Бекзат Рақымов: «Опералия» фестиваліне қатысу – мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік»
Халықаралық аренада кеңінен мойындалған жас қазақстандық пианист Бекзат Рақымов 12 шілдеде К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында концертпен өнер көрсетеді. Фортепианолық музыка кеші ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Опералия-2024» халықаралық фестивалі аясында өтеді.
Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының түлегі Бекзат Рақымовтың шығармашылық жетістіктері Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Швейцария, Украинадағы беделді халықаралық байқаулардағы көптеген жеңістермен атап өтілгенін, оның ішінде В.Крайневтің Мәскеу халықаралық пианистер байқауы мен Astana Piano Passion байқауы да барын айта кетуіміз керек. Пианист 2016 жылы Astana Piano Passion байқауында «Астана Опера» театрының атынан арнайы жүлде ретінде К.Байсейітова атындағы Камералық залда өзінің алғашқы жеке концертімен өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған еді. Жас әртіс сол кезде жауапты өнер көрсетуге өзінің ұстазы Гүлжан Қазыбековамен бірге дайындалды. Сонда ол Бекзаттың сирек қасиеті – өзін тыңдата білетінін, бала кезінен сахнада өзін кемел музыкант ретінде көрсеткенін атап өткен.
– Бекзат көп дайындалып, өзінің табиғи дарынын үнемі жетілдіріп отырады, әрдайым шығармашылық ізденісте жүреді. Сегіз жасынан бастап байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Дыбысталудың сан алуандылығы мен нәзіктігі, орындау дәлдігі мен тазалығы оның шығармашылық мінез-құлқына тән. Соған қарамастан Бекзат өте қарапайым, ол өз сезімдерін ойын кезінде білдіргенді жөн көреді, – деді Гүлжан Қазыбекова концерт алдында.
Бүгінде Бекзаттың сахналық өнер көрсетуде тәжірибесі мол: әйгілі музыканттың ойынына Қазақстан қалаларындағы және басқа да елдердегі жетекші залдарда көрермендер бірнеше мәрте қол соққан. Ал «Опералия» фестиваліндегі концерті үшін Бекзат Рақымов Йозеф Гайдн, Фридерик Шопен, Ференц Лист, Сергей Рахманинов, Энрике Гранадостың шығармалары енген ауқымды әрі сан алуан бағдарламаны дайындады.
— Осынау өнер көрсету үшін бағдарламаны құрған кезде мен бірнеше маңызды талаптарды басшылыққа алдым. Ең алдымен, мен өзімнің орындаушылық мүмкіндіктерім мен әртістік диапазонымды мейлінше ашып көрсететін туындыларды жинағым келді. Бұдан бөлек, композиторлардың төл белгілері аталатын әйгілі туындыларын танымалдылығы аздау, алайда маңыздылығы соншалықты зор әрі қызықты шығармалармен үйлесімді байланыстырғым келді. Бұл көрермендерді өткен дәуір шеберлері шығармашылығының сан алуан қырларымен таныстыруға мүмкіндік береді. Және үшіншіден, мен бағдарламаны тыңдармандарды өзінің желісімен, кереғарлығымен және драмалығымен баурап алып, біртұтас, ойластырылған әсер қалдыратындай етіп құруға тырыстым, — деп мәлімдеді Бекзат Рақымов.
Түрлі халықаралық сахналарда өнер көрсеткенде әртіс үшін музыканы өзінің бар тереңдігінде және эмоциялық мәнерлілігінде жеткізу айрықша маңызды. – Әлбетте, концерт залдарының акустикасы мен техникалық сипаттамасына ыңғайлануға тура келеді, десе де мұндай қалыпты істі, кәсіби міндетті ойдағыдай атқарып келемін. Туындыға бойлауға, оның нюанстары мен нәзік реңктерін сезінуге тырысамын, сол кезде музыканың әмбебап тілі кез келген көрерменге түсінікті болады, — деді Бекзат.
— Осынау айтулы фестивальге қатысу – мен үшін үлкен абырой әрі зор шығармашылық жауапкершілік. Мұндай беделді сахнада көпшіліктің алдында өнеріңді паш ету – өзің жайлы әлемдік деңгейде жар салуға бірегей мүмкіндік алу, жаңа тыңдармандар табу деген сөз. Бұл шақыруды менің жетістіктерімнің мойындалуы, сондай-ақ әрі қарай дамуға және жетілуге ынталандыру деп есептеймін, — деп қорытындылады пианист.