«Астана Опера» театрының жазғы демалыстағы жетістіктері

Елордалық «Астана Опера» әртістері жанға жайлы іс пен пайдалы шаруаны қатар алып жүруді бұрыннан дәстүрге айналдырған. Осы жаздың өзінде театрдың бірқатар солистері шығармашылық гастрольдерінің географиясын кеңейтіп қана қоймай, шетелде шеберліктерін шыңдап келді.

Мәселен, «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов бір ай бойы  Италияның Кремона қаласында тәжірибеден өтті.

– Кремонада алғаш рет 1997 жылы болған едім. Сол кезде бұл қаланы бірінші рет көргенімде қайран қалдым. Қала скрипканың пішіні тәріздес жасалған екен, яғни ғарыштан қарағанда қаланың суреті ішекті аспапты еске түсіреді. Мұнда келгенде әрдайым ең керемет әсерде боламын, өйткені Кремонада өзімді үйде жүргендей сезінемін. Бір жағынан скрипкашы ретінде аспабымда ойнай алсам, екінші жағынан өз қолымен аспап жасай алатын адам ретінде де тынысым ашылады. Бұл ай мен үшін өте нәтижелі болды. Страдивари, Гварнери мектептерінің және Кремонада 4 ғасыр бұрын өмір сүрген басқа да үздік шеберлердің дәстүрлері бойынша аспап жасаудан шеберлігімді шыңдадым. Күн сайын  Cremonensis академиясында Лука Мариа Галло, Даниель Цульяно сынды үздік шеберлердің бақылауымен тәжірибеден өттім. Олар мені бағыттап, аспапты қалай жақсырақ жасауға және қайта қалпына келтіруге болатыны жайлы кеңестерін берді. Сондай-ақ өзімнің  досым, әлемдегі үздік үш реставратордың бірі Клаудио Амигеттимен де жолығудың сәті түсті. Ол сексеннің сеңгірінен асса да, ештеңені ұмытпай, өз ісімен айналысуды жалғастырып келеді, – деді Б.Әбілханов.

– Әлбетте, бұрынғы кезге қарағанда қазір аспаптарды жасау анағұрлым жеңіл, себебі белгілі бір контраформа бар. Ол кезде де ұлы шеберлер контраформа бойынша жасаған. Барлық бөліктер контраформаға жапсырылып, сосын ақырындап ернеушелері жасалады, ернеушелерден кейін жоғары және төменгі декалары, яғни беттері дайындалады. Бұл елітіп әкететін өте қызықты жұмыс. Тәуліктің небәрі 24 сағатпен өлшенетіні өкінішті-ақ, өйткені уақыт бұдан да көп болса, әрине неғұрлым көбірек ойнауға және көп аспап жасауға үлгеруге болатын еді. Сондай-ақ Кремонада болғанымда менің бірнеше рет Cremonensis академиясының залында өнер көрсетуге мүмкіндігім болды. Озық шеберлер өздерінің аспаптарын әкелетін, сөйтіп олардың аспаптарында да ойнадым, – деп пікірімен бөлісті дәулескер скрипкашы.

Ал «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Айгерім Бекетаева жуырда ғана Мексикадан оралды. Қазақстандық балет бишілері 11-13 тамызда Мехико, Тескоко және Пуэбла  қалаларындағы жетекші сахналарда  Elisa y Amigos («Элиза және достар») атты жұлдызды гала-кештерде өнерлерін паш етті.

– Мені Мексикаға достарым – Берлин мемлекеттік балетінің примасы мен премьері Элиза Каррильо Кабрера және Михаил Канискин арнайы шақырған еді. Маған ол жаққа бидегі жұбымды өзім ертіп апаруға мүмкіндік берілгеннен кейін, «Астана Операдағы» әріптесім жетекші балет солисі Айгерім Бекетаеваға бірге өнер көрсетуге ұсыныс айттым. Біз А.Хачатурянның «Спартак» ба­ле­тінен адажионы және Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-дені таныстырдық. Көрермендер бізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Бірінші күні біз Элиза Каррильо Кабрераның концерт залында болсақ, ал екінші күні Мексиканың таулы жерінде биледік. Жалпы, бұл ел теңіз деңгейінен біршама биікте орналасқандықтан, билеу кезінде өкпе қатты қысылады екен. Сондықтан биіктікте билеп демалу мен үшін жаңа тәжірибе болды, – деп пікірімен бөліскен Б.Адамжан өздерімен бірге бұл гала-кештерде Италия, Нидерланды, Германия, Мексика және басқа да елдерден әріптестері өнерлерін паш еткенін атап өтті.

Еске сала кетейік, «Астана Опера» театрының премьері Бақтияр Адамжан жаз басталысымен Ресейде М.П.Мусоргский – Михайловский атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, одан кейін Түркияға шығармашылық сапармен барды.  Осы күзде оны Ресей, Моңғолия, Жапония мен Қытайда өнер көрсетулер күтеді.

Сондай-ақ жуырда балет труппасының солистері Серік Нақыспеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова Ресейдің Астрахань қаласында «Каспий маусымдары – 2024» халықаралық классикалық өнер фестиваліне қатысып келді. Дарынды балеттік жұп 17 тамызда көрермендерге Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» балетінен адажионы таныстырды.

Кремльдің Собор алаңында Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Түркіменстан, Өзбекстан мен Беларусьтің танымал опера және балет жұлдыздарының басын қосқан осынау ғаламат концертке «Астана Опера» театрының сахна шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаевтың да қатысқанын атап өтуіміз қажет. Опера әншісі Каспий маңы мемлекеттері симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен П.И.Чайковскийдің «Пиковая дама» операсынан князь Елецкийдің ариясын және А.Жұбанов, Л.Хамидидің аттас операсынан Абайдың ариясын орындады. Сонымен қатар, қазақстандық әртістер Астраханьдағы мәдениет пен өнер мекемелерінің тәрбиеленушілеріне арнап шеберлік сағаттарын өткізді.

17 тамызда «Астана Операның»  тағы бір солисі, Ресейдің «Культура» арнасындағы кәсіби опера әншілерінің «Большая опера» халықаралық телевизиялық жобасының жеңімпазы Дінмұхамед Көшкінбаев Ярославль қаласында өткен «Преображение» өнер фестиваліне қатысты.

Қорыта айтқанда, биылғы жаз «Астана Опера» әртістері үшін өте жемісті болды. Енді олар тың күшпен және шалқар шабытпен өздерінің сүйікті істеріне кіріседі, себебі алда шығармашылық ұжымды театрдың жаңа 12-ші маусымы, яғни жаңа әсерлер, талғампаз   көрермендермен қызықты кездесулер, премьералар мен гастрольдік өнер көрсетулер күтуде!