Қытайдағы «екі жиналыс»: жаңа даму бағыты және Қазақстанмен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері

www.istockphoto.com
Наурыз айының басында жыл сайынғы дәстүр бойынша Бейжіңде Қытайдың саяси өміріндегі ең маңызды жыл сайынғы оқиғалардың бірі «екі жиналыс» өтті. Бұл Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі өткізетін негізгі саяси шарасы. Дәл осы алаңда Қытайдың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары талқыланып, елдің алдағы жылдарға арналған стратегиялық басымдықтары айқындалады.
2026 жылғы жиналыстар Қытай экономикасының жаңа даму кезеңіне өтуімен тұспа-тұс келді. Қабылданған шешімдер тек Қытайдың ішкі саясаты үшін ғана емес, оның негізгі серіктестері үшін де маңызды. Соның ішінде Қазақстан үшін бұл жиындардың маңызы ерекше.
Жиналыс барысында Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян үкіметтің жұмыс есебін ұсынып, өткен жылдың негізгі нәтижелерін жариялады. Оның айтуынша, 2025 жылы Қытай экономикасы шамамен 5 пайызға өсті, ал қалаларда 12,6 миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалды: астық өндірісі 715 миллион тоннаға жетті. Сонымен қатар Қытай жаңа энергетикалық көліктер өндірісінде әлемдік көшбасшылардың біріне айналып, бір жыл ішінде 16 миллион электромобиль шығарды.
Алдағы 2026–2030 жылдарға арналған 15-бесжылдық жоспар Қытайдың ғылыми-технологиялық дамуын жеделдетуді көздейді. Ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржыны жыл сайын 7 пайыздан жоғары өсіру, цифрлық экономиканың үлесін арттыру және көміртегі шығарындыларын азайту – жаңа кезеңнің негізгі міндеттері ретінде белгіленді.
Қытай үкіметі жоғары технологиялық салаларды стратегиялық басымдық ретінде қарастырып отыр. Интегралды схемалар, авиация, ғарыш өнеркәсібі, биомедицина және биофармацевтика бағыттары белсенді түрде дамытылады.
Сонымен қатар кванттық технологиялар, 6G байланысы, жасанды интеллект және жаңа энергия көздері сияқты болашақ индустрияларын қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар Қытайдың әлемдік технологиялық бәсекеде жетекші орын алуына бағытталған.
Жиналыс аясында халықаралық қатынастар мәселесі де кеңінен талқыланды. Қытай сыртқы істер министрі Ван И қазіргі әлемдегі геосаяси өзгерістер жағдайында Қытайдың көпжақты ынтымақтастықты қолдайтынын және көршілес елдермен достық қатынастарды нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, Азия аймағындағы тұрақтылық пен экономикалық даму көршілес мемлекеттердің өзара сенімі мен ынтымақтастығына тікелей байланысты.
Қытайдағы «екі жиналыста» белгіленген экономикалық басымдықтар Қазақстан үшін де маңызды. Бүгінде Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі.
Соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қытайдың жаңа индустрияларға, жасыл энергетикаға және цифрлық экономикаға басымдық беруі Қазақстан үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Әсіресе жаңартылатын энергия көздері, «ақылды» өндіріс және цифрлық инфрақұрылым салаларында бірлескен жобалардың әлеуеті жоғары.
Қазақстан Қытай бастамашы болған “Бір белдеу – бір жол” бастамасының маңызды буыны Елдің географиялық орналасуы Еуразия құрлығының негізгі транзиттік дәліздерінің бірі ретінде стратегиялық рөл атқарады.
Соңғы жылдары Қазақстан арқылы өтетін көлік дәліздері мен логистикалық жобалар айтарлықтай дамыды. Бұл тек екі ел арасындағы сауда байланыстарын ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ынтымақтастықты күшейтеді.
Қытай сарапшыларының пікірінше, Азия елдерінің экономикалық өсімінде аймақтық ынтымақтастық шешуші рөл атқарады. Бүгінде Азия әлемдік экономикалық өсімнің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің нығаюы тек екі ел үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуына ықпал ететін факторға айналып отыр.
Бейжіңде өткен «екі жиналыс» Қытайдың алдағы жылдардағы даму бағытын айқындап берді. Инновациялар, жасыл экономика және ашық халықаралық ынтымақтастық ел саясатының негізгі тіректеріне айналмақ.
Бұл үрдістер Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктер туғызады. Экономикалық және инфрақұрылымдық байланыстардың кеңеюі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Еуразиядағы тұрақты дамуға үлес қосуы мүмкін.
Ғазиза Ұзақ




