«140 балл»: сериал ҰБТ алдындағы күйзелісті қалай көрсетеді және ата-ана баласына қалай қолдау көрсете алады?

«140 балл» сериалы ҰБТ-ның жай ғана емтихан емес, жасөспірімнің болашағына әсер ететін белеске айналғанын көрсетеді. Сайт тілшісі Nazar media балалар психологы Татьяна Остапенкомен сұхбаттасып, сериалдағы оқиғалар арқылы жасөспірімге өміріндегі осы жауапты кезеңнен өтуге қалай көмектесуге болатынын талқылады.
Сарапшының негізгі ойы мынада: көмек ең алдымен жасөспірімге емес, оның ата-анасына қажет. Өйткені балаға түсетін орасан қысымды көбіне ата-ана, мектеп және қоғам қалыптастырады. Болашақта кім болатынын әлі білмейтін жасөспірім өзгенің үміті мен талабын арқалауға мәжбүр болады. Сөйтіп, емтихан білімді бағалайтын сынақ емес, ата-ананың және мектептің абыройын дәлелдеудің құралына айналады.
Қысым, үміт және жауапкершілік – мұның бәрі баланың иығына артылады. Ал мұндай жүк оның жасына сай емес. Уақыт өте келе ақылы оқуға қаражат жетпей қалуы мүмкін деген қорқыныш мазасын алады. «Ата-анам солай айтты» деген оймен грантқа түсу міндетке айналады. Ал грант алу үшін жоғары балл жинау керек. Көп жағдайда бұл білімнен бұрын мақтану мәселесіне айналып кетеді: «Біз баламыздың оқуына ақша төлемедік».
Кейбір ата-аналар: «Біз саған қаншама уақыт пен қаражат бөлдік. Енді сен біздің үмітімізді ақтауың керек», – дейді. Бірақ мұндай сөздер баланың мойнына тым үлкен міндет жүктеп, психологиялық қысымды арттыра түседі.
Психолог бұл қысымды азайту үшін бірнеше қарапайым әрі пайдалы әдіс ұсынады. Соның бірі – баламен бірге «өмір сызығын» сызу. Бұл әдіс емтиханның бүкіл өмір аясындағы орнын көзбен көруге көмектеседі.
Мысалы, қағазға орташа өмір ұзақтығын бейнелейтін ұзын сызық сызыңыз. Оны шамамен 80 жыл деп елестетіңіз. Сол сызықтан ҰБТ тапсырылатын 17 – 18 жасқа сәйкес келетін нүктені белгілеңіз. Сонда бұл кезеңнің бүкіл өмір жолындағы өте кішкентай ғана бөлік екенін анық көруге болады. Ал оған шамадан тыс мән беріп, өмірдегі ең үлкен сынақ ретінде қабылдау орынсыз. ҰБТ – ұзақ жолдағы көптеген белестердің бірі ғана. Ол өмірді анықтайтын соңғы шешім де, дүниенің соңы да емес.
Тағы бір маңызды қадам – қорқынышпен жұмыс істеу. Ол үшін баламен бірге: «Егер мен 140 балл жинай алмасам, не болуы мүмкін?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Қорқынышты дауыстап айту оның әсерін әлсіретеді. Сонда тіпті ең қорқынышты көрінген жағдайдың да шешімі бар екенін байқайсыз. Мысалы, кейінірек грантқа ауысу мүмкіндігі болуы мүмкін.
Ең бастысы – баланың ойындағы «міндетті түрде істеуім керек» деген ауыр қысымды «қолымнан келгенше тырысамын» деген шынайы көзқарасқа өзгерту. Бұл оған шамадан тыс жауапкершілік жүктемеуге көмектеседі.
Бірге дайындалу өте пайдалы болуы мүмкін. Тақырыптарды талқылап, материалды бірге оқу, бала білмейтін тақырыптарды анықтауға көмектеседі. Бірақ мұнда маңызды сұрақ туындайды: бұл қолдау бола ма, әлде керісінше үрейді күшейте ме? Егер негізгі мақсат – материалды түсіну болса, бұл тиімді. Ал егер барлығы тек «бәрі қиын, бәрі қорқынышты» деп шағымдану үшін жиналса, бұл үрейді күшейтіп, жағдайды ушықтырады. Психикамыздың бір ерекшелігі – назар қайда бағытталса, энергия да соған қарай бағытталады. Егер үрейге көп көңіл бөлсек, ол күшейе береді.
- Егер емтихан алдында балада истерика немесе паникалық болса, не істеу керек?
– Мұны балаға алдын ала түсіндіріп қойған дұрыс. Себебі бала аса қатты қобалжып, өз эмоцияларын көтере алмайтындай деңгейге жеткенде, адам өзін шарасыз сезінеді. Сол сәтте «менің қолымнан ештеңе келмейді» деген ой қорқыныш тудырады. Көбіне дене жансызданып қалғандай сезіледі, бұл паниканы одан әрі күшейтеді.
Стресті азайту үшін grounding техникасы ұсынылады. Алдымен аяғыңызды сезініңіз: өкшеден башпайға дейін кезек-кезек ауысып теңселіңіз, жеңіл секіріп көріңіз. Сосын қолыңызды салқын қабырғаға тигізіңіз немесе маңдайыңызды тіреңіз. Су болса, оны аздап ішіңіз.
Тағы бір тиімді жаттығу – «5-4-3-2-1» әдісі. Іштей мына нәрселерді кезекпен атап шығыңыз:
- Көзіңіз көріп тұрған 5 затты;
- Еститін 4 дыбысты;
- Сезінетін 3 әсерді
- Иіс сезетін 2 нәрсені
- Дәмін сезінетін 1 нәрсені
Осы әрекеттерді орындау арқылы миға: «Мен жағдайды бақылауда ұстап отырмын. Денем аман-сау, бәрі жақсы», – деген анық белгі барады.
Егер бойыңыздағы мазасыздық қалыпты деңгейде болса, қарапайым тыныс алу техникасы да жеткілікті. Танымал «төртбұрышты тыныс алу» әдісі бәріне бірдей келе бермейді, сондықтан «4 – 8» техникасын қолданған ыңғайлырақ. Оның шарты: іштей 4-ке дейін санап тыныс аласыз, ал 8-ге дейін санап тынысты сыртқа шығарасыз. Яғни, дем шығару уақыты тыныс алудан екі есе ұзақ болуы керек.
Бұрын емтиханға қара шоколад алып кіруге рұқсат етілетін, өйткені ол миға тез қуат береді. Егер біреуде паника басталғанын байқасаңыз, қасына барып, қолынан ұстап: «Маған қара, бірге тыныс алайық» деп айтыңыз. Содан кейін «4–8» әдісімен бірге тыныс алыңыз.
Ата-ананың басты міндеті — емтихан нәтижесі мен баланың өмірлік құндылығы арасындағы байланысты үзу. Университетке түсу — жалғыз жол емес. Баланы жоғары білім алуға міндеттеу арқылы үлкендер оның қамын ойлап жатқан жоқ, тек айналаға «біз жақсы ата-анамыз» деп көрінгісі келеді.
Емтихан кезіндегі стресс баланың физикалық жағдайына да әсер етеді. Сондықтан ата-аналар мұны жай ғана «еркелік» емес, ағзаның шаршағанын білдіретін белгі ретінде қабылдауы керек.
Қандай физикалық белгілерге назар аударған жөн? Олардың қатарында ұйқының бұзылуы (ұйқысыздық, қорқынышты түс көру), тәбеттің өзгеруі (тамақтан мүлде бас тарту немесе керісінше стрессті көп тамақ жеу арқылы басу), жүйке жүйесіне тән белгілер (қолдың дірілі, жүйкелік тиктер), сондай-ақ психосоматикалық ауырсынулар (бас ауруы, іштің ауыруы) бар.
«Егер балада осы белгілердің бірі немесе бірнешеуі байқалса, бұл оған кәсіби көмек қажет екенін көрсететін тікелей белгі. Ең бастысы — мәселені дер кезінде байқап, көмек көрсету», — деп атап өтеді сарапшы.
Сюжет желісі бойынша, бір топ 11-сынып оқушысы ҰБТ жүйесін алдап, ең жоғары 140 балл жинауды көздейді. Мақсатқа жету жолында олар түрлі айла-шарғыларға, тіпті заңсыз әрекеттерге де барады. Ортақ іс арқылы нағыз достықтың қадірін түсінеді.
Алайда күтпеген жоғары нәтиже күмән тудырып, артынша тергеу амалдары басталады. Сериалдың басты жұмбағы — олар ҰБТ жүйесін қалай алдап өтті?
«140 балл» — ҰБТ тақырыбын бірнеше буын өкілдері үшін маңызды әлеуметтік және эмоционалдық тәжірибе ретінде қозғайтын алғашқы қазақстандық сериал. Мәселен, 2025 жылы негізгі ҰБТ-ны 210 мыңнан астам талапкер тапсырса, жалпы тестілеу 381 мың рет өткізілген. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 69 баллды құрап, тек 598 қатысушы 130-дан жоғары балл жинаған. Бұл сандар ҰБТ тақырыбының оқушылар, ата-аналар және бұрынғы түлектер үшін әлі де болса өзекті әрі жанына жақын екенін дәлелдейді.




