Алматы қаласында тұңғыш рет тоғызқұмалақтан оқушылар арасында Әлем чемпионаты өтеді

21-24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында тұңғыш рет тоғызқұмалақтан оқушылар (жасөспірімдер U-15, U-17 жас) арасында Әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа 20 елге жуық елдерден келген спортшылар қатысады: Өзбекістан, Түркия, Румыния, Венгрия, Испания, Қырғызстан, Польша, Моңғолия, Ресей, Түркменстан, Латвия, Чехия, Қазақстан және т.б. Әлем чемпионаты рапид және блиц бойынша өтеді.
Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сарсен Құранбек, Дүниежүзілік және Қазақстан тоғызқұмалақ Федерацияларының президенті Алихан Байменов, Республикалық тоғызқұмалақ Федерациясының вице-президенті және Алматы тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әкім Тұрсұн 21 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді.
Тоғызқұмалақ – қазақ ұлтының әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесінің жарқын үлгісі. 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұра тізіміне енгізілді. Зияткерлік ойын ретінде ол Қазақстан Республикасы аумағында спорт тізіміне енгізілген.


ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек мемлекет басшысы дене шынықтыруды, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөліп отырғанын баса айтты. Ол тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты сынды айтулы спорттық шараның өткізілуі осы ойынның танылуын арттырып, жас ұрпақтың назарын салауатты өмір салты мен спортпен шұғылдануға өз септігін тигізеді деп есептейді.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, жыл сайын елімізде тоғызқұмалақтан (халықаралық деңгейден ауылдық деңгейге дейін) 1000-нан астам жарыстар өткізіледі. Бүгінгі күні республикада жалпы ұлттық спорт түрлері бойынша 10 клуб, 13 спорт мектебі жұмыс істейді. Елімізде 6856 тоғызқұмалақ үйірмесі бар.

Дүниежүзілік және Қазақстан тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Алихан Байменов өз сөзінде 2006 жылдан бастап тоғызқұмалақ әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасы бағдарламасына енгенін, 2008 жылы Дүниежүзілік федерация құрылғанын және бүгінгі күнде тоғызқұмалақтан
6 Әлем, 6 Азия және 4 Еуропа чемпионаттары өткенін атап өтті.

Алихан Мұхамедияұлы: «Канадалық iggamecenter.com және польшалық playok.com секілді халықаралық зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ ең көп ойналатын ойындар қатарына енді. Отандық IT-мамандар «Android» пен «iOS» жүйелері үшін арнайы қосымшалар әзірледі. Тоғызқұмалақпен 30-дан астам елде тұрақты түрде шұғылданады (Колумбия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Чехия, Латвия, Литва, Бангладеш және т.б.)»

Оның айтуынша кәзір Қазақстанда 200 мыңнан астам адам 3000 жаттықтырушылардың көмегімен тоғызқұмалақпен айналысады. Бүгінде оқу-ағарту, мәдениет және спорт министрліктері федерация қолдауымен барлық дене шынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ ойыны үйретіліп, мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүргізуде.
Өткен жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы жыл сайын 9 қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» ретінде атап өту туралы үндеу қабылдады. Осыған орай, Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, Алматы қаласы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын айтқандай, биыл 9 қыркүйекте Алматыда Қазақстанның Гиннесс рекордтар кітабына ену мақсатында ауқымды шара жоспарланған.
Бұл іс-шара аясында Алматы қаласының 3000-ға жуық жоғары сынып оқушылары бір мезетте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында тоғызқұмалақ ойнайды.