Театр сиқыршылары: «Астана Операның» сахна сыртындағы өмірі

«Астана Опера» театрының бас шымылдығы артынан тылсымға толы шығармашылық әлемі айқара ашылады. Осы ғажайыптың алдыңғы шебінде тамаша образдар жасау арқылы әртістерді әсерлі сахналық оқиға кейіпкерлеріне айналдыратын елеусіз суретшілер – гримерлер тұрады. Жұмысындағы қиындықтары, сындарлы сәттері мен шабытты шақтары туралы білу үшін олармен кездесіп, әңгімеге тартайық.

Гримерлер үшін сынақтың үлкені – күрделі әрі ерекше грим жасау. «Астана Опера» театрында олар бақсы, сиқыршы және басқа да миф қаһармандарының образдары жиі жасалатын тарихи спектакльдердегі және балериналар таң қалдырар минилерін киіп, көз тартар гримімен шығатын заманауи спектакльдердегі сан алуан кейіпкерлермен кезігеді. Дегенмен, елордалық театрдың гример-суретшілері үшін ең қиыны – қандай да бір спектакльдің қоюшы суретшісінің ойындағы психологиялық образды жасау. Соның бір жарқын мысалы – Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» операсындағы Тайшық ханға арналған грим. Оның шынайы бет әлпетін жасау шеберлікті ғана емес, сонымен қатар оларға белгілі бір эмоциялар үстеуді талап етеді.

— Қоюшы режиссер бізге тапсырма беріп, әртістің бетінен қандай эмоция көргісі келетінін айтады. Сөйтіп, солистке түбегейлі өзгеруге қажеттілік болмаса да, мысалға, жабырқауды немесе күйзелуді көрсету керек – бұл мен үшін ең қиын нәрсе. Режиссер мен суретшінің түпкі ойын жүзеге асырумен қатар, мен осы эмоцияны жасау қолымнан келді ме, келмеді ме, соған көз жеткізуім керек. Оның үстіне кез келген әртіс қоюшы режиссерді қалай ұқты, солай көрінгенді қалайды. Бірақ солист мұны өзінше түсініп, соған сәйкес өзгерткісі келуі де мүмкін ғой. Әртістің өнер көрсетуінде көп нәрсе гримге байланысты болғандықтан, біз осының бел ортасын ұстануымыз керек. Егер грим әртістерге ұнаса, қуаныштымын, ал олардың ойынан шықпаса, әрине, көңілім түседі, — дейді гримдеу цехының меңгерушісі Серік Басбаев.

Суретшілердің айтуынша, әрбір жаңа бейне оларға жаңа сынақ әкеледі, бірақ сонысымен де жұмыстары қызықты әрі жасампаздыққа жетелеп, шығармашылық шабыт береді. Тек жұмсалған уақыт тұрғысынан алғанда көп еңбекті қажет ететін грим «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балетінде болды. Ергежейлілер мен мыстанға арналған жапсырма мұрындар мен құлақтар суретші-гримерлерден көп көңіл бөлуді талап етеді, осылайша, гримерлер бір адамға шамамен бір сағат уақытын жұмсады.

– Мен бүгін гримді осылай жасадым, ертең оны дәл солай қайталай саламын деген болмайды. Қалай болғанда да, тіпті дәл сол әртіс осы гримге қайта келсе де, әр жолы бірдеңе қосылып, грим өзгеріп тұрады. Бұл  –  шығармашылық жұмыс, — деп түсіндіреді Серік Басбаев.

Гримерлік цехта 9 адам еңбек етеді. Суретші-гримерлер шығармашылығын танытып, образ жасауға мүмкіндік беретін өзіндік ерекшелігі бар партиялармен жұмыс істеуге үлкен қызығушылық білдіреді. Мысалы, бейнелерін көлемді париктер толықтырған «Күлбике» спектаклінде көптеген жарқын кейіпкерлер бар, әйелдің кез келген шаш үлгісімен жұмыс істеген сияқты олармен де жұмыс жасау белгілі бір шеберлікті талап етеді.

Гримерлер өз жұмыстарының нәтижесіне қалай әсер етеді? Бұл, сөзсіз, шаршағаннан ләззат алу және бәрі ойдағыдай шыққанға қуану сәті. Солистің бет-әлпеті танымал кейіпкерге айналып, олардың қылқаламының астында әртістің қалай қайта жанданатынын көру – бұл сөзбен жеткізуге болмайтын ерекше сезім. Гримерлердің айтуынша, жұмыс – әр сәті шығармашылық шабыт пен эмоцияға толы өнердің бір бөлігі.

Осылайша, «Астана Опера» театрының гримерлері – қоюшы режиссерлердің ең батыл шешімдері мен әртістердің тілектерін шындыққа айналдыратын нағыз сиқыр сақтаушылары. Олардың жұмысы қызықты, техникалық тұрғыдан күрделі, сонымен қатар шығармашылық пен ғажайыптың ішкі әлеміне бай.