«Астана Опера» солисі Әлихан Зейнолла Италияда басты партияда дебют жасады
Елордалық «Астана Опера» театрының солисі, Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлегі, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әлихан Зейнолла тамыз айының соңында Италияның Пезаро қаласындағы Дж.Россини атындағы театрда «Реймске саяхат» спектаклінде Граф Либенсковтың басты партиясында дебют жасады.
— 2022 жылы мен Қырғызстан астанасына айтулы концертке шақырылған едім. Ол жерде оркестрдің сүйемелдеуімен Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан каватинаны және Ж.Бизенің «Інжу іздеушілер» операсынан әйгілі романсты орындадым. Сөйтіп, менің орындауымды Дж.Россини фестивалінің директоры Эрнесто Паласио мырза тыңдап, мен өзімнің агентім В.Федели мырза арқылы Пезаро қаласындағы (Италия) Дж.Россини академиясына шақырту алдым. Академиядағы оқу бағдарламасына шеберлік сағаттарының топтамасы кіреді, олардың біреуін мен әлемге әйгілі тенор Хуан Диего Флореспен бірге жасадым. Сондай-ақ Дж.Россинидің «Реймске саяхат» көлемді италиялық операсындағы дебютім және Италиядағы тағы бірнеше маңызды концерттер осы оқу барысындағы жетістігім болмақ, — деді тенор Әлихан Зейнолла.
Айта кету керек, академиядағы оқу барысында әлемнің түрлі елдерінен барған 4 тенордың арасында Э.Паласио Әлихан Зейнолланы бірінші құрамда Граф Либенсковтың партиясында дебют орындауға таңдап алған. Академияда білім алумен қатар, қазақстандық тенор Градара, Ферминьяно, Урбино, Пезаро қалаларында концерттік бағдарламалармен өнер көрсеткен.
— «Реймске саяхат» операсы бойынша музыкалық және сахналық дайындықтар күн сайын Россини театрында, Эксперименттік театрда және Скаволини Аудиториумында итальян тілінде дирижер Давиде Левимен және халықаралық деңгейдегі пианист-коучтермен бірге өтті. Спектакльдің премьерасы тамыз айының соңында зор жетістікпен өтті, — деп пікірін қосты «Астана Опера» солисі Ә.Зейнолла.
Еске сала кетейік, академияда тағылымдамадан өту кезінде Әлихан Румынияға «Севильдік шаштараз» операсының қойылымында Граф Альмавиваның партиясын орындауға шақырылған еді. Бұдан бөлек, ол Будапеште «Stabat Mater» үлкен мессасында өнер көрсеткен. Сондықтан осы өнер көрсету дарынды тенордың үшінші еуропалық дебюті болды.