Кино орталық жаңа жобаларын таныстырды
Алматыда киноконтент өндірушілердің, продюсерлердің, дистрибьюторлық компаниялардың, сейлс-агенттердің, кино желілерінің, стримингтік платформалардың, халықаралық кинофестиваль бағдарламашыларының, Еуропа және ТМД елдеріндегі кино саласында қызмет көрсететін компаниялардың қатысуымен Eurasian Film Market халықаралық кино нарығы басталды. Отандық кино саласының бас қаржы операторы болып табылатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы кинонарық қатысушыларына өз жобаларын алғаш болып ұсынды.
Алғашқы болып сөз алған ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали Киноорталық 2019 жылы құрылған сәттен бастап жалпы сомасы 17 млрд теңгеге 100-ден астам киножобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін айта кетті. Олардың ішінде 47 толықметражды фильм, 25 деректі фильм, 24 қысқаметражды фильм және 8 анимациялық фильм бар.
«Біз бұл жұмысты жалғастыра отырып, отандық кинонарықты қолдаудың жаңа механимздерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазір бізде жүзеге асырылуы керек қысқа және ұзақ мерзімді міндеттер бар. Олар, ең алдымен, қолданыстағы «Кинематография туралы» Заңды, ережелер мен НҚА-ны жетілдіруге қатысты. Сондай-ақ, конкурсқа құжаттарды тапсыру рәсімін де цифрландыру жоспарлануда», — деді Құрманбек Жұмағали.
Одан кейін жиналған жұртқа ҰКҚМО басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов Киноорталықтың прокатқа шығуға дайын кинокартиналарын ұсынды. Олардың ішінде қазан айында Испаниядағы беделді кинофестивальде көрсетілетін Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу», Санжар Мәди, Дәурен Серғазин, Асылхан Төлепов, Гүлназ Жоланова сынды тамаша актерлік құраммен ерекшеленетін Данияр Ибрагимовтың «Бүркіт» экшн-фильмі бар.
Сондай-ақ, әйгілі Әділхан Ержановтың «Мүйізтұмсық» атты жаңа жұмысы және Фархат Шәріповтың «А-Студио» әндеріне негізделген ауқымды «Махаббат солдаты» мюзиклі таныстырылды. Бұл жобаға Байғали Серкебаевтың өзі продюсер-кеңесші ретінде тартылған. Сонымен бірге Максим Акбаров продюсерлік ететін «Жаза» атты сыбайлас жемқорлық туралы экшн-драмасы және қазақ рэпінің пайда болуы туралы Айторе Жолдасқалидің дебюттік «Шулама» жұмысы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, Киноорталық жеке блокта 2022-2023 жылы мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің трейлерлерін таныстырды.
Eurasian Film Market – бұл киноиндустрияның заманауи қажеттіліктеріне жауап беретін, өңірлік ынтымақтастықтың шекарасын кеңейтетін және жергілікті, алыс-жақын шетелдің киноиндустриясының бизнес-байланыстарын қалыптастыратын жыл сайынғы форум. Шара аясында киноиндустрияның өзекті мәселелеріне, соның ішінде контентті дистрибуциялау, көрсетілім технологиялары және кино саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы панельдік пікірталастарға арналған бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Форум төрт күнге созылады.