Низамидің қырдағы музасы

21-22 мамырда «Астана Опера» сахнасында «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасы өтеді. Соғыс, даналық пен бейбітшілікке жол сала алатын махаббат жайлы қойылым Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ұсынылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын әрі Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылатын оқиға жылдың басты театрлық премьераларының біріне айналады деп күтілуде.

Жаңа операның авторлары – композиторлар Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар, либреттошы Тілеуғазы Бейсембек, қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе, қойылымның музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдин күрделі жолды таңдап алды. Ғабит Мүсіреповтің «Қыпшақ қызы Аппақ» танымал драмасын тікелей көрсетудің орнына, олар бірден бірнеше оқиға желісі өрбитін көп қабатты көріністі жасады.

Біріншісі – жеке қарым-қатынас жайлы сыр шертеді: бұл ұлы әзербайжан ақыны Низами Гәнжауи мен оның музасы, тұтқындағы қыпшақ аруы Аппақтың хикаясы. Низамиге Аппақты Дербент әміршісі қымбат сыйлық ретінде тарту еткен, алайда бұл сый олардың тағдырына айналады. Екінші оқиға желісі – эпикалық сипатқа ие: мұнда соғыстар, сан түрлі айла-шарғы мен опасыздықтар, сондай-ақ бір соғыс екіншісін туындататын күрделі жағдай бейнеленген.

Опералық пайымдауда бұл желілер қатар жүріп қана қоймайды, олар өзара нәзік өріліп, тұтас дүниеге айналады. Аппақтың жеке драмасы халықтық трагедия деңгейіне көтеріледі. Оның дәл осы даналығы, туған даламен байланысы және ата-баба жайлы естелігі көп жылғы алауыздықты тоқтататын күш болмақ.

Жаңа операдан кейіпкерлердің салтанатты кескінін күткен жандар таңғалатын болады. Өйткені Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты режиссер Михаил Панджавидзе бастаған қойылым тобы қалыпты сипаттардан саналы түрде алшақтайды. Сонымен, Аппақ бір уақытта таңданыс пен аяушылық сезімін туғыза алатын күрделі де салмақты кейіпкер ретінде көрсетілмекші.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері ағайынды Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар үшін «Аппақ» жаңа опералық формамен жұмыс істеудегі алғашқы тәжірибе болады. Оларды басты емтихан – сахнадағы премьера күтеді. Операның музыкалық жетекшісі ретінде Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин тер төкті, «Астана Опера» симфониялық оркестрін қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Ахмедьяров басқарады, сондай-ақ оркестрмен ассистент «Құрмет» орденінің кавалері Р.Баймурзин жұмыс істеуде. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов пен хормейстерлер Д.Мусин, Е.Сансызбаевтың жетекшілігіндегі хордың үні керемет болады деп күтілуде. Ал қоюшы хореограф А.Тоқтар іс-әрекетке нәзік жарқыл үстейді.

Спектакльдің көрнекі бөлігіне ерекше назар аударылған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері суретшілер С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов хикаяның толық құқылы қатысушыларына айналатын декорациялар мен костюмдерді жасауда. Жобаның техникалық жетекшісі ретінде Виктор Караре еңбектенуде. Оның міндеті – тұтас спектакльдің үйлесімді тыныстауын қамтамасыз ету.

Премьераға дейін бір ай уақыт қалды, сондықтан шымылдықтың ар жағындағы жұмыс қайнап жатыр: әртістер костюмдерді өлшеп, оркестрмен бірге дайындықтарға қатысуда, бұдан бөлек сахнадағы техникалық дайындық жұмыстары да қызу жүргізілуде. Театрдың танымал әртістері өз партияларына дайындалуда. Аппақтың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Назым Сағынтай мен Ұлпан Әубәкірова таныстырады. Низами – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Рамзат Балакишиев, Талғат Аллабиринов пен Саян Исин. Даңғазды Талғат Ғалеев, Расул Жармағамбетов пен Дінмұхамед Көшкінбаев орындайды. Дара Мұзаффарр әд-Диннің рөлінде – Саргис Бажбеук-Меликян мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников. Мехрибан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова мен Гүлжанат Сапақова. Шарафтың рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Жанат Шыбықбаев. Бұл – қатысушылардың бір бөлігі ғана, алда әлі талай есімдер аталады. Өйткені қойылым ауқымды болып шықты (ол 9 көріністі қамтиды) әрі театр репертуарындағы ең күрделі спектакльдердің біріне айналмақ. Алайда әсерлі оқиғадан ләззат алатын көрермен бұл күрделі процесті байқамай да қалады.