Қазақстан Паралимпиада ойындарының 21-ші лицензиясына ие болды
Халықаралық Паралимпиада комитетінің үш жақты (bipartite) комиссясының шешімімен қазақстандық пара спортшы Севда Алиева Париж-2024 Паралимпиада ойындарының пара оқ атудан лицензия иегері атанды. Севда 10 метрге P2 пневматикалық тапаншамен ату дисциплинасында өнер көрсетеді.
Пара оқ атудан бұл осымен Қазақстанның екінші лицензиясы. Бұдан бұрын осы спорт түрінде алғашқы лицензияны Еркін Ғаббасов әлем кубогында пневматикалық мылтықпен атудан R1 дисциплинасында жеңіп алған болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Паралимпиада ойындарына спорттың 8 түрінен 21 лицензиясы бар. Олардың ішінде: пара пауэрлифтинг (5), пара жеңіл атлетика (3), пара жүзу (4), волейболды отырып ойнау (1), пара үстел теннисі (1), пара таеквондо (3), пара каноэ (2) және пара оқ ату (2).
XVII жазғы Париж-2024 Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Жарыста 23 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы ойнатылады.