Тәжірибесі мол көп балалы саяхатшылардың кеңестері
Кішкентай балалармен саяхаттау – өте қиын әрі қымбат па? Қай жастағы балалармен қорықпай, жайлы ұша беруге болады? Жалғыз әйел бірнеше баламен қалай саяхаттай алады? Aviasales.kz онлайн брондау қызметі көпті көрген – екі және одан да көп балалары бар саяхатшы ата-аналардың тәжірибесіне жүгінді.
Мустафина Алина, кинорежиссер, жазушы, ұшқыштың жары және екі ұл баланың анасы
Көптеген жылдар бойы жұбайым екеуіміз бірнеше елді мекендеп келеміз және өте жиі ұшамыз. Балаларыммен – туыла салысымен (шамамен 40 күнінен бастап) жалғыз өзім де ұша беремін. Нәрестемен ұшу өте қиын деген өтірік әңгіме. 3 айға дейінгі және салмағы 10 кг жетпейтін балалармен ұшу оп-оңай: олар қарны тойса болды, ұйықтай береді.
- Менің ең басты берер кеңесім: ұшақ ұшуға және қонуға дайындалған кездері емшектегі баланы міндетті түрде емізу немесе бөтелкесімен тамақтандыру керек. Ол жұтынып жатқан кезде құлағы тұнбайтын болады. Егер баланың мұрны бітіп тұрған болса, ұшар алдында оның мұрнына арнайы тамшыларды тамызып қою керек. Сонда ол еркін демалып, жыламайтын болады.
- Кейбір ұшақтарда арнайы аспа бесіктер болады, бірақ оларды алдын ала брондап қою қажет.
- Бала салонның ішінде жүгіруі үшін кеуделікке ұқсайтын арнайы балалар шылбыры бар. Үлкен ұлым мазасыз, әрі-бері жүре береді, сол кезде осы шылбырдың көмегі көп тиеді.
- Балаларды терезеге жақын отырғызған дұрыс, шет жақтан жел үрлеп тұрады және балалар салонды кезіп кетеді.
- Ұзақ желінетін тамақ: сұлы үлпегінен жасалған глютенсіз піспенан. Кішкентай бала оны ұзақ соратын болады, сөйтіп қолы да аузы да бос болмайды.
- Бортта ыстық сусындарды алмаған дұрыс. Балалар оны сіздің немесе өздерінің үстіне аударып алуы мүмкін.
- Жаялықтарды сізге әдетте қажет болатын мөлшерден көбірек алыңыз, және оны багажға емес, қол жүгіне салыңыз. Бірде біздің багаж жоғалып кетіп, Мексикада түннің ортасында жаялықсыз, ауыстырып киетін киімсіз қалғанбыз. Дүкендер жабық еді, ал бала өзінің жаялығын «қолданып тастаған» болатын.
- Бесік арба. Мендегісі бейби-дзен деп аталады, бесік арбаның бұл үлгісін бортқа алуға рұқсат бар, мен онсыз күн көре алмаймын. Әсіресе, ұзақ уақыт бойы ұшқанда балалар шаршап кетеді. Ал бүкіл әуежайды кесіп өту керек болған кезде бесік арбаға балаларды да, сөмкелерді де салып алып, тезірек жүруге болады. Менің кіші ұлым алтыға толып қалды, үлкен ұлым тоғызда, ал мен бесік арбаны әлі алып жүремін. Балаларға арналған «транки» деп аталатын чемодандар бар, оған баланы отырғызып алып, чемоданды қолынан сүйретіп отыруға болады. Егер екі балаңыз болса, біреуін отырғызып, екіншісі оны сүйретсе болады, оларға бұл ойын көрінеді және сіздің де басыңызды ауыртпайды.
*Сарапшылардың кеңестері. Шытырлақ ойыншықтар балалардың көңілін ұзақ уақытқа дейін аулайтын болады. Бірақ әдеттегі сылдырмақ ойыншықтар басқа жолаушылардың мазасын алып, наразылығын тудыруы мүмкін. Пластик бөтелкені бұршақ пен жасымық секілді түрлі түсті жармамен жартылай толтырып шытырлақ ойыншық жасаңыз. Сонда шуылдап, елдің де мазасын алмайсыз, балаға да қызықты болады.
Нұрпейісов Ерлан, кәсіпкер, қоғам қайраткері, жеті баланың әкесі
Гүлшат екеуімізде бұрын құрған тұрмыстан балаларымыз бар және екі бала – ортақ. Ұшқанда барлығымыз бірге ұшамыз. Бірде бір күлкілі жағдай болып еді, содан кейін ұлымыз жолға мұқият жиналатын болды. Біз олардың чемоданын тексеруді баяғыда қойғанбыз. Дарий шамамен 8 жаста еді. Біз ауа райы ыстық елдердің біріне кетіп бара жатқанбыз. Ұшып келгенімізде ол тек жылы киімдерді ғана салып алғанын көрдік. Ол киетін киім таппай қалды. Ол үшін бұл бір күшті сабақ болды. Бағымызға орай, оның бір шолақ шалбары мен бір-екі майкасы бар болып шықты. Сөйтіп, ол демалыста оның киімі сол ғана болды. Дүкеннен бір-екі зат алып бердік. Бірақ киімі бәрібір аз болды.
- Кей кезде балалардың көп болғаны жақсы – олар бір-бірін қарап, бірін-бірі ойнатып жүреді. Ең бастысы, оларды дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіпке үйретіп қою қажет. Біздің отбасымызда үлкен балалар кішілерін қарайды. Кішілерінің екі басына бір чемоданмен ұшамыз.
- А la carte мейрамханасы бар жақсы all inclusive – үлкен отбасы үшін ең жақсы шешім. Балалар үнемі бірдеме жеп жүреді, олар кішкентай кезде бұл іс all inclusive-пен оңай болады.
- Кипр мен Испанияда – тып-тыныш әрі қауіпсіз шағын ауылдарда демалдық. Олар теңізден алыс емес, ал ауыл аумағында бассейн бар.
- Балаларды кішкентайынан тәртіпке салсаңыз, демалыста оларды басқару оңай болады. Біздің балаларымыз 6-7 жасынан үйде кезекшілік атқарады. Демалыста жүргенде үйде өздері дастархан жайып, ыдыстарды ыдыс жуғыш машинаға салады, асханадағы еденді жуып, қоқыс шығарады.
- Балаларды кішкентай кезінен, туа салысымен жүзуге үйретіп қойған абзал. Біздің балалар біз мекендеген жабық ауылдың аумағындағы бассейнге өздігінен шығып, жүзе беретін. Біз де олар үшін уайымдаған жоқпыз.
*Сарапшылардың кеңестері. Кішкентай балалармен саяхатқа шыққанда құрылыста пайдаланатын үлкен скотч алуды ұмытып кетпеңіз. Дәл солай! Скотчпен қонақ үй бөлмесіндегі розеткалар мен сүйір бұрыштарды желімдеп тастауға болады. Немесе оны бала шимайлауы мүмкін беткейлерге жабыстырып қойып, артынан алып тастауға болады. Оның ізі де қалмайды.
Шелепова Анна, иммерсивті аудио-променадтар продюсері
Біз әрқашан балалармен бірге ұшамыз. Жұбайым екеуіміз жалғыз да саяхаттай береміз. Бірақ бірге саяхаттайтын болсақ, міндетті түрде балалармен бірге барамыз. Жұбайым айтпақшы, біз балаларымызды апалары мен аталары үшін туған жоқпыз. Мен жалғыз өзім де балалармен – қазіргі уақытта үш баламен бірге саяхаттай беремін.
- Түркиядағы all inclusive – кішкентай балалармен демалуға болатын ең жайлы орын. Мұнда шағын бассейндерден бастап шағын би алаңына дейін бәрі ойластырылған. Балаларға арналған ойын алаңдары өте көп. Анасы баласын қалдырып, аэробикаға, гимнастикаға, йогаға, бассейнге немесе спа-ға бара алады. Отбасың не жейтінін де ойламайсың, бұл, әсіресе, көп балалы отбасылары үшін өте ыңғайлы.
- Балалар ұйқысын қандырып алу үшін күндізгі рейстерді алуға тырысамын. Демалыстың бір күні зая кетсе де, жолда тыныш барғанымыз артық. Қонақ үйіндегі бөлме сағат 12-ден бастап төленген болып, оған кешкі сағат 6-да ғана кіріп жатсаңыз да ештеңе етпейді. Бәрібір сіздің бірінші демалыс күніңіз зая кетеді. Ал егер балалардың ұйқысы қанбайтын болса, олар ыңырси бастайды, жолда көңілсіз, енжар болады. Балалар жақсылап демалып алса, саяхатыңыз есте қалар қызықты оқиғаларға толы болады. Олар ұшақтың қонатын уақытын асыға күтетін болады, иллюминаторға қызығушылықпен қарайды, арнайы тамақ әкелетін стюардессаны күтеді. Саяхаттың әрбір сәті – олар үшін жаңалық. Осы сәтте көңілдері көтеріңкі балалармен бірге болу тамаша әсер қалдырады.
- Лоукостермен ұшатын болсаңыз, турагенттен бортта тамақ берілуін сұраңыз. Бірде маған ең минималды тарифті есептеп беріп, бортта тамақ болмайтынын да тексермеген.
- Кейде әуежайдан қонақ үйіне дейінгі жеке трансфер, әсіресе, отбасы үлкен болса, топтық трансферден де тиімдірек болады.
- Біз балалардың туған күндерінде саяхатта жиі жүреміз. Туған күнді қонақ үйінде атап өтеміз. Онда туған күн иелеріне арнап ерекше сыйлық әзірлеп қояды: торт әкеліп береді, майшамдар жағып, құттықтау әнін қосады, бөлмеде арнайы комплимент қалдырады.
*Сарапшылардың кеңестері. Сюрприз немесе фокус-покус. Сөмкенің қалтасына баланың ойыншығын немесе жақсы көретін нәрсесін салып қойыңыз. Бұл бала әр түрлі жерлерден тауып алатын бірнеше сүйкімді зат болуы мүмкін. Мұндай сыйлықтар жол жүргенде баланың көңілін көтеріп қояды.
Сапақова Әсел, балалар әдебиетін шығарушы, блогер, төрт ұлдың анасы
Балалармен 4-айлық кезінен бастап саяхаттаймыз – пандемияға дейін жылына кемінде 4 рет саяхатқа шығатынбыз. Кенжеміз 7 жасына дейін 9 елді көріп үлгерді. Көбінесе балалармен саяхаттауға жалғыз өзім шығамын, себебі жұбайым жылына бір рет демалыс беретін компанияда жұмыс істейді. Ол демалысқа шыққанда бірге саяхаттаймыз.
- Біз белсенді демалғанды ұнатамыз. Ұлдар серфингпен, дайвингпен айналысқанды немесе жаяу жүргенді ұнатады. Олар бассейн жанында жатқаннан гөрі жаңа машықтарды үйренгенге әуес.
- Біз қалада тамақтанып, күніне 20 мың қадам жасайтын жаңа жерлерді қарауға барамыз. Біз all inclusive-те бірде бір рет болған емеспіз, режимге байлаулы болғымыз келмейді.
- Біз таңертеңнен жақсы швед үстелін жаятын таңғы астары бар қонақ үйлерін таңдаймыз. Ал түскі ас пен кешкі асты жергілікті мейрамханалардан ішкенді ұнатамыз. Дәмді әрі қымбат емес тамақтанатын жер әрқашан табылады. Туристер жүретін аймақ пен танымал маршруттардан алшақтаған сайын арзанырақ, әрі дәмдірек тамақтандыратын жерлер тауып алуға болады. Мен үшін бұл сапарда үнемдеудің әрі жергілікті асханамен танысудың бірден бір жолы. Бізде төрт жігіт өсіп келеді, олардан қашан сұрасаң да, аш болады және үнемі ет жегісі келіп тұрады.
- Балалар көп жүріп, көп қозғалғанда тәбеттері де жақсы болады. Бұрын жұбайым екеуіміз қонақ үйлерінде балалардың аузына бір түйір тамақ сала алмай әлек болатынбыз, ал қазір олар жақсылап тұрып тамақтанады.
- Жолға жиналу бойынша әдетке айналған әрекеттер. Мен: чемодандарыңа бес күндік киімдеріңді салыңдар, ол жақта ыстық болады. Ал чемоданның үстіне әуежайға баратын киімдеріңді қойып қойыңдар деймін. Тоғыз жастағы ұлым өздігінен жиналады. Ал жеті жастағы ұлыма әлі сеніңкіремеймін.
- Ең бастысы – чемодандар үлкен болмау керек. Әрбір баланың қол жүгі ретінде ұстауға болатын өз чемоданы бар, сол себепті олар артық зат та ала алмайды.
- Жайлы ұшу үшін біз жұптарға бөлінеміз және онлайн брондау кезінде әрбір жұп терезеге жақын отыруын қадағалаймыз. Егер онлайн брондау жоқ болса, портта тіркелу кезінде сұрап аламыз.
- Менің ойымша, балалармен 3-5 жасында саяхаттаған жақсы. Киімдерді азырақ алып, бірдеңе бүлініп немесе кірленіп қалса, қалғанын жергілікті дүкеннен сатып алуға болады. Чемодандар аз, бесік арба жартылай чемоданның рөлін атқарады. Біз 10 жылдан бері йо-йо бесік арбасын қолданамыз. Ол сондай ыңғайлы.
- Өзіммен бірге бір кесек кір сабын алып жүремін. Ұлдар киімдерін жиі кірлетеді, ал саяхаттап жүргенде кей кезде киімдерді кешке жуа салған артық.
- Көп жағдайда киімді сол жерде сатып алған арзандау болады. Сосын үйге қайтып келгенде сол киімді киіп, демалысымызды еске алғанды жақсы көреміз.
*Сарапшылардың кеңестері. Көліктің орындығына іліп қоюға болатын, қалталары бар жамылғы outdoor-дүкендерінде сатылады. Осындай жамылғыны жолға алып алсаңыз, суды, майлықтарды, азын-аулақ тамақ пен басқа да маңызды ұсақ-түйекті сөмкені қопара бермей, қол астында орналастыруға болады.