Винтовкамен нысана көздеуден қазақстандықтар финалға шыға алмады

Баку қаласында нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында әйелдер пневматикалық винтовкамен 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуден кім мықтыны анықтап жатыр, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Алғашқы іріктеу кезеңінде Александра Ле өз тобында 587 ұпай жинап, 7-орын, ал Арина Алтухова 581 ұпаймен 30-орынмен 2-айналымға жолдама алған. Өкінішке қарай, тағы бір отандасымыз Елизавета Безрукова 571 ұпаймен 64-сатыға табан тіреп, келесі айналымға шыға алмады.
Ал екінші кезеңнен соң жалпы есепте Ұлттық құрама сапында үздік нәтижені Арина Алтухова көрсетті. Алматылық мерген тізерлеп, жатып және тұрып оқ атудан кейін 578 балл жинап, 52-ші болды. Ал Александра 67-орынға тұрақтады (571 ұпай).


«Осымен мен үшін әлем чемпионаты аяқталды. Бүгін осындағы соңғы жаттығуда бақ сынадым. Алғашқы кезеңнен 2-сіне шыққанда жақсы нәтиже көрсеттім. Ал 2-айналымдағы көрсеткіш көңілімнен шықпады. Жиі қателік жасадым. Ауа райы мен жел әсер етті дей алмаймын. Енді келесі жарыс – Азия ойындарына барымды салып дайындалам»,-деп айтты Ұлттық құрама спортшысы Александра Ле Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Бұл бағдарламада барлығы іріктеуге 100 спортшы қатысты. Финалға шыққан 8 мықты біраздан соң жүлдеге таласады. Барлық финалды Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) YouTube арнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Айта кетейік, әлем чемпионатының финалына шыққан мергендерге ISSF рейтингте ұпай үлестіріледі. Атап айтар болсақ, жеңімпаз 3 мың, күміс жүлдегер 2625, қола жүлдегер 2250 ұпайға ие болады. Әзербайжан астанасындағы чемпионат 1 қыркүйеке мәресіне жетеді. Биылғы додаға 101 мемлекеттен 1250 таңдаулы атлет жиналды.

Суреттердің авторы Спортты дамыту дирекциясы (Шамкен Байырбек)