Ереван қазақстандық музыканың інжу-маржанымен танысады

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің аттас ұлттық операсынан Абайдың тамаша ариясы «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтың орындауында «Ашық аспан астындағы опера» жобасының аясында армян астанасында шырқалады. 15 қыркүйекте Тумо саябағында Ереван тұрғындары мен қонақтарының қазақстандық классикалық музыканың інжу-маржанымен танысу мүмкіндігі болады.

Армения ұлттық опера және балет театры дайындаған «Ашық аспан астындағы опера» жобасының бағдарламасында Дж.Вердидің «Травиатасы» мен А.Тигранянның «Ануш» операсы ұсынылады. «Опера гала» концерті төрт күндік бағдарламаның керемет қорытындысы болмақ, ұйымдастырушылар оған қатысуға танымал қазақстандық баритон Азамат Жылтыркөзовті шақырды.

– Ереван жұртшылығына қазақстандық музыка жауһарын таныстыру үшін концерттік бағдарламаға А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық операсынан Абайдың ариясын қосуды ұсындым. Оларға ұнайды деп ойлаймын, – деп атап өтті Азамат Жылтыркөзов. – Абай – қазақ тарихындағы көрнекті тұлға, оның ойлары бұрынғыдай өзекті және өскелең ұрпақ үшін зор тәрбиелік мәнге ие.
Орындаушының айтуынша, қазақстандық композиторлардың туындыларын елімізден тыс жерлерде тарату өте маңызды.

– Опера – Италиядан бастау алған музыкалық жанр. Десек те, XX ғасырдың 50-60-70 жылдары Қазақстанда көптеген керемет ұлттық опералар жазылып, еліміздің музыкалық игілігіне айналды. «Абаймен» қатар, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» және «Алпамыс», Ғ.Жұбанованың «Еңлік – Кебек» туындылары және басқа да шығармалар еліміздің мәдениеті мен тарихы туралы сыр шертеді. Шетелге гастрольге шыққанда біз әріптестерімізбен осы мұраны шетелдегі асқақ өнер жанкүйерлерімен бөлісуге, оларға отандық классиканың нақышын жеткізуге тырысамыз. Біздің ұлттық музыкамыз мақтануға тұрарлық, – деп атап өтті Азамат Жылтыркөзов.

– Мен Комитас атындағы Ереван мемлекеттік консерваториясында магистратураны тамамдадым. Менен емтиханды әйгілі армян теноры Гегам Григорян қабылдаған еді, кезінде ол Лучано Павароттидің сақтандырушысы болған. Бұдан бөлек, 2017 жылы мен Ереванда Арам Хачатурян атындағы халықаралық вокалистер байқауының лауреаты және арнайы жүлделердің иегері атандым. Арменияның ұлттық опера және балет театрымен, Мемлекеттік филармониялық оркестрдің бас дирижері Эдуард Топчанмен тығыз әріптестік байланыстамын. Эдуард Топчан мені Р.Леонкаваллоның «Паяцы» қойылымында Сильвио партиясында өнер көрсетуге шақырған болатын, – деді Азамат Жылтыркөзов. – Арменияда классикалық өнерді жақсы көреді және жылы қабылдайды, мұнда әрдайым аншлаг.

Айта кету керек, «Опера гала» бағдарламасы әлемдік классикалық музыка жауһарларынан құрылған, оларды опера жұлдыздары Вероника Джиоева, Анаит Мхитарян, Карина Флорес, Маргарита Грицкова, Ованес Айвазян орындайды. Дирижер тұғырында әлемге әйгілі италиялық дирижер Фабио Мастранджело жарқын өнер көрсетеді.