2024 жылы Ақтөбедегі 275 көше жарықтандырылады

Осылайша, облыс орталығының жарықтандырылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Қалада жалпы саны 1052 көше бар.

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев жарықтандыруды қамтамасыз ету және тірек бағаналарды ауыстыру шаралары туралы мәселені қозғады.

Басқарма ұсынған мәліметке сәйкес, облыстың 320 елді мекеніндегі 3 647 көшенің 82%-ы жарықтандыру шамдарымен қамтамасыз етілген. Былтыр 191-інде жұмыстар жүргізілсе, биыл 333 көшеге жарық беріледі. Оның 275 көшесі – Ақтөбе қаласына тиесілі. Бүгінде жобаны толық аяқтауға қажетті 3,6 млрд тг. бөлінді.

Тірек бағаналарын ауыстыру бойынша жұмыстар да қарқынды. Осы жылы  «Энергосистема» ЖШС тарапынан 3 095 тірек бағанасы қайта жаңартылады.

«3095 тірек бағанасының 1 275-і инвестициялық бағдарламасы аясында болса, 1 820 данасы жөндеу компаниясы арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл аудандық әкімдіктердің балансындағы 1 379 электр бағанасы  ауыстырылады. Жұмыстар Байғанин, Мәртөк, Темір және Шалқар аудандарында жүргізіледі. Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласында шамамен 40 млн. теңгеге 250 тірек бағанасы ауыстыру жоспарлануда. Аталмыш жұмыстарды әкімдіктің жыл сайынғы электр желілерді күтіп-ұстауға жасалған келісім шарт аясында мердігер мекеме орындайды», — деді баяндама жасаған Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев.

Дегенмен, 2024 жылға қалалық әкімдіктің балансындағы электр желілерін күтіп-ұстауға мердігер мекеме анықталған жоқ. Конкурстық рәсімдердің қорытындысы наурыз айының соңына дейін белгілі болады.

Өңір басшысы жауапты мемлекеттік орган басшыларына жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, сапасына мән беруді, белгіленген мерзімінде халық игілігіне тапсыруды міндеттеді. Электр қуатын үнемдеу мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін алға тартты.