Абай облысында «Мейірім» акциясы іске асырылып жатыр
2024 жылғы ақпан айынан бастап Абай облысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында «Мейірім» акциясы өткізілуде.
Акцияны өткізудің мақсаты – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық тәрбиелеудің баламалы нысандарын насихаттау, сондай-ақ әлеуметтік-патронаттық қолдау көрсету үшін бизнес сектор өкілдерін тарту.
Бұл акция балаларға әлеуметтік дағдыларды алуға, дос табуға, көмектесуге, кеңес беруге, таңдау кезінде бағыттауға және алға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта облыстағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдардың 221 тәрбиеленушісіне патронаттық ұйымдар бекітілді. Бес ай ішінде балалардың шоттарына 21 млн. теңгеден астам қаражат аударылды.
23 жасқа толғаннан кейін балалар жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға, білім алуға немесе емделуге пайдалана алады.
Патронаттық ұйымдар балаларға барып кездесіп тұрады, сыйлықтар береді және олардың өміріне жан-жақты қатысуға атсалысады. Балаларды анықтап бекіту, шоттарды толтыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі