2050 жылға қарай әуе тасымалына әлемдік сұраныс екі есеге артады

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) ұсынған әуе тасымалына сұраныстың ұзақ мерзімді болжамына (LTDP) сәйкес, 2050 жылға қарай жаһандық жолаушылар сұранысы екі еседен астам өседі. Негізгі сценарий бойынша жолаушылар тасымалының көлемі 2024 жылғы 9 трлн жолаушы-километрден 2050 жылы 20,8 трлн-ға дейін ұлғайып, орташа жылдық өсім 3,1%-ды құрайды. Оң сценарийде бұл көрсеткіш 21,9 трлн-ға (3,3%), ал консервативті сценарийде 19,5 трлн-ға (2,9%) жетеді.
«Әуе тасымалының даму болжамы — оң. Адамдар саяхаттағысы келеді және де біздің болжамымыз бойынша ғасырдың ортасына қарай ұшу сұраныс екі есеге артады. Бұл әлемдік экономика мен қоғам үшін жақсы жаңалық, өйткені авиацияның дамуы жаңа мүмкіндіктерді, соның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашады. Біздің ұзақ мерзімді болжам мемлекеттерге, салаға және энергия жеткізушілеріне алдағы жылдарға жоспар құруға нақты негіз береді. Сонымен қатар, ол тұрақты өсім үшін қажетті жағдайларды жақсартатынын көрсетеді: тиімді инфрақұрылымды дамыту, нарыққа қолжетімділікті кеңейту, реттеуші стандарттарды үйлестіру және неғұрлым таза энергия көздеріне көшу бойынша ілгерілеу», — деді IATA бас директоры Уилли Уолш.
Өсім қарқыны өңірлер бойынша әркелкі болады: Азия-Тынық мұхиты аймағы (3,8%) мен Африка (3,6%) ең жоғары өсімді көрсетсе, Еуропа (2,5%) мен Солтүстік Америкада (2,8%) өсім баяуырақ болады. Ең қарқынды дамитын нарықтарға Африка ішіндегі тасымалдау мен Африка және Азия-Тынық мұхиты арасындағы бағыттар жатады.
IATA деректері бойынша, COVID-19 пандемиясы сұраныс құрылымына ұзақ мерзімді өзгерістер енгізіп, бұрынғы өсу траекториясы толық қалпына келмейді. Сонымен қатар, тарихи тұрғыда жоғары болған өсім қарқыны біртіндеп баяулап келеді: 1972–1998 жылдары 6,1%-дан 1998–2024 жылдары 4,5%-ға дейін төмендесе, 2024–2050 жылдары 3,1% деңгейінде болады деп күтілуде.
Болжам IATA-ның кешенді эконометрикалық моделіне негізделген, ол 2011–2024 жылдар аралығындағы 41 мың бағыт бойынша 500 мыңнан астам деректі қамтиды. Негізгі фактор ретінде сатып алу қабілетінің паритетіне түзетілген жан басына шаққандағы ЖІӨ қарастырылады, ол болжамның орташа дәлдігін шамамен 98%-ын құрайды.



