Kazakh Opera Gala «Астана Операда» XII театр маусымын ашады
«Астана Опера» 7 қыркүйекте XII театр маусымын мазмұны мол, түрі бай ұлттық операларымызды айшықтайтын Kazakh Opera Gala концерттік бағдарламасымен ашпақ. Театрдың бас дирижері, бағдарлама авторы Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестр және опера солистері отандық классиканы орындау шеберлігін паш етпек.
Қазақ операсының тамырын сонау XX ғасырдың басынан алатын бай тарихы бар. Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев және басқа композиторлар өз дәуірінің мәдени және әлеуметтік шындығын бейнелейтін шығармалар жазып, қазақ операсының бастау алуы мен дамуында шешуші рөл атқарды. Олардың операларында жиі ұшырасатын халық музыкасының элементтері арқылы Ұлы дала үні опера сахнасында шарықтады. Ал биыл музыка сүйер қауым жүз жылдығын атап өтетін Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова, Базарбай Жұманиязов, Еркеғали Рахмадиев сынды кейінгі буын композиторлары шығармаларының концерттік бағдарламаға енуі 20-ғасырдың екінші жартысындағы қазақ операсының даму жолын көрсетеді.
— Бұл жоба біздің музыкаға құштар ата-бабамызға, опералық мәдениетімізді қалыптастырған ұлы тұлғаларға, алғашқы классик композиторларымызға, бірегей құбылыс тудырған қазақ операсының негізін қалаушыларға, сондай-ақ оның беделін нығайтқан кейінгі буын өкілдеріне шексіз құрмет пен зор алғыстың белгісі болып табылады. Композиторларымыз жандыра жазды, жүректен жазды, асқан сүйіспеншілікпен жазды және өз музыкасына ең шынайы да жалынды әуендерді қосуға, халқының мұң-шерін, бастан кешірген орасан көп күйінішін бейнелеуге тырысты. Қайталанбас халық нақыштары мен әуендері тамаша оркестрлік орындауда ерекше әуелесе, «Құрманғазы» операсындағыдай бірегей дала күйлері екпіндете еседі, ал Мұхтар Әуезовтің, Сәкен Сейфуллиннің классикалық қазақ әдебиетіндегі асқақ бейнелері Ғазиза Жұбанованың өткір драмалық музыкасында немесе Сыдық Мұхамеджановтың шынайы лирикасында сахналанған кезде терең әсер қалдырады», — дейді жоба авторы, маэстро Алан Бөрібаев.
— Сондай-ақ концертіміз операмызды ұлы композиторлармен бірлесе құрғандардың бәріне, көптеген шығармалардың алғашқы орындаушылары болған әрі авторларын көзі көрген дирижерлер, әншілер, музыканттарға деген сүйіспеншілік пен алғыстың көрінісі болып табылады. Бұл концерт – бүгінде операмыздың өзіндік бет-бейнесін қалыптастырған Манарбек Ержанов, Қанабек және Күләш Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Әнуарбек Үмбетбаев, Абай Байтоғаев, Ришат және Мүслім Абдуллиндер, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Байғали Досымжанов, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Эра Епонешникова, Бибігүл Төлегенова, Нариман Қаражігітов, Мұрат Мұсабаев, Шора Үмбеталиев, Рахима Жұбатұрова, Хорлан Қалиламбекова, Әлібек Дінішев сынды сахнамыздың аңыз адамдарының, тарихи премьералардың алғашқы дирижерлері Григорий Столяров, Леонид Шаргородский, Ғазиз Доғашев, Валерий Раттер, Тұрғыт Османов, Фуат Мансұров, Төлепберген Әбдірашев және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың шығармашылығына тағзым. Біздің концертіміз – бұл өзіміздің түп тамырымызға оралу, — деп түйіндеді сөзін маэстро.
Концертке дауысымен қазақстандық және шетелдік көрерменді баураған «Астана Опера» опера труппасының жетекші солистері, сондай-ақ әрқашан жоғары деңгейде өнер көрсететін театрдың тамаша симфониялық оркестрі қатысады.
Kazakh Opera Gala «Астана Операның» алдағы қызықты да сан түрлі XII театр маусымының шымылдығын ашады. Осы бағдарлама арқылы театр Қазақстанның музыкалық мұрасын сақтау мен насихаттаудағы көшбасшы рөлін жалғай түспек.