2,8 млрд теңгеден астам инвестиция: Алматының Бостандық ауданында жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып, абаттандырылып жатыр

Алматы қаласының Бостандық ауданында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында абаттандырылған қоғамдық кеңістіктермен таныстыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өтті.
Іс-шара барысында журналистер ауданда жаңадан пайда болған кеңістіктерді көріп, жүзеге асырылған жобалардың нәтижелерімен, инвестиция көлемімен және қалалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.
Жеке инвестициялардың арқасында бұрын қараусыз жатқан аумақтар заманауи аллеялар мен гүлзарларға, тұрғындар демалуға арналған жайлы орындарға айналып жатыр.
Солардың бірі – Серкебаев көшесі, 103 мекенжайындағы «Shuaq» аллеясы. «DAC City LTD» ЖШС жобаға 350 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Нәтижесінде серуендеуге арналған жол төселіп, заманауи жарық шамдары, жасыл желектер, көлеңке болатын перголалар, әткеншектер мен орындықтар орнатылды.
Ал Серкебаев көшесі, 83 үйдің ауласында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті ойын алаңы ашылды. «Болашак Құрылыс S» ЖШС бұл жобаға 58 млн теңге инвестициялады. Жалпы аумағы 450 шаршы метр болатын кешенде қауіпсіз жұмсақ жабын, пандустар, 10 тактильді панель және пойыз пішініндегі ойын кешені бар. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар қатарластарымен бірге ойнай алады.
Байқадамов көшесінің Серкебаев пен Жароков көшелерінің аралығындағы бөлігіне де жаңа гүлзар бағы отырғызылды. «Жан Сай Групп» ЖШС жобаға 126 млн теңге бағыттады. Қазір мұнда жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, жарық шамдары мен орындықтар орнатылып, арық жүйесі ретке келтіріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Абай даңғылының 20-шы желі көшесімен қиылысында 0,4 гектар аумақты қамтитын жаңа сквер ашылды. «Тау девелопмент» ЖШС жобаға 150 млн теңге инвестиция салды. Сквердің басты ерекшелігі –,айналасындағы жасыл желек пен қарағайларды ерекше үйлестіретін айналы сәулеттік павильондар.
Сонымен қатар Сәтбаев көшесінің Әуезов пен Жароков көшелерінің аралығындағы жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы жаңартылды. Жобаға жалпы 175 млн теңге бөлінді. Оның 160 млн теңгесін «Зираат ДЖИО Казахстан» ЖШС, 15 млн теңгесін кәсіпкер А. М. Өтеғұлов инвестициялады. Мұнда тротуарлар жаңартылып, көру қабілеті төмен адамдарға арналған тактильді тақталар төселді. Оған қоса арық жүйесі қалпына келтіріліп, қоршаулар мен жаңа ағаштар отырғызылды.

Бұдан бөлек, Назарбаев даңғылының Ганди көшесінен оңтүстікке қарай, № 229 және № 235 үйлердің арасындағы 1,5 гектар аумақты қамтитын скверді абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаға «Сенсата» ЖШС 280 млн теңге инвестиция салды. Жұмыс барысында көпжылдық ағаштар сақталып, серуендеу жолдары төселді, заманауи орындықтар мен жарық шамдары орнатылып, қосымша көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінде әкімдік пен бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде ауданымыздың келбеті өзгеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Әрбір жобаның артында жай ғана абаттандырылған аумақ емес, тұрғындардың серуендеуіне, демалуына, спортпен айналысуына және өзара қарым-қатынас жасауына арналған жаңа кеңістіктер пайда болып жатыр.
Кәсіпкерлердің бастама көтеріп, өз қаражатын әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттауы өте маңызды. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен тиімді әріптестіктің айқын көрінісі. Біздің міндетіміз – әрбір тұрғын өзін жайлы сезінетін орта қалыптастыру. Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, жаңа серіктестер тартуға және халыққа нақты пайда әкелетін бастамаларды жүзеге асыруға ниеттіміз», – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, 2026 жылы Бостандық ауданында кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерімен әлеуметтік әріптестік аясында 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 13-і аяқталса, 14 жоба бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде аталған бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 2,8 млрд теңгеден асады.
Мұндай жобалар жекелеген аумақтарды абаттандырумен ғана шектелмей, тұрғындардың демалуына, серуендеуіне, спортпен айналысуына және бір-бірімен араласуына мүмкіндік беретін заманауи, жайлы әрі қолжетімді қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.



