Қонаевта ветеринариялық станцияларға 15 автокөлік кілті табыс етілді
Ветеринария саласы қызметкерлері күніне орай Қонаевта жаңа көліктердің кілттері табысталып, үздік мамандар марапатталды.
Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Ветеринария саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күні сала ардагерлері мен жас мамандарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Іс-шара барысында 4 облыстық, 11 аудандық және қалалық ветеринариялық станцияларға жаңа автомобильдердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді.
«Ветеринарлардың жұмысы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ветеринарлық мамандарға ауыл шаруашылығы өнімдерінің тазалығы үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Облыста ветеринариялық медицина саласына көп көңіл бөлінеді: штаты 1071 қызметкері бар облыстық ветеринариялық станция құрылды; жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация және серологиялық зерттеулер жүргізілуде. Жануарлар мен адамның жұқпалы ауруларының алдын алу үшін өңірде 1500-ге жуық ветеринарлық қызметкер бірлесіп жұмыс істейді. Жыл басынан бері облыста жануарлар мен құстардың 16 түрлі аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар 89% орындалды. Биыл эпизоотияға қарсы іс-шараларға жұмсалатын шығындар 4 миллиард 997 миллион теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26% — ға артық», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.
Ағымдағы жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларға 5 млрд теңге жұмсалады. Жылдан жылға ветеринариялық-санитариялық объектілерді салуға ақшалай қаражат ұлғаюда. Ветеринарлық мамандарға жалақыны көтеру үшін қосымша қаражат бөлініп, жалақы 20% — ға ұлғайтылды. Жалақыны көтеру есебінен шалғай ауылдарда ветеринарлық мамандарды жұмысқа орналастыруға, олардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыру көзделген.
Балқаш ауданы, Құйған ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі, 38 жыл жұмыс өтілі бар Айгүл Дүйсенбекова Премьер-Министрден Алғыс хат алды.
«Бүгін біз алғаш рет кәсіби мерекемізді атап өтудеміз. Барлық әріптестерімді құттықтап, зор денсаулық тілеп, өз ісіне адал болып қалғанын тілеймін», — деді Айгүл Дүйсенбекова.