Ермек Маржықпаев Қазақстан туризмін TikTok желісінде дамыту бойынша ынтымақтастықты талқылады
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев TikTok өкілі және Орталық Азиядағы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі басшы Дмитрий Пылевпен кездесті. Әңгіме барысында тараптар танымал платформа арқылы Қазақстанда туризмді дамытуға бағытталған TikTok пен Kazakh Tourism арасындағы табысты әріптестікті талқылады.
Кездесуде негізінен Қазақстан бойынша көрікті мекендер, мәдени орындар мен гастрономиялық туризмге арналған жерлер туралы бейнегидтер түсіретін #ГидПоКазахстану атты ауқымды жобасына мән берілді. Дмитрий Пылев #ГидПоКазахстану хэштегін қазақстандық TikTok қолданушылары кеңінен қолданып, 2,5 миллионға жуық пайдаланушы 4000-нан астам бейне жариялағанын атап өтті.
Бұл – Kazakh Tourism мен TikTok желісі бірлесе іске асырған алғашқы жоба емес. Бұған дейін өткен жылы #TravelKazakhstan жобасын іске қосып, еліміздегі кәсіби гидтер платформаның танымал авторларымен бірлесіп Қазақстан бойынша экскурсия өткізген болатын. Сондай-ақ желі пайдаланушылары өздерінің сүйікті жерлеріндегі, туған қаласындағы көрікті мекендерді де бөлісе алады. #Travelkazakhstan хэштегі бар бейнелер 25 миллионға жуық қаралым жинаған.
Ынтымақтастық аясында Маңғыстаудағы наурыз онлайн фестивалі және блог-тур сияқты жобалар да іске асырылды. Бұл бастамалар ішкі туризмді дамытып қана қоймай, Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық аренада насихаттауға да оң ықпал етеді.
ҚР ТСМ Баспасөз қызметі