ALMATYM JÚREGIMDE – 2023 халықаралық байқауы өтеді

Алматы қаласының әкімдігі «Алматы жүрегімде – 2023» IІ Халықаралық танымал ән орындаушылар байқауын ұйымдастырады. Бұрын осы мақсатта өткізілген дәстүрлі байқау сапалық тұрғыдан жаңартылып, дәрежесі халықаралық деңгейге жеткізіліп, өткізу форматы өзгертілді.
Байқау еліміздің креативті индустриялық орталықтарының бірі, алманың отаны — Алматы қаласының брендін ілгерілету, Қазақстан мен байқауға қатысушы елдердің дарынды, жасампаз жастарын анықтау және қолдау, халықаралық мәдени қатынастарды дамыту және нығайту, рухани-мәдени құндылықтармен алмасу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Байқауға 11 елден ірі алаңдарда концерттік өнер көрсету тәжірибесі мол, ұлттық және халықаралық музыкалық байқаулар мен фестивальдерде жоғары бағаланған 20 мен 35 жас аралығындағы 15 үздік орындаушы қатысады.
Байқау екі күн – 15 және 16 қыркүйекте өтеді.
Байқаудың бірінші күні қатысушылар өз елдерінің хит-парадтарында жетекші орын алатын танымал эстрадалық шығармаларын орындайды. Байқаудың екінші күні эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақстандық композитордың танымал әндері орындалады.
Екі күндік байқау барысында қатысушылардың өнерлерін халықаралық әділқазылар алқасы бағалайды. Әділқазылар алқасының құрамы эстрада шеберлері, танымал музыканттар, өнер қайраткерлері, продюсерлерден тұрады.

Халықаралық әділқазылар алқасының құрамы:

Роза Рымбаева, Қазақстан – қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қырғызстанның және Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі.

Ғани Майлыбаев, Қазақстан – Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы

Глеб Лапицкий, Беларусь – «Витебск» мәдени орталығының бас директоры, Витебсктегі «СЛАВЯНСКИЙ БАЗАР» халықаралық өнер фестивалінің директоры.

Этери Бериашвили, Грузия — әнші, Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтының эстрадалық-джаз әні кафедрасының оқытушысы, Л.Долина академиясының оқытушысы, «Мамма Mia!» мюзиклінің актрисасы, «Россия-1» телеарнасындағы «Ну-ка все вместе» музыкалық жобасының сарапшысы.

Эрхан Байрак, Түркия – Музыкалық продюсер, ұйымдастырушы, композитор, эстрадалық музыка оркестрінің дирижері, Bayrak Records музыкалық продюсерлік компаниясының негізін қалаушы

Сахая, Саха Республикасы (Якутия) – Саха Республикасының еңбек сіңірген әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты, Саха Республикасы эстрадалық театрының солисі.

Тимур Хацаев, Ресей — Ресейлік музыкалық продюсер, режиссер. «KAVKAZ MUSIC FEST» Кавказ халықтарының ірі музыкалық фестивалінің негізін қалаушы және бас директоры, Ингушетия Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Кабардин-Балқар Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

ALMATYM JÚREGIMDE – 2023 байқауының қатысушылары:
Сон Вон Соб, Оңтүстік Корея
Алмагүл Батталиева, Қазақстан
Георги Янков, Болгария
Дейна, Ұлыбритания
Тофиг Хаджиев, Әзірбайжан
Мохитобон Мирзаева, Өзбекстан
KYLE RUHE, Қазақстан
Константин Юфанти, Греция
Аян Байжігіт, Қазақстан
Анна Трубецкая, Беларусь
Нұрай Мықты, Қазақстан
Азамат Бекбергенов, Қазақстан
Давид Киракосян, Армения
Абай Сериков, Қырғызстан
Вероника Ваиль, Израиль

Байқаудың жүлде қоры:
«Гран-при» – 2 000 000 теңге,
«1-ші сыйлық» – 1 500 000 теңге,
«2-ші сыйлық» – 1 000 000 теңге,
«3-ші сыйлық» – 500 000 теңге.