Ойнау, көру, сезіну

Оркестр шұңқырында дирижер жүздеген музыкантты басқарады. Ал «Астана Операның» дайындық класында өз жетекшісі бар, ол – концертмейстер. Бұл мамандық жайлы толығырақ білу үшін сахна сыртына барып көрейік.
Театрдың бас концертмейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбетәлиева бір есіктің сыртынан әуеде қалықтаған пассаждарды естуге болатынын көрсетті: демек бұл – балет класы. – Концертмейстер мұнда бірінші кезекте әртістерге қарауы тиіс, – дейді Долорес Александровна. – Ол секіруді көре отырып, әртіске музыка арқылы тірек болады және жеңілдік сезімін сыйлайды. Мәселен ол дайындықтың соңына қарай балеринаның арқасындағы шаршауды байқап, оған екінші тыныс береді. Жалпы, балет әртістерінің таңы классикалық сабақтан, яғни денені қыздырудан басталады, осылайша олар өз денелерін жұмыс күніне дайындайды. Осы сабақты музыкалық сүйемелдеу үшін концертмейстер белгілі бір дағдыларға ие болуы керек. Жұмысын енді бастап келе жатқан жастар үшін бұл әрине өте күрделі шаруа. Дегенмен де оларды үйрететін, мамандықтың қыр-сырын түсіндіретін, білімімен бөлісе алатын біздер, тәжірибелі концертмейстерлер бармыз.

Келесі есіктің артында – опера әлемі, ондағы дыбыстар басқаша. – Ал мұнда бәрі керісінше, – деп жымиды ол. – Әншінің даусы – жанды материя. Ол кез келген нәрсеге, мәселен күн райына, көңіл күйге, адамның ішкі жағдайына, өмірлік күш-қуатқа тәуелді. Концертмейстер психолог әрі алғашқы сыншы болуымен қатар, ең алдымен коуч болуы керек. Яғни ол дыбыстың өзіне ғана емес, тыңдаушыға да әдемі болып естілуін, эстетикалық әрі кәсіби деңгейде шығуын бақылауы тиіс. Ол әншінің жинақталуы үшін ырғақты қашан жылдамдату керек екенін немесе дауыстың ашылуына мүмкіндік беру үшін қашан жайырақ ойнау қажет екенін сезеді. Концертмейстер әншімен бірге композитордың ескертпелері бойынша жұмыс істейді, музыкалық әрі мәтіндік дәлдікті, фразировканы пысықтайды. Бұл өзара үйлесімділікті талап ететін жұмыс, мұнда ешкім өз бетінше әрекет ете алмайды.
Ол балетте де, операда да концертмейстер болды, жеке концерттерге де қатысты. Осынау мол тәжірибесі нәтижесінде бүгінде концертмейстерлердің «цехын» басқарып отырған бірегей маманға айналды. – Біздің әрқайсымызда өзіміздің белгілі бір білім қорымыз бар. Егер ол адам театрда еңбек етсе, әлбетте оның білімі де мол болады. Алайда театрдағы жұмыстың өз ерекшелігі бар.
Концертмейстердің күні әртістермен, әріптестермен өзара бірлесе әрекет етумен өтеді. Ол – негізгі жетекші, алайда кабинетте отырып жиналыс өткізетін басшы емес. – Біздің лездеме өткізуге емес, жұмыс істеуге уақытымыз бар. Жаңадан адам келсе, оған белгілі бір кәсіби дағдыларды, сондай-ақ прима-балеринамен немесе танымал тенормен қалай жұмыс істеу керек екенін, солистке көңіліне тимейтіндей қалай ескерту жасауға болатынын түсіндіруіміз қажет. Біз мұнда барлығымыз – шығармашылық адамдармыз, – деп әңгімеледі Долорес Үмбетәлиева.

Оның мақтанышы – командасы: олар – бір кездері өзі жетелеп алып келген және үйреткен, ал бүгінде оның өзіне тірек болып отырған жандар. – Балетте біздің екі мықты маманымыз бар, олар – Сұлтан Ибрагимов пен Жанар Аяпбергенова. Операда – төртеу – Ирина Кургузкина, Айшабибі Асқарова, Динара Сартай, Жаңыл Сембекова, олардың барлығы да – дара маман.
Жұмыстарындағы ең қиыны әрі қызықтысы не екенін олардың өздерінен білдік. – Толығымен зейін қою және жұмыс барысына тереңнен бойлау маған темпті тиянақты сақтауға көмектеседі. Сонымен бірге музыканы әуезді әрі мәнерлі ойнау маңызды, негізгі қиындық міне осында жатыр. Бұған қоса сен жай ғана музыкант болуың керек. Мен әртістердің қимылдары мен секірулерін мұқият бақылап отырамын, биді тұла бойыммен сезінемін. Менің ойымша, бұл туабітті қасиет: би де – ансамбль, бірлесіп атқаратын жұмыс, – деп әңгімеледі Сұлтан Ибрагимов. – Бір қарағанда балет станогының жанындағы күнделікті сабақты фортепианода сүйемелдеу үйреншікті жұмыс секілді көрінеді, алайда шын мәнінде бұл – шығармашылық. Музыка әуелеген кезде мені және әртістерді де біріктіретін ортақ жұмыс барысы жүреді. Әр ұстаздың мәнері өзгеше, сондықтан ұстаздар ауысқанда қимылдар да өзгереді. Осы ретте мен балет класы үшін әртістерге күні бойы қуат сыйлайтындай қызықты әрі жігерлі музыканы таңдауға тырысамын. Мен үшін бұл жұмыста ерекше қиындық тудыратындай ештеңе жоқ, өйткені мен өз мамандығымды жақсы көремін. Шын көңілмен атқарған жұмыстың машақаты болмайды. Оның ең үлкен құндылығы – өз еліміздің балет өнерінің дамуына үлес қосып отырғанымызда. Мұндайда музыка әлемінде және біздің тамаша театрымыздың қабырғасында кездейсоқ жүрмегеніңді түсінесің, – деп қорытындылады балет концертмейстері.

Әрі қарай әңгімені Айшабибі Асқарова жалғастыра отырып, солистермен жұмысты толықтай беріліп атқаратынын қоса айтты. – Форма, темп, дем мен фразаларды ұстап тұрамын, маған әншіге көмектесу маңызды. Бірақ біз барлығымыз адам болғандықтан, тура сахнада ыңғайсыз жағдайлар орын алатын кездер болады, кейде орындаушы речитативте мәтінді ұмытып қалуы мүмкін. Мұндай сәттерде мен үзіліс жасамау үшін әнді орындай бастаймын, мұндағы мақсат – музыка жалғаса беруі үшін бәрін білінбейтіндей етіп жасау. Біздің жұмысымыздың тағы бір бөлігі – опералық спектакльдерге дайындық. «Астана Опера» репертуарында олар қазақ, итальян, француз, орыс және басқа да тілдерде қойылады. Біз драматургияны түсінуіміз керек, клавирді, ноталарды, темпті зерттейміз, сонымен қатар осы тілдерде еркін сөйлемесек те, мәтінді сезініп, оны талдап, әншіге бағыт-бағдар беруіміз қажет. Әрине, біз кәсіби мамандармен жұмыс істейміз, олар дайындықпен келеді және көпшілігі итальян тілін жетік меңгерген. Кейде жаңа операларда кейбір нюанстарды бізге дирижерлер айтып, түсіндіреді. Жалпы алғанда, біздің жұмысымыз қызықты. Мәселен солист ансамбльдік нөмірлерді жаттаған кезде әнші кімнен кейін және қандай фразадан соң бастайтынын түсінуі үшін біз басқа кейіпкерлердің орнына ән айтамыз, – деп сөзін түйіндеді Айшабибі Асқарова.
Қорытындылай келе, концертмейстерлер өз жұмыстары көбінесе көзге көріне бермейтінін, бірақ көрермен залда отырып жоғары өнерден шынайы ләззат алуы үшін оны әрдайым абыроймен атқаруға тырысатындарын айтты. Мұнымен келіспеуге болмайды!



