37 елдің сарапшылары Мәскеуде өткен Meet Global MICE Congress-ке қатысты

Халықаралық Meet Global MICE Congress (MGMC) Мәскеудің іскерлік туризм саласындағы жаһандық құзырет орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады. Конгресс алаңында БРИКС елдері мен Глобалдық Оңтүстіктен келген 37 мемлекеттің кәсіби өкілдері бас қосты. Қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе артты.
Көп форматты бағдарлама MICE-дестинациялардың табысы, іскерлік іс-шаралардың тиімділігі, нейротехнологиялардың болашағы мен әсерлер экономикасы сияқты өзекті тақырыптарды қамтып, рекордтық көлемде іскерлік кездесулер өткізуге мүмкіндік берді.
Мәскеуде іскерлік туризмге арналған Meet Global MICE Congress халықаралық форумы 17–18 желтоқсан күндері өтті. Шараға индустрия өкілдері, салалық ведомстволар, қауымдастықтар, корпоративтік тапсырыс берушілер мен іскерлік іс-шараларды ұйымдастырушыларды қоса алғанда, 2,5 мыңнан астам маман жиналды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе, ал алғашқы форуммен салыстырғанда алты есе көп көрсеткіш.
Конгресс қатысушылары шетелдің 37 елінен және Ресей өңірлерінен келді. Қатысушылардың шамамен 70 пайызы – жоғары буын басшылары мен шешім қабылдайтын тұлғалар, бұл серіктестік жөніндегі келісімдерді тікелей іс-шара барысында жасауға мүмкіндік берді.
Еуразиялық кеңістіктегі Мәскеудің рөлін және Meet Global MICE Congress-тің кәсіби диалог алаңы ретіндегі маңызын бағалай отырып, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының бас менеджері Ғалымжан Сейілов астананың дамыған инфрақұрылымы мен жаңа іскерлік байланыстар орнатудағы әлеуетін атап өтті:
«Еуразиялық кеңістікті қарастырсақ, Мәскеу – топ қалалардың бірі. Мұнда қажетті инфрақұрылым бар, ол жақсы дамыған, барлық дерлік халықаралық брендтер ұсынылған. Дәл Мәскеуде өткен конгреске қатысу, жаңа байланыстар орнату, әріптестермен танысу өте маңызды болды. Кейде көрші елдер болса да, әріптестерді тани бермейміз. Осы форумның арқасында бәрімен таныстым. Алдағы уақытта байланыс орнатып, ынтымақтасамыз», – деді ол.

Қатысушылар қатарында Үндістан конгресстерді ілгерілету бюросы басқарма мүшесі Тушар Кейшарвани, China Travel Online бас директоры Маркус Ли, Visit Qatar конференциялар және конгрестер бөлімінің басшысы Руқайя Кассим, Индонезия көрме компаниялары қауымдастығының төрағасы Хосе Андреас Рункат, Африка көрме ұйымдастырушылары қауымдастығының төрағасы Проджени Патер, Кениядағы Actnable AI негізін қалаушы Дхармендра Джайн, Малайзия кірме туризм қауымдастығының президенті Минт Леонг, Сербиядағы EXPO 2027 бұрынғы бас директоры Душан Боровчанин, сондай-ақ Египет, Иордания, Мальдив, Непал, Танзания және Өзбекстанның туристік ведомстволарының өкілдері болды.
Экспоаймақ аясында қатысушылар 8 мыңнан астам іскерлік кездесу өткізіп, жаңа байланыстар орнату, клиенттер табу және болашақ іс-шаралар жоспарын қалыптастыруға бағытталған келіссөздер жүргізді.
Форум аясында «Конференциялар мен көрмелер», «Дестинациялар мен қауымдастықтар», «Жаһандық трендтер мен аналитика», «Кездесулер мен интенсивтер», «Бизнес», «Технологиялар» бағыттары бойынша 15 іскерлік сессия ұйымдастырылды. Пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, кейс-сессиялар, презентациялар мен тренингтер барысында MGMC-2025-тің басты тақырыбы – «Ашық көптүрлілік арқылы бірлік: жаһандық өсудің жаңа мүмкіндіктері» жан-жақты талқыланды.
Спикерлер персонализация, геймификация, гибрид форматтар, әсерлер экономикасы, жасанды интеллект пен нейротехнологиялардың MICE-индустрияға ықпалы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ мегаіс-шаралардың мультипликативтік әсері, саланың заманауи тапсырыс берушісі мен орындаушысының бейнесі, ұлттық кодтың жаһандық көрме индустриясындағы көрінісі, коммерциялық табыс формуласы және Азия өңірлері үшін көшпелі корпоративтік іс-шаралар тақырыптары талқыланды.

MGMC-2025 көрмесіне БРИКС елдері мен Глобалдық Оңтүстіктен 130-дан астам экспонент қатысты. Олардың қатарында MICE-операторлар, қауымдастықтар, конгресс-көрме бюролары, көлік компаниялары мен қонақүйлер бар. Қатысушылардың басым бөлігі Таяу Шығыс (30%) пен Оңтүстік-Шығыс Азия (23%) елдерінен келді. Сонымен қатар «Made in Moscow» және «Мәскеулік шай ішу» жобаларына арналған арнайы стендтер ұсынылды.
Hosted Buyers бағдарламасының негізгі қатысушылары – Таяу Шығыс (27% астам), Үндістан (25%) және Қытайдан (15%) келген қонақтар. Барлығы 200-ге жуық қатысушы B2B-келіссөздер өткізіп, Мәскеуді іскерлік әрі мәдени-ойын-сауық дестинациясы ретінде таныды.
Алғашқы Meet Global MICE Congress 2023 жылдың күзінде өтіп, Ресейдегі іскерлік туризм саласындағы ең ірі халықаралық шараға айналды. 2024 жылы форум BRICS Edition аясында ұйымдастырылып, БРИКС пен Глобалдық Оңтүстіктен 1,3 мыңнан астам өкілді біріктірді.
Мәскеу қаласының Туризм комитеті астананы тек Ресейде ғана емес, халықаралық деңгейде де маңызды туристік бағыт ретінде тұрақты түрде ілгерілетіп келеді. Қалаға көбіне Қытай, Үндістан, ТМД елдері мен Таяу Шығыстан туристер келеді. Халықаралық байланыстарды нығайту үшін Мәскеу бизнес-миссиялар ұйымдастырып, салалық көрмелерде туристік әлеуетін таныстырып, шетелдік туристерге бағытталған жобалар мен іс-шараларды іске асыруда.



