Абай облысында биыл жазғы лагерьде 4000-нан аса бала демалады
Осы жазда Абай облысында 8 мемлекеттік сауықтыру лагері мен 5 жекеменшік қала сыртындағы лагері өз есігін ашты. 12 лагерьдің 2-еуі мемлекеттік тапсырыс бойынша ауысымдарын аяқтап үлгерді.
«Радуга» және «Жас Қанат» балалар сауықтыру лагерьлерінде 7 мен 15 жас аралығындағы балалар демалады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова қала сыртындағы лагерьлерде әлеуметтік осал санаттағы 4043 баланың толыққанды демалысын ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен 242,58 млн теңге бөлінгенін атап өтті.
«Жас қанат» лагері 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Ең бірінші кезекте жағдайы төмен, аз қамтылған, әлеуметтік көмек алатын отбасы оқушыларын камтиды. Лагерь жетекшісі, дене шынықтыру маманы, музыкант, аға тәлімгер, медбике, аспазшылар, жиыны 19 кызметші бар.
Балалардың демалысын қызықты да тиімді, көңілді өткізу максатында жоспар құрылған. Атап айтсақ, «Нептун куні», спорттык іс шаралар, «жұлдызды жұп», «ертегілер еліне саяхат», «жарасымды жұп» сиякты іс шаралар өтеді. Лагерьдегі демалушылар үш топқа бөлінеді, әр топқа тәрбиеші тағайындалған.
Мұнда балалар ашық аспан астында бассейнде жүзіп, ойын алаңдарында ойнап, әр түрлі тақырыптағы іс-шараларға қатысады. Биыл лагерь 5 маусымда 400-ден астам оқушыны қабылдайды. Балалар бес уақыт тамақтанады, әр күнге арналған арнайы мәзір бар. Сондай-ақ қауіпсіздік бірінші орында: лагерь аумағында бейнекамералар орнатылған. Балалар үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған: душ, монша, асхана, клуб және түрлі ойын алаңдары.
«Радуга» лагері биыл 400-ден астам бала қабылдайды. Күн сайын балалар көркемдік-эстетикалық, спорттық және музыкалық бағыттар бойынша үйірмелерге қатысады. Әсіресе «Мобилография негіздері», «Макияж негіздері» және бисер тоқу сабақтарына қызыға қатысады. Жоспар бойынша таңертең шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады, ал кешке балалар ойындарға, квесттер мен спорттық эстафеталарға қатысады. Балалар түрлі ел мәдениетімен танысады, асық атып, арқан тартысып жарысады, түрлі конкурстарға да қатысады.
Балалар үшін лагерьде би кеші ұйымдастырылады. Музыкалық кештер әр түрлі стильде өтеді: ақ, қара, жұлдыздар, «пижама кеші», «90-шы жылдардағы стиль», «керісінше стилі» және Хэллоуин.
Анықтама: осы жазда екі айдың ішінде 2943 бала демалып үлгерді, оның ішінде 1869 бала әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. Маусымның соңына дейін тағы 2000-ға жуық бала демалады, оның ішінде 415 ауылдық бала «Қазақстан халқына» жобасы бойынша.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі