Алматының Медеу ауданында биыл 43 мыңнан астам жол төсемі жөнделді
Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында аудандағы жол инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жұмыстары туралы айтты.
Қала басшысы жыл соңына дейін 64 мың шаршы метр жол төсеміне ағымдағы жөндеу жүргізілетінін, қазір 43,3 мың шаршы метр асфальттың жөнделгенін мәлімдеді.
«Сондай-ақ, 26 көшедегі 23 км жолды орташа жөндеу жоспарланған, оның 6,6 км жолы қазірдің өзінде жөнделді. Бұған қоса, 14,3 км тротуар және 17 км арық желісін салу жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты қараша айында аяқтау жоспарланып отыр», — деді Ерболат Досаев.
Қоғамдық көлік қызметінің сапасына тоқталған Алматы әкімі 2024 жылы 21 маршруттағы автобустар жаңартылып, жылжымалы құрамның саны 280-ден 351-ге дейін көбейгенін айтты.
Жалпы, Алматыда биыл орташа жөндеу жұмыстары 250 км болатын 274 көшені қамтиды. Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 92%-ға дейін жеткізу көзделген.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен газбен жүретін 600 автобус, 100 электрлі автобус және 112 троллейбус сатып алынады. Жеке автопарктер биылғы бірінші жартыжылдығында газбен жүретін 150 автобус пен 15 электрлі автобус сатып алды.
Осылайша, 2024 жылы экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 53,7%-дан 70%-ға дейін артады, ал пайдалану мерзімінің орташа ұзақтығы 3 жылдан 2,5 жылға дейін қысқарады.
Бұған қоса, 500 келушіге арналған жаңа емхана салу және «Алатау» қалалық ауруханасы мен №2 емхана ғимараты жаңғыртылмақ. Бұл шаралар қазір ауданның 5 емханасына жүгінетін 3 мыңнан астам пациенттің сапалы медициналық қызмет алуына септігін тигізеді.