиссері әрі продюсері – iFree компаниясының негізін қалаушы Владимир Кедринский. Қазіргі уақытта туындыны Қазақстанда прокатқа шығару мүмкіндігі талқыланып жатыр.

Надира Ахонованың пікірінше, кинотуризмді дамыту ел экономикасына да, халықаралық беделіне де елеулі үлес қоса алады. Өйткені шетелдік әрбір кино жобасы елімізге инвестиция тартуға, отандық түсірілім топтарына жұмыс орындарын ашуға, қонақүй, көлік және қызмет көрсету салаларының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар фильм арқылы Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері миллиондаған көрерменге танылады. Бұл өз кезегінде шетелдік туристердің қызығушылығын арттырады.

«Әрбір шетелдік кино жобасы – елімізге салынған инвестиция, отандық түсірілім топтары үшін жұмыс, қонақүйлерге, көлік саласы мен кәсіпкерлерге түсетін табыс. Ең бастысы, Қазақстанның әлемге танылуына жол ашады. Миллиондаған көрермен экраннан еліміздің әсем табиғатын көргенде, оны өз көзімен тамашалауға келгісі келеді», – дейді кинотуризм елшісі.

Айта кетерлігі, WAVES Film Bazaar киножәрмеңкесінде бірқатар мемлекет өздерінің ұлттық павильондарын таныстырған. Олардың қатарында Қырғызстан да бар. Осы орайда Надира Ахонова келесі жылы Қазақстанның да аталған халықаралық киножәрмеңкеге қатысуы жөнінде бастама көтеріп отыр.

«Қазақстанның халықаралық кино түсірілімдерінің басты алаңдарының біріне айналғанын қалаймын», – дейді ол.

Шын мәнінде, еліміздің табиғи ландшафты мен тарихи орындары әлемдік киноиндустрия үшін үлкен мүмкіндікке ие. Ал осы әлеуетті халықаралық деңгейде танытып, шетелдік киноөндірушілермен байланысты жолға қою – туризмді дамытудың, инвестиция тартудың және Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі орнын нығайтудың тиімді жолдарының бірі.