Абай облысының оқушылары компьютерде ойнайтын ұлттық ойын түрлері концепциясын жасап шығарды

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің оқушылары ұлттық ойындардың компьютерлік нұсқасын әзірлеу бойынша бірегей жоба – QGAMES платформасын жасап шығарды. Жобаның мақсаты – отандық геймдев индустриясын дамытуға үлес қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Платформа қазақтың ұлттық спорт түрлерін заманауи форматта ұсынады, бұл ойындардың жас ерекшеліктеріне қарамастан барша халыққа қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

Жоба авторларының айтуынша, бүгінгі таңда балалар көбіне шетелдік ойындарды ойнайды, бұл ұлттық құндылықтар мен ұлттық болмысқа теріс әсерін тигізуде. Осы себепті, олар ұлттық спорт түрлеріне арналған ойындарды біріктірген жобаны әзірлеуді қолға алған.

QGAMES платформасында «Қазақ барысы», «Асық Ату», «Күн патшалығы», «Жамбы ату» және «Сәт сапар» сияқты ойындар енгізілген. Бұл ойындар балалардың уақытты тиімді өткізуіне, сонымен қатар ұлттық тарих пен құндылықтарды тереңірек тануға мүмкіндік береді. Мысалы, «Жамбы ату» ойынында ат үстінде садақ атуды меңгеруге болады, бұл жоба FLL жарысында Сингапурде бас жүлде иегері атанған.

Оқушылардың алғашқы ойыны – «Сәт сапар», облыстық жарыста 100 000 теңге көлемінде жүлде жеңіп алған. «Қазақ барысы» ойыны жасанды интеллект арқылы жасалған кейіпкермен ерекшеленеді, ал «Күн патшалығы» ойынында жасанды интеллект боттарға дұрыс жол табуға көмектеседі. «Асық ату» ойынының басты мақсаты – садақты қолдану арқылы нысанаға дәл тигізу. Бұл ойын Роблокс платформасында жасалған.

Жобаның негізгі авторлары: 10-сынып оқушылары Әділхан Әлішер, Ибрагим Арыстан, Түкен Жалғас және Анарбеков Нұрдәулет. Жетекшісі – математика және робототехника пәнінің мұғалімі Асқарбек Сәкен.

Айта кетейік, бұған дейін оқушылар өз жобаларын Түркияда өткен чемпионатқа ұсынып, жүлделі орындарға ие болған.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі