Астанада жамбы ату туралы тарихи кітап жарық көрді
«Жамбы ату» республикалық федерациясы этнограф-ғалым Бекен Қайратұлының «Жамбы ату» тарихи кітабының тұсауын кесті. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған кітап қазақтың ұлттық спорты жамбы ату тарихын баяндайды.
Автор туындыны жазу барысында қазақ диаспорасы көп шоғырланған Моңғолия мен Ресей секілді елдерде арнайы зерттеу жүргізді. Бұл елдерде тұратын қазақтардың арасында қазақ халқының салт-дәстүрлері, соның ішінде жамбы ату (ат үстінде садақ ату) жақсы сақталған. Автор мәдени мұраны сақтау үшін бұл спорт түрінің маңыздылығына тоқтала келе, садақ ату өнерінің атадан балаға қалай жалғасып жатқанын зерттеген.
Кітапты жазу және басып шығару Республикалық жамбы ату федерациясының демеушісі «Alageum Electric» компаниялар тобының қаржыландыруының арқасында мүмкін болды. Тұсаукесер кезінде федерация президенті Еркебұлан Ілиясов бұл еңбектің еліміздің мәдени мұрасын сақтау үшін қаншалық маңызды екенін атап өтті.
«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама спортшылары үздік нәтиже көрсетті. Бұл ұлттық спортымыз жамбы атудың мықты салғанының белгісі деуге болады. Бекен Қайратұлының кітабында жамбы ату тарихы туралы тың деректер бар. Біз әлеуметтік жауапты компания ретінде осындай жобаларды қолдау арқылы халқымыздың озық дәстүрлері мен деректерін сақтауға ұмтыламыз. Бұл ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, өз Отанын сүйетін ұрпақты тәрбиелеуде орасан зор маңызға ие», – деді Еркебұлан Ілиясов.
Бекен Қайратұлы – 1963 жылы 28 қаңтарда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Қобданқол ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 1995 жылдан бастап аудандық газеттен астаналық басылымға дейін жұмыс істеген. Шығармалары «Ақордалы Астана», «Бағаналы орда басты орда» атты жинақтарға енді. Сондай-ақ Бекен Қайратұлы «Тіл және қоғам» журналына бірнеше жыл бас редактор болып, еліміздегі мемлекеттік тіл мәселесі жайлы өзекті жұмыстарға ат салысты.
2009 жылы Қазақстан Журналистер Одағы «Жылдың үздік журналисі» атағымен наградтады. Дәл сол жылы «Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері» атағына ие болды.
2010 жылдан бастап «Оян. Намыс.кз» журналын басқарып, «Намыс. кз» сайтында редакторлық қызмет атқарды. Кейінірек Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қалалық филалында жетекші болып қызмет етті. 2018 жылдан бері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып жұмыс істейді. Кітаптың әрқайсы 500 тираждан басып шығарылған.
Қосымша ақпарат «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі