Наурыз қарсаңындағы «Көктем өрнектері» көрмесі
Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Наурыз мерекесіне орай «Көктем өрнектері» атты көрмесі ашылды. Экспозицияға музей қорынан алынған кескіндеме, заманауи және дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылады.
Бұл көрменің мәртібесі ерекше. Музей тарихына сәйкес экспозицияға енген көптеген туындылар алғаш рет қойылды. Атап айтқанда, бұл Қазақстанның қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнеріндегі жаңа кезеңді белгілейтін 1930-шы жылдардың соңында ашылған «Кілем тоқушы» артелі жасаған монументалды сюжеттік гобелендерге қатысты көрме.
Гобелендерге арналған эскиздерді әзірлеуге белгілі қазақстандық суретшілер – А. Қастеев, Н.Цивчинский, А. Исмаилов, Г. Исмаилова қатысты. Атақты сәндік-қолданбалы өнер шеберлері – Құрасбек Тыныбеков, Амангүл Иханова және т.б. туындылары ұсынылды.
Көрмеде көрермендер Қазақстанның кескіндеме өнерінің қас шеберлерінің туындыларын тамашай алады. Олардың ішінде Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Бекболат Тоғысбаев, Әли Жүсіпов, А. Сыдыханов және т.б. сияқты танымал есімдер бар. Олардың шығармалары ұлттық стильде, жұртқа танымал авторлық мәнерде орындалған. Көрмеде Айша Ғалымбаеваның көптеген көрермендерге ұнайтын «Дастархан», «Аяққап» натюрморттары, оның «Қуанышты күн» атты тақырыптық туындысы қойылған. Гүлфайрус Исмаилованың «Халық шебері», «Қымыз. Натюрморт», «Бас киімдер» атты туындылары жылы сезім ұялатады. Экспозицияда қазіргі уақытта шығармашылығымен кең танымал Алексей Уткиннің, Нелли Бубенің, Ботагөз Ақанаеваның жұмыстары қойылған.
Залда ұсынылған барлық жұмыстар көктемгі мерекенің тақырыбына сәйкес келеді. Бұл туындылар идеялық-мазмұндық мәнімен үндеседі. Мысалы, Гүлфайрус Исмаилованың сәукеле – қалыңдықтың үйлену салтанатына арналған бас киімдері бейнеленген «Бас киімдер» атты көркем суретінің жанында әйнек сөренің ішінде тұрған дәстүрлі мол безендірілген сәукеленің ғажайып үлгісі ұсынылған.
Наурыз – әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. Жаңа өмірдің оянуын бейнелейтін бұл мерекені көпұлтты Қазақстанда тұратын барлық халықтар ерекше қадірлейді. Наурыз өткен және қазіргі замандағы дәстүрлердің сабақтастығын білдіретін маңызды оқиға бола отырып, қазіргі заманға үйлесімді түрде енді. Еліміздің көптеген суретшілері өз шығармаларында көктемгі мереке тақырыбын өздеріне тән ерекшеліпен көрсете отырып, өнер туындыларын халық назарына паш еткен.
Көрме 2023 жылдың 29 наурызына дейін жалғасады.