Жетісу облысы: Көксу ауданында инвестиция көлемі екі есеге жуық өсті

Жетісу облысының Көксу ауданында биылғы он айда 35,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге жуық көп. Сонымен қатар аудан орталығы Балпық би ауылында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталып, екі тұрғын үй пайдалануға беруге дайындалуда. Бұл туралы Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында мәлімдеді.

Аудан экономикасына тартылған инвестицияның 33,3 млрд теңгесі жеке қаражат есебінен келген. Өткен жылдың осы кезеңінде жеке инвестиция көлемі 11,5 млрд теңге болған. Ал 2026-2030 жылдарға арналған жоспарға жалпы құны 34,3 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 599 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазір «Бекзат» ЖШС-ның су электр станциясы мен «Beles Agro KZ» ЖШС-ның құс фабрикасы жобалары іске асырылуда.

Құрылыс саласындағы көрсеткіш те айтарлықтай өскен. Он айда 28,5 млрд теңгенің құрылыс жұмысы орындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсім. Осы уақытта ауданда 13,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Балпық би ауылында әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қазір оларды «Отбасы банкке» өткізу рәсімі жүргізілуде.

Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға арналған 70 үйді сатып алуға 1,5 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта оның 64-і сатып алынды. Ал Балпық би ауылындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы 2027 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс.

«Ауданның өнеркәсіп өндірісі он айда 31,7 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорындар арасында Көксу қант зауыты мен майлы дақылдарды өңдейтін «Уыз Май Индастри» маңызды орын алады. Қант зауыты қазан айынан бастап қант қызылшасын қабылдап, өңдеуге кірісті. Кәсіпорын маусымда 350 мың тоннаға дейін қызылша өңдеуді жоспарлап отыр. Қазір тәулігіне шамамен 200 тонна өнім шығарады. Зауытта өндірістік қуатты арттыруға бағытталған жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде», — деді аудан әкімі.

«Уыз Май Индастри» кәсіпорны жыл басынан бері 41,8 мың тонна өнім өндіріп, оның құнын 13,6 млрд теңгеге жеткізген. Ал құрылыс материалдарын шығаратын «Строитель» ЖШС он айда 31,4 мың тонна өнім өндірді. Ауданда шағын және орта бизнестің 4 218 субъектісі жұмыс істейді, бұл салада 6,1 мың адам еңбек етеді.

Ауыл шаруашылығында он айдағы жалпы өнім көлемі 43,7 млрд теңгеге жетті. Диқандар 11,9 мың гектар алқаптан 45 мың тонна астық жинаған. Сондай-ақ 8,8 мың гектарға егілген майлы соядан 25,4 мың тонна өнім алынған. Қант қызылшасын жинау науқаны кезінде 166 шаруа қожалығы 85,9 мың тонна өнім жинады.

Инфрақұрылым бойынша ауданның 34 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған. Газдандыруға жататын 34 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Балпық би ауылында газ тартылмаған үйлерді желіге қосу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Жол жөндеу жұмыстары төрт елді мекендегі 16 көшені қамтыды. Нәтижесінде 7,9 шақырым жол жөнделіп, оған 322,8 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар бес ауылдағы тоғыз көшеге 316 жарық шамының тірегі орнатылып, 10,2 шақырым көше жарықтандырылды. Алматы-Өскемен республикалық автожолының аудан аумағындағы 213-234 шақырымында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын», — деп қорытындылады Даулет Халелов.

Әлеуметтік салада да бірқатар жаңалық бар. Биыл Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектеп 1,6 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласына 19 медицина маманы тартылды. Олардың қатарында жалпы практика дәрігерлері, хирургтер, акушер-гинекологтер және басқа да бейінді мамандар бар.